Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Камал СМАЙЛОВ: «Адамда сыр болмайды айтылмайтын…»

Қазақ журналистикасы тарландарының бірі Камал Смайлов еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып бастаған. Одан кейін Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің хатшысы болып сайланды. «Қазақфильм» киностудиясының директоры, ҚР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, Орталық комсомол комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі мәдениет бөлімінің меңгерушісі,  Қазақ КСР Жоғары кеңесінің Мәдениет жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Т__убе

«Сенің бақытың», «ХХ ғасырға саяхат», «Фильм осылай туды», «Өмірдің өзімен өлшесек», «Ғасыр қырқасында», «Оянған ойлар», «Жолданбаған 27 хат» (1992), «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» атты (1998, Шерхан Мұртазамен бірге жазған) кітаптары жарық көрген.

Атырау облысында жиі болып, облыстық теледидардың дамуына, жергілікті кадрлардың өсуіне зор үлес қосқан қайраткермен оның көзі тірі кезінде талай сұхбаттасудың сәті түскен еді. Бүгін соның бірін оқырман назарына қайталап ұсынғанды жөн көрдім.

Оның киіктің асығындай ғана шап-шағын денесіне туабітті талант қуаты мен телегей теңіз білімдарлығы  шыпылдап симай, ылғи да кемерлеп, кейде арнасынан асып-төгіліп тұратын секілді көрінеді маған. Бүгін де Ұлттық кітапхананың үшінші қабатына көтерілсем, Камал Сейітжанұлы бұрын-соңды мен өзі түгілі, атын естіп көрмеген әлдебір кітаптарды ақтарыстырып, қойын кітапшасына бірдеңелерді түртіп алып жатыр екен.  Шамасы, келесі бір жазбақ жаңа мақаласына немесе зерттеу жұмыстарына керекті дүниелер. Халқының жоғын жоқтап, барын бағамдаушы салиқалы сөз шеберінің қалам қайраты, кешегі кеңес кезеңі мен бүгінгі құбылмалы заманның қым-қуыт өзгерістеріне деген азаматтық көзқарасы кім-кім үшін де ғибратты.

…Біз әңгімемізді Кәмекеңнің Алматының қақ ортасындағы қонақжай шаңырағының төргі бөлмесінде жайлана отырып жалғастырдық. Жұбайы Надля апайымыз біз отырған бөлмеге кіріп-шығып, әңгімемізге де құлақ түріп, қасымызда жүгіріп жүрген немересі Әсияны әлсін-әлі тыныштыққа шақырып қояды. Мен диктофонды қосып, алдын ала дайындап жүрген сұрақтарымды қоя бастадым.

– Камал Сейітжанұлы! Мен сіздің «Жолданбаған 27 хат» атты көсемсөз кітабыңызды оқи отырып, таң қалған нәрсем мынау болды: Сіз кімге хат арнасаңыз да, мейлі, ол саяси қайраткер ме, әлде заңгер, болмаса химик, дипломат па – барлығымен тең дәрежеде сөйлесіп, әңгімелеп отырған салаңызды «шемішкіше шағып», төрт аяғы тең жорғадай жосыласыз да отырасыз…

– Журналист өзінің жазам деген объектісін алдын ала зерттейді, оған іштей дайындалады. Және оған өзіңнің жеке дүниетанымың жан-жақтырақ болса… тіпті жақсы. Құдай біледі, маған әңгімелесуге келерде сен де менің бұрын-соңды қалам тартқан дүниелеріме бір көз жүгіртіп шыққан шығарсың…

– Әрине, Камал Сейітжанұлы. (Мен қойын кітапшамды парақтап оқи бастадым). Мінеки, сіздің осыдан жиырма жыл бұрын шыққан «ХХІ ғасырға саяхат», одан соң «Фильм осылай туады» (1981 ж.), «Өмірдің өзімен өлшесек» (1983 ж.) – әдеби зерттеулер кітабы, «Ғасыр қырқасында» (бүгін және болашақ, 1986 ж.), «Оянған ойлар» – қайта құру кезеңіндегі рухани жаңғыру (1991 ж.), «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (1998 ж.), бас-аяғы… 11 кітабыңызды сүзіп шықтым. Оқырмандарға осы кітаптарға келу жолдарыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Бұл – ұзақ әңгіме. Дегенмен, «сөзге сөз қайырмаса, сөздің атасы өледі» деген бар, негізгілерін шолып айтуға тырысайын… Менің әкем Сейітжан Троицкіде медіресе бітірген, орысша-қазақша бірдей сауатты, өз заманының сұңғыла адамы болды. Ұзақ жылдар бойы мектептерде ұстаздық етті. Көп шұқынып оқуым, білгенімді зерделеп-зейіндеп замандастарыма ұсынуым, бәлкім, сол кісінің тиянақты тәрбиесінен шығар.

Ал, қолға қалам алуыма себепкер әуелде газет-журналдарды түгін қоймай қопарып оқудан басталса, кейініректе өзімнің немере ағам Баубек Бұлқышев атымен тікелей байланысты. Баубектің атасы Байқоңыр мен менің атам Смайыл  бір кісінің балалары болатын.

– Кәдімгі атақты публицист Баубек Бұлқышевты айтып отырсыз ба?

– Иә, сол Баубек ағаны айтып отырмын. Өзі бір аса қияпатты, келбетті адам еді. Алматыдан ауылға каникулға келгенде маған ойыншық әкеліп бергені, қызықтап әңгімелескені есімде қалыпты. Оның сол кезде де газеттерде мақалалары шығып тұратын. Осы кісіге еліктеп, бәлкім, сондай болсам деген бір арман мені де жетелеп журналистикаға әкелді. Сөйтіп, менің бүкіл өмірім журналистикамен біте қайнасып кетті.

– Баубек ағамыздың Мұқан Иманжановқа майданнан жазған хатында: «Сейітжанның кішкене баласынан хат алып тұрамын. Ол: «Мұқаңның мақалалары «Социалистік Қазақстанның» беттерінде көп шығып тұрады деп жазады» деген жолдар сіз жөнінде екен ғой…

– Солай. Баубек әке-шешесі ашаршылықта қайтыс болғаннан кейін біздің үйде өсті, ФЗО-да оқыды, кейін Алматыға Мұқан Иманжановпен оқуға бірге кетті, «Лениншіл жаста» бірге қызмет істеді. Ол өте ынталы, жігерлі азамат еді. Алматыда оқыған айналасы бес-алты жылда орыс тілін соншалықты жетік меңгеруі оның аса қабілетті және ізденімпаз адам болғанын көрсетеді. Соғыс кезінде «Комсомольская правда» газетіне орыс тілінде жазылған бес мақаласының публицистикалық қуат-күші орасан еді, оны талғампаз Ғабит Мүсіреповтың қазақша аударып бастырғаны тегіннен тегін емес. Баубек Бұлқышев менің рухани ұстазым болды, көсемсөз жанрына келуіме, онда өмір бойы «тұрақтап» қалуыма Б.Бұлқышевтың игі әсері болды. Жалпы, адам жас кезінде тез әсерленгіш болады, оның кейде адам болашағына түбегейлі бағдар сілтеуі де мүмкін.

– Мені Ұлытаудан шыққан ұланның өмір баспалдақтары қызықтырады…

– Біздер қазір өмірді, заманды тек екі түрлі бояумен: ақ және қарамен анықтайтын «аураға» көштік. Адам тағдыры, замана келбеті табиғаттың өзі секілді сан-сапат бояуға толы. Оны неге көрмейміз, неге байқамаймыз?! Қазір кешегі Кеңес заманында болған игіліктер мен ізгіліктер жайлы айта бастасаң,  сен бір ескі заманды көксеген, бүгінгіге мүлде қарсы, кертартпа кісідей көрінесің. Неге әр бояуды өз түсімен айтпаймыз? Өмірдің өз бояуы бар ғой. Иә, Кеңес кезінде де кедей, нашар тұратын адамдар болды. Бірақ, біз көрген мезгілде көшеде қайыр сұрап, мезгілінде мектепке бара алмай баспанасыз жүрген балалар болып па еді?!

…Біздерді, Ұлытаудың орта мектебін тұңғыш бітірген 17 баланы (аудан басшылары қасымызға бір мұғалімді қосып берді) Қарағанды обкомының хатшысы қабылдап:

– Ұлытау алыс аудан, бұдан жоғары оқу орындарына барып түсіп жатқандар аз, сендер оқыңдар, еліміз білімді азаматтарға сусап отыр, — деп ақыл айтып, «оқуға түсеміз» деген бәріміздің уәдемізді алып барып, аттестатымызды қолымызға ұстатты. Сөйтіп, қасымызға тағы да жетекші мұғалім қосып беріп, Алматыға аттандырды. Қазір неге сондай бір қамқорлықтың ұштығын көрмейміз. Мектептер компьютерлерге толмай-ақ қойсын, бірақ, бір де бір бала оқуға тартылмай қалмасын. Компьютерге кеткен шығын балаларды надандықтан құтқаруға жұмсалсын. Осы жағдайларды салыстыра қарасам, өткен заманның өтпелі кезеңнен гөрі (оның қаншаға созылары белгісіз) жарқынырақ бояулары көбірек көзге түседі.

…Біз аса қиындықпен оқыдық. ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімінің 3-курсынан кейін Қарағандының облыстық газетінен тәжірибе алдым. Күні бойы көргенімізді қызметке келіп қағазға түсіргенімізде ойларымыздың басы бірікпей, оларды өңдеуден өткізген әдеби қызметкерлер әбден қиналып, әлек-шәлегі шығатын. Сөйтіп жүріп журналист болдық, енді, міне, кітаптан соң кітап жазып жатырмыз…

– Сол кезде өзіңізге қатты әсер еткен бір оқиғаны есіңізге түсіре аласыз ба?

– 1951 жылдың қыс айында «Социалистік Қазақстан» газетіне «Мұз айдыны» деген хабарым шықты. «Аяз сорып беттері алаулаған, электр шамдары самаладай жарқыраған» деген көтеріңкі жолдар бар онда. Әңгіме осы күнгі Медеу мұз айдынының орнындағы шағын сырғанақ жайлы еді. Соған әлдеқандай болып, көпке дейін бусанып жүрдім. Сол қыста ешкім тапсырма бермесе де, өз білдігіммен Орталық музейге барып, онда Қарағанды туралы көптеген ескілікті материалдар, деректер бар екен, соны қорытындылап, мақала етіп «Советтік Қарағанды» газетіне жолдап келіп жібердім.

Артынша өзіміздің факультеттің комсомолдық тобында осы күнгі белгілі жазушы Естай Мырзахметов екеумізді Қарағанды жайындағы ескі тарихты қозғағанымыз үшін (Естайды Кенесары көтерілісі жайында, сол тұста Бекмахановтың әңгімесі көтеріліп жатыр еді) талқыға салды. Маған онша шүйліккен жоқ, Естайға көбірек таяқ тиді. Сонда мен кеңес өкіметінің өзінің өпірем идеологиясынан көз жазбай, қырағылықпен қарап отырғанын алғаш рет жан-дүниеммен сезіндім, түсіндім, тіксіндім. Кеңес өкіметінің осы қара бояулы тұстарын бүгін бүгіп қалуға болмайды. Бірақ, бәрін орын-орнымен айтқанға не жетсін!

Дипломды орыс тілінде қорғадым. Сол кезде тың игеру басталды да, ұсынылған аспирантураға да қалмай, «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды мен Ақмоладағы тілшісі болып кеттім. Үш жылдан соң менің орныма Шерхан Мұртаза барды.

–  Ел мойындаған, жазғандарын жұрт іздеп жүріп оқитын журналист болу үшін жастарда қандай қасиеттер болуы керек?

– Ең алдымен, керегі – талант, терең білім, сосын шабыт. Шабытым келмей, қолыма қалам алмаймын. Кейін «Лениншіл жастың» насихат бөлімінің меңгерушісі болып жүргенімде газетке «Әлемдегі 92 керемет» атты бір бет материал дайындадым. Сол кезде «Техника молодежи», «Знание – сила» секілді журналдарды іздеп жүріп оқуымның көп септігі тиді. Жұртшылық сол мақаламды жақсы қабылдап, көзге түсе бастадым…

– Камал Сейітжанұлы, сіз 28 жасыңызда «Білім және еңбек» журналының Бас редакторы, 32 жаста «Қазақфильм» студиясының директоры, 40 жасыңызда Мемлекеттік кинематографиялық комитеттің, кейін Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы, екі мәрте Қазақстан Орталық партия комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, «Зерде», «Парасат», «Ақиқат» журналдарының Бас редакторы болған екенсіз. Қарап отырсам, алыс ауылдан шыққан кішкене сары бала Кеңес өкіметінің барлық игіліктерін көріп, бүгін қазақтың қайратты қайраткері атанып отыр. Сіздей ардагерлер көп. Енді солардың біразы өткен өмірін «тоталитарлық заман, желкемізге айбалта төніп тұрған кезең» деуі неліктен? Бас қорғау ма, байбалам ба, әлде басқа бір «ішкі есеппен» айтыла ма?!

– Жаңа ғана бір болмашы нәрсеге өкіметтің қалай