Атырауда тағы да шатыр ұшты!..

20190503 160229 Жаңалықтар

Atr.kz/4 мамыр, 2019 жыл.  Кеше Атырауда қатты дауыл соғып, тұрғындарды біраз әбігерге салды. Желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге дейін жетті. Күшті жел Құрманғазы ауданының Орлы ауылындағы мектептің шатырын және қаладағы Балықшыда орналасқан көпқатарлы үйдің шатырын жұлып әкетті.

Осыған орай өткен брифинг барысында ТЖД басқарма бастығы Қайрат Темірболатов «Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге жетіп, одан асса төтенше жағдай деп есептелінеді. Ал, қазір ауа-райының қолайсыздығынан орын алған оқиға орнында құтқарушылар және жедел штаб жұмыс жасауда. Мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, біздің қызметкерлер шатырларды тексеріп, қажет болса бекіту жұмыстарын жасайды» деді.
Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев Балықшыдағы үйдің шатырын мердігер компанияның қалпына келтіретінін айтты. «Бұл үйдің термомодернизация бойынша кепілдеме мерзімі өтіп кеткен. Дегенмен, мердігер компания өздеріне әлеуметтік жауапкершілік алып, төбе жабындысын жөндейді. Қазір барлық коммуналдық мекемелер сол жерде жұмыс жасап жатыр» деп қорытты Ұлықбек Серікұлы.
Өз кезегінде сөйлеген облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенова Орлы ауылындағы мектептің шатыры оқушылардың сабақта отырған уақытында ұшқанын айтты. «Екінші ауысымдағы сабақ дереу тоқтатылды. Қазір арнайы құрылған комиссиямен қалпына келтіру жұмыстары жүруде. 11 мамырда сабақ жалғасатын болады» дейді А.Исанбергенова.

Ал, бұл кезде əлеуметтік желіде дауылдың тигізген салдары жайлы видеолар жүктеліп үлгерді.
Айтпақшы, облыс тұрғындарына арқаны кеңге салуға əлі ерте. Ұялы телефонға «112» желісінен келген дабыл хабарламаға қарағанда, ертең де 15-23 м/с дейінгі шаңды дауылдың болатынын ескертеді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз