ҚАСИЕТТІ ҚАРА ДОМБЫРА – МҰРАЖАЙ ҚОРЫНА
Мұражай алаңында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның бишілер тобы би билеп, мұражай фойесінде Д.Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрі күмбірлеген күйлер орындап, келген қонақтарды шаттық көңілмен қарсы алды. Ал, жаңа экспозициялық залдың керілген лентасын аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен елімізге белгілі күйші-композитор Илья Жақанов қиды.
Экспозициядан Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония, Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайы, облыстық және қалалық кітапханалар, облыстық мемлекеттік мұрағат, Дина Нұрпейісова атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, «Нарын» ансамблі және басқа да мәдениет мекемелері мен ұжымдар туралы деректер, фотосуреттер топтастырылған.
Сондай-ақ, күй атасы Қ.Сағырбайұлының өмір деректері мен фотосуреттері, құнды жәдігердің бірі – оның қолданған мылтығы, күй анасы Д.Нұрпейісованың жеке домбырасы, концерттік байқауларда киген шапаны мен күміс белбеуі, Құрмет грамоталары қойылған. Асқақ әнші (тенор), Қазақ КСР-інің халық әртісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Ғ.Құрманғалиевтың концерттік киімдері, белгілі ақын-жазушылар Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, Ғ.Сланов, Т.Амандосов, Б.Аманшин, З.Қабдолов, Ф.Оңғарсынова, Ж.Нәжімеденов, Н.Әжіғалиев, М.Сатыбалдиев және басқалардың өмір деректері мен құжаттары, ұстап-тұтынған заттай бұйымдары экспозициядан орын алған.
Шарадағы елең еткізген жаңалық облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің анасы, Қ.Сағырбаев, Д.Нұрпейісованың, Мақаштың халыққа жетпеген күйлерін таныстырып, насихаттаушы күйші Әсима Ізмұхамбетованың домбырасын мұражай қорына табыстауы болды.
— Талай ақын-жазушылар шыққан, топырағын Құрманғазы атамыз бен Дина шешелеріміз басқан Атырау жеріндегі мұражайда үлкен экспозициялық залдың ашылуын тарихи оқиға деп есептеймін. Өнерге, тарихқа, елге сүйіспеншілігі бар адамдарға бұл мұражай ерекше көңіл-күй сыйлайды. Аймаққа күйшілігімен танылған Әсима анамыздың қара домбырасын осы мұражайға тапсырғалы тұрмын. Анамыз қазақтың ақиық ақыны, мемлекетіміздің Әнұранының авторы Ж.Нәжімеденовті арқалап өсірген. Сондай-ақ, Дина әжеміздің нағашы атамның үйінде талай рет домбыра тартқанын анам көріп, үлгі-өнеге алған екен. Сөйтіп, бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен домбыра шерткен әзіз анам он бала тәрбиеледі. Бәрімізге аналық мейірімін төгіп, әкемізбен қоса, атасы мен енесінің көңілін таба білді. Сонда да өнерден ешқашан қол үзген емес. Анамның осы қасиеті ұл-қыздарына да дарыды. Үш қарындасым қазіргі күні мәдениет саласында қызмет етіп жатыр. Інім екеуміз бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаймыз, ән саламыз.
Сонау 1960 жылдары белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев Атырауға келген бір сапарында жоғалып бара жатқан үш күйді жазып алған екен. Олар – Құрманғазының «Көк ала ат», Динаның «Қарт жігер» және Мақаштың «Байжұма» күйлері. Сол кезде жинақталған қазақтың 300 күйі онтологиясына Әсима Ізмұхамбетованың орындауындағы аталған үш күй енген, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.
Шараға арнайы қатысқан дарынды күйші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева Әсима апаның домбырасымен Құрманғазының «Көк ала ат» күйін орындады.
Сонымен қатар, жазушы, композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов та сөз алып, өз домбырасын мұражайға тапсырды. Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің бүгінгі Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетовтің облыс мұражайына тапсыруға жолдаған белгілі күйші Камал Мақайұлының домбырасы жәдігерлер қорын толықтырды. Сонымен қатар, күні кеше дүниеден өткен ақын, өлкетанушы Мақсот Неталиевтің ұлы Шеген Неталиев әкесінің домбырасын тапсырды. Енді мұнда 40-тан астам домбыралар коллекциясы бар.
Игілікті шара облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері О.Қарасаев, И.Жақанов, А.Үлкенбаева және №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясы оқушыларының мұражай алаңында тал отырғызуымен жалғасты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.