Келер жылдан бастап дүкен сөрелерінен темекі алынып тасталмақ
Atr.kz/6 тамыз, 2020 жыл. Қазірдің өзінде темекіні және кальянға арналған түрлі қоспаларды 21 жастан бастап қана сатып алуға болады. Сатушылар сатып алушылардан жеке куәліктерін талап етуі керек.
Хабар24kz сайтының хабарлауынша, темекі мен кальян қоспалары дүкен сөрелерінде болмайды. Бұл ереже келесі жылдан бастап күшіне енеді. Кальянға қарсы шектеулерге қарамастан, тек шілде айының өзінде елордалық полиция 20 заңбұзушылықты тіркеді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері күн сайын рейдтер өткізеді. Кальян мен темекіні рұқсат етілмеген жерде шеккені үшін айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл мөлшері екі есеге артып, 42 мың теңгені құрайды.
Бүгінде Қазақстанда темекі шегуге тыйым салынған орындар тізімі кеңейтілді. Сайттың жазуынша, жабық автобус аялдамаларында, балалар алаңдарында, метрода және жерасты өткелдерінде электронды темекі, кальян және темекі өнімдерінің барлық түрлерін шегуге тыйым салынады.
«Біздің жастар кальянды мекемелерде қолданады. Енді оларға толықтай тыйым салынды. Дәмханаларда, қоғамдық орындарда, жазғы кафелерде шеге алмайды, оны тек үйде ғана тұтынуға болады», — деді Алкоголь және темекі өнімдерін сату қауымдастығының атқарушы директоры Темірлан Жақыпбеков.
Аман ШАМАР