ТЫҢ ДЕРЕКТЕР – АЛАШОРДА ТУРАЛЫ

Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, көрнекті ғалым Халел Досмұхамедовтің туғанына 130 жыл толуына орай Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен мұрағаттық қор деректері негізінде «Азаттық аңсаған Алаш» атты шара өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. 
Шара аясында «Х.Досмұхамедов және Алашорда тарихы - мұрағат құжаттарында» атты көрме-экспозицияның тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған көрмеде ғалым өмірі төрт кезеңге бөлініп қарастырылған. Атап айтсақ, Х.Досмұхамедовтің тұлғалану жылдары, ат үстінде өткен күрес жылдары, ғылыми-шығармашылық және педагогикалық қызметпен айналысқан кезеңі мен қуғын-сүргінге ұшыраған жылдарынан топтама жасалған. Көрмемен қалалық мұрағат директоры Жаңылсын Әлпиярова таныстырды. Ал, шараның тарихи-танымдық бөлімінде ғалымның өнегеге толы өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді.

– Алаш қайраткері, жерлесіміз Х.Досмұхамедовтің 130 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Бүгінгі шара да – соның жалғасы. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, елдің жасампаздық дамудағы қол жеткен табысы және жетістіктерімен қатар, өткенімізді де терең зерделеу, мемлекет құру идеяларының жүзеге асқан көріністерін келер ұрпаққа жан-жақты жеткізу – бүгінгі таңдағы өте маңызды іс.
Қазақстанның тәуелсіздік алуына үлкен үлес қосқандардың бірі – Алаш қайраткерлері. Ел болашағын ойлаған, халқының мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етіп, тәуелсіздік алу тарихына баға жетпес үлес қосқан алыптарымыздың қатарында қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, профессор Халел Досмұхамедовтің де есімі ерекше аталады. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Халелтану, Алаш қайраткерлері туралы тың деректер іздестіру, зерттеу жұмыстары әлі де жалғасын таба беруі тиіс, – деп облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуде ел тарихындағы ұлт зиялыларының есімдерін кеңінен насихаттау, олардың ел егемендігі үшін атқарған өнегелі істерін дәріптеу өте маңызды екендігін атап өтті.
Облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Зұлбұхар Сүйнешов өз сөзінде шараны ұйымдастыру барысында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылғандығын, әсіресе, Батыс Қазақстан, Орынбор, Саратов облыстарының мемлекеттік мұрағат мекемелерінен Алашорда зиялыларына қатысты көптеген тың деректер мен ресми құжаттар алынғандығын жеткізді.
Шара барысында сөз алған бірқатар ел ағалары мағыналы ойларын айтып, өлкетанушы, зерттеуші Өтепберген Әлімгереевтің «Алаш аңсаған азаттық» кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз