85318 1

Қазақ тілінің ҚАДІРІ қайтсе артады?

Жаңалықтар

Atr.kz/17 қыркүйек, 2019 жыл.  Қазақ ұлтының ұлтшыл азаматтары ең бірінші саяси әлеуметтік бостандықтың бастауы ретінде ана тіліміздің азаттығы үшін күреске баса назар аударды.

1905 жылғы Ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы қадамында Алаштың ардақты азаматы Әлихан Бөкейхановтың қазақ тіліне бостандық берілуін көтеруі тектен-тек емес.

1989 жылдың 22 қыркүйегінде еліміздің тарихында тұңғыш рет «Тіл туралы» заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ал, тәуелсіздік орнағаннан кейін, 1995 жылы Конституция қабылданған соң өмірге келген 1997 жылғы «Тіл туралы» заңы да бекітілгені белгілі.

Содан бергі жиырма екі жылда мемлекеттік тілді қоғамдық өмірде дамыту және қолдану бағытында елеулі жұмыстар жүзеге асты. Бұрын қасаң тартқан мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдары қазақ тілі төңірегінде оң өзгеріске бет бұрды. Білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында да елеулі өзгеріс байқалды. Білім беру жүйесінде қазақ мектептерінің саны артты.

 Алайда, қайта құрудан басталған тіл үшін күрес, ұлттық рухтың қарқыны егемендікке жету мен тәуелсіздік алудан әрі өрісті дамытылмады. Елімізде белсенді құрылған және көп істерге ұйытқы болған «Қазақ тілі» қоғамдары көп ұзамай жаппай ұйқыға кетті.

 Ең өкініштісі, 1995 жылғы Ата Заңның 7-бабындағы «1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі», сондайақ 1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі»  – деген құқықтық нормалар тиісті жұмыс істемей отыр.

 Біз әлі, мемлекеттік тілде сөйлемейтін түрлі билік баспалдақтарын «заңсыз құрылым» деп есептейтін әлемдік тәжірибені қабылдай алмай отырмыз.

Осы арада өткен ғасырдың 30-шы  жылдарындағы қазақ зиялыларының қайсар мінезі еске түседі. Белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты өмірбаяндық кітабында Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтың өз кабинетінде өткізген бір мәжілісін мысалға келтіреді: «Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич (қарағандылық Орлов) орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтың қара көздері ұшқындап кетті. Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырыс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас! Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егер де мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемексіз бе?» – дейді.

Бұл осыдан сексен жылдан астам уақыт бұрын қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы конституциялық қағида да, заң да жоқ болғанымен ұлттық рухы күшті Алаш ардақтыларының ашық әрекеті болатын. Оларға мемлекет иесі қазақтың өзі тұратын кеңістікте ана тілі үстем болуға тиісті деген көзқарас ортақ еді. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты мен оның саяси жалғасындай болған тоталитарлық кеңестік жүйе жағдайында толыққанды мемлекеттілік пен өркениетті ұлт ретінде қалыптаса алмағанымызды батыл жоюдың орнына, Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да ұлтымыз үшін аса маңызды рухани салада, әсіресе тілдік мәселеде өзімізге-өзіміз кедергі жасап келеміз. Республикадағы ана тілдік кеңістікте қаншама қайшылықты жағдайларға әкелген 1938 жылғы 13 наурызда БКП (б) Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссариатының «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулы қабылданғаннан сексен жылдан астам уақыт өтсе де, сол кездегі кейбір жағдайды бүгін де қайталап отырмыз.

