Кешірімді болайық

  Менің жасым 86-да, тыл ардагерімін. Зайыбым екеуміз онға тарта ұл-қыз өсіріп-өндіріп, солардың қызық-қуанышына бөленіп жүргенбіз. Осыдан алты жылдай бұрын тағдырдың жазуымен қосағымнан айырылдым. Ал, өзім өткен жылы аяқ астынан көлік апатына ұшырап, біраз бейнетке қалдым.

 Мені емдеген дәрігерлер балаларыма: «Үлкен кісі ғой, ештеңе деп айта алмаймыз. Бәріне дайын болыңдар!» – депті. Бірақ, Алла сәтін салып, сауығып шықтым. Сөйтсем, мені көлігімен қағып кеткен 23 жастағы Ата-анасы қайтқан жетім бала екен мені көріп жылап жіберді. Өзіміз де ата-ана емеспіз бе, жас жігіттің болашағына балта шауып қайтейін. Оған: «Бағың бар бала екенсің, мен аман қалдым. Енді көлігіңді жәй жүргіз. Ешуақытта асығушы болма!» – деп, кешірім еттім.

 Ол көзіне жас алып, шын жүрегінен алғысын айтты. Бір қиындықтың бір жақсылығы болады екен. Өткенде балаларым «Сізге демалу керек, әке!» деп қоймаған соң қызыма ілесіп, Жамбыл қаласындағы «Меркі» шипажайына бардым. Шипажайда демалушылар көп екен. Бірақ, солардың арасындағы ең егде кісі мен болдым. Сау болсын, шипажайдың бас директоры Абдрахим Момбеков, мәдени шаралар жетекшісі Қанат Тоқпамбетов – бәрі мені туған әкелеріндей сыйлап, мамыр айы ішіндегі мерекелерде көкке көтере мақтады, иығыма шапан жауып, қаржылай сый-сияпат жасады. Адам көңілін көтеретін де, түсіретін де бір ауыз сөз емес пе, сол демалыстан мен біраз жасарып, марқайып оралдым.

  Шағын мақаламның соңында, бәрімізге де кешірімді болу қажет деген ойды айтқым келеді. Біреуге жақсылық қылсаң, алдыңнан жақсылық шығады. Бұған менің басымнан өткен оқиғалар куә.

Орынғали МЫРЗАҒАЛИЕВ,

тыл ардагері, Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз