Жаңалықтар

Концерт залы мен музей салынатын орында демонтаж жұмыстары басталды

Атырау қаласы «Нұрсая» шағынауданындағы бұрынғы концерт залы мен моншаға бөлінген жер телімдері біріктіріліп, орнына 1200 орындық концерт залының және облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау жұмыстары басталды. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Жоба екі кезеңнен тұрады. Жоспар бойынша оның біріншісінде – концерт залы мен монша-сауықтыру кешенінің қазіргі ғимарттары бұзылады. Нақтырақ айтқанда, жоба бойынша мұнда демонтаж жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмысты мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс қорытындысымен жеңімпаз болып танылған мердігер кәсіпорын – «ARSM» ЖШС атқаруда. Демонтаж жұмыстары осы жылдың қараша айына дейін аяқталуы тиіс. Екіншісінде – 1200 орындық концерт залы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында жаңадан жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтап, мемлекеттік сараптамадан өткізу көзделген. Қазіргі уақытта жоба әзірленуде. Жобалаушы ретінде
«Engineering Center Ltd» ЖШС бекітілді. Содан соң құрылыс жұмыстары басталады. Мердігер мекеме конкурстан кейін анықталады» делінген хабарламада.


Сіз не дейсіз?
Абылай ШӘРІПОВ,

мердігер мекеменің қауіпсіздік техникасы жөніндегі маманы:

–Мұндай жұмыстарды бұған дейін де атқарғанбыз. Әйтсе де, әрбір шаруаның өзіне тән ерекшелігі, қиындығы мен күрделі тұстары болады. Осы орайда, біздің серіктестік ұжымына жүктелген міндет жүгі де жеңіл деп есептемеймін. Жұмыс көлемі көп, ауқымды. Әсіресе, кезінде негізгі қабырғалары
түрлі өлшемдегі металл құрастырмаларынан құйылып, қаланған осындай ғимараттарды бұзып, жаңа нысан құрылысына дайындау – өте жауапты да қауіпсіздікті қатаң сақтауды қажетсінетін жұмыс. Ол үшін қарапайым ережелерді қаперден шығармай, нұсқаулықтарды басшылыққа алып жүруді ұмытпауымыз қажет. Сонда ғана тапсырылған жұмысты межеленген мерзімінде, абыроймен орындап шығатынымызға сенімдімін.

Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button