Атырауға дренаж жүйесі қажет

Дренаж 2 Жаңалықтар

22 қаңтар. Жаңбыр жауып не қар ерісе, Атырау су астында қалады. Одан құтылудың жалғыз жолы – дренаж, яғни, бірегей су бұру жүйесін құру. Күн тәртібінен түспейтін мәселеге қатысты талқылау мен талдау жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Осыған орай, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен жиын өтті.

Дренаж 2

Жиынға елге белгілі азамат, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукей және басқа да ғалымдар мен сала мамандары қатысып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Атырау өңірінің 2000-жылдардағы басшысы Серікбек Жүсіпбекұлы аталған мәселемен жақсы таныс екенін айтып, орталық магистралдық дренаж жүйесін құруды ұсынды. Айтуынша, оған жекелей нысандардың локалдық жүйесі қосылуы керек. Сонда ғимараттар мен жол бойына жиналған жаңбыр не қар суы осы жүйе арқылы кәрізге құйылатын болады. Тұзды суды тазартып, түрлі мақсатта пайдалануға да болады.

Осыдан кейін сөз алған геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Мәлік Әбсәметов артық суды қала сыртына шығарғаннан гөрі, ішкі су қоймаларына сақтаған жөн деп санайды. Оны саябақ пен басқа да демалыс орындары үшін қолдануға болатынын алға тартты. Бұл – Еуропа елдерінде бұрыннан бар тәжірибе.

Дренаж

Осы және өзге де пікірлерге қаныққан аймақ басшысы облыстың әр ауданын, тіпті, Атырау қаласындағы әр көшені жекелей қарастыру керектігін айтты. Өйткені, әр жердің өзіне тән геологиялық құрылымы бар және жер асты суының мөлшері де әртүрлі. Сондықтан, осының бәрін есепке алып, алдымен жан-жақты саралау-сараптау жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті.

«Біз өз кезегімізде қолдау танытуға дайынбыз. Осы мәселемен ұзақ уақыт айналысып келе жатқан мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ой-пікірлерін білдірсе деген ұсынысым бар. Бұл бір жылдың ішінде шешіле қоятын проблема емес. Ол үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілуі тиіс»,-деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз