КӘСІПОДАҚҚА СЕНІМ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында еңбекшілер өміріндегі кәсіподақ рөлінің маңызына айрықша тоқталғанын сөз етті. Осыған орай, Президент «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Заң кәсіподақтар жүйесін жаңғыртуға және олардың қызметін жақсартуға бағытталған. Жақында өткен кәсіподақ федерацияларының съезінде де саладағы бірқатар мәселелер шешімін тауып, үш резолюция қабылданды» деп атап өтті ол.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов кәсіподаққа бүгінде 2 миллион 200 адамның мүше екендігін айтты. «Қазақстан — 2050» стратегиясының, «Нұрлы жол» және «Ұлт жоспары» бағдарламаларының жүзеге асырыла бастауы нәтижесінде соңғы бес жылда еңбекақы 1,5 есеге өсті. «Еңбек ардагері», «Еңбек даңқы» ордендері шығарыла бастады. «Еңбек күні» мерекесі күнтізбеге енгізілді. Ондағы мақсат – жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту болып табылады. Мұның барлығы еңбекшілер қоғамына ерекше назар аударыла бастағанын көрсетеді» деген ол одан әрі еңбек дауларының алдын алудағы кәсіподақ ықпалын күшейту мәселелеріне тоқталды.
«Еңбекшілер құқығын қорғауда әлеуметтік серіктестік маңызды механизм болып табылады. Әлеуметтік-экономикалық проблемаларды мемлекеттік билік органдарымен, әлеуметтік серіктестермен бірлескенде ғана тиімді тұрғыда шешуге болады» деген Атырау облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Диас Сұлтанов еңбекшілер қауымын кәсіподақ федерацияларының ХХІҮ съезд жұмысында қойылған міндеттерді бірлесе отырып атқаруға шақырды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.