Мәскеуде қабылданған қаулыға бір ай да толмай жатып, яғни 5 сәуірде Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті мен ҚССР Халық Комиссариаты кеңесі жоғары органдардың шешіміне сәйкес кешенді іс-шара қабылдағанда сол кездегі өздеріміздің ұсыныстарымыздың ішінде жаратылыстану пәндерін орысша оқыту туралы да пікір болып еді. Бірақ, мұның теріс шара екендігі көп ұзамай дәлелденіп, ұсыныс пайдаға аспай қалған болатын. Біз әуелі жаратылыстану бағытындағы төрт пәнді ағылшынша оқытамыз деп дауыстап едік, кейін сәл шегініс жасадық. Осының өзі арада сексен жыл өтсе де, біздің ұлттық санамызда сапалы өзгерістің бола қоймағандығын байқатады. Қазіргі ана тіліміздің алға жылжи алмай отырғанының бірнеше әлеуметтік себептері бар. Біріншіден, қоғамымызда ұлттық тілді қалыптастыратын әлеуметтік орта әлі жетімсіз, әлсіз, тіпті жоқтың қасы. Дәстүрлі отбасы бұзылып, нағыз тәлім-тәрбие алатын әлеуметтік ортаның жүдеулігінен ұлқыздарымыз өз ана тілінде еркін сөйлеуге мүмкіндік ала алмай отыр; Екіншіден, ұлттық құндылықтарымызды ғасырданғасырға жалғастырушы, ұрпағымыздың тәлім-тәрбиесінің тағдыры тапсырылған аналарымыз, әсіресе кешегі кеңестік кезеңнің белсенділері болған, бүгінгі әжелер мен жас аналар өз тілінде сөйлей бермейді. Тіпті, қазір «қазақ мектептері латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшеді»  дегенге қатты үрейленген жас ата-аналар балаларын орыс мектептеріне бере бастады; Үшіншіден, бүгінгі жастарымыз қазақ тілді хабарларды сирек көреді, қазақтілді кітап, басылымдарды оқи бермейді. Олардың күнделікті қарым-қатынас құралы көбіне орыс тілі, пайдаланатындары өзге тілдердегі түрлі техникалық және ойын құралдары болып келеді;

Осыған орай, өзіндік ұсыныс-пікірлерімді білдіргенді жөн көріп отырмын. БІРІНШІДЕН, Қазақ елінің жас ұрпағы балабақшада, мектепалды даярлық топтарында, бастауыш мектепте білім мен тәрбиені тұла бойына ана сүтімен сіңген тек қана қазақ тілінде алуы қажет. Таяу және алыс шет мемлекеттердің тілдерін V-VІ кластан бастап үйренсе де меңгеріп кете алады. Себебі, қазақ халқының жас өрені тілді меңгеруде дарынды, қабілетті, талантты екендігі дәлелденген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында «мектептерде ағылшын тілін оқытуды V-ші кластан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын», – деген пікірі біздің ойымызды толық қуаттап тұрғандай;

ЕКІНШІДЕН, 2019 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің жоғары кластарындағы физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады деген «дүрбелең» сәл-пәл саябырсыды. Дегенмен, биылғы оқу жылынан бастап осы пәндердің біреуі ата-аналардың келісімімен, әрі мектеп әкімшілігінің шешімімен ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Егер осылай болса, пәнге қатысты ең басты ұғымдар мен түсініктерді ғана ағылшын тілінде беріп, негізгі тақырып мазмұны қазақ тілінде түсіндірілуі керек;

ҮШІНШІДЕН, қазір жоғары оқу орындарында көптілді топтар (полиязычные группы) ашылып, осы топтарда білім алатын студенттерге негізгі пәндерден дәрістер мен практикалық сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсіндіріліп жүр. Өзіндік пікірім бойынша, үш тілде бір мезгілде оқыту студенттерге күрделі лингво-психологиялық ахуал қалыптастырады және ағылшын тілін барлық негізгі пәндерге «тықпалай» беру қисынсыз деп санаймын. Сондықтан, болашақ педагог мамандарға жекелеген пәндерді оқыту әдістемесі ғана  (мысалы: физиканы оқыту әдістемесі) орыс немесе ағылшын тілінде жүргізілсе тиімді болады.

Егер отбасындағы тәрбиенің негізі, темірқазығы ата-ана өз тілінде сөйлеген жағдайда бала орыс мектебінде оқыса да, өз тілін білетін болады. Ал, ата-ана өз тілінде сөйлемесе, баласы ата-анасының тілінде ешуақытта сөйлемейді. Бұл – аса өткір мәселе. Себебі, өз тілін білу – мәдениеттің бастауы. Бірнеше тілде сөйлеу әркез мәдениеттіліктің көрсеткіші бола алмайды. Әрбір ұлт өкілінің мәдениеттілікке барар жолы өзінің ана тілінен басталуы қажет. Сондықтан да, отбасында баланың ана тілінің рухын түсінетін, оны өз тілінде сөйлей, оқи және жаза алатын деңгейге жеткізу – әрқайсымыздың Азаматтық парызымыз!

Айдар  САБЫРОВ,

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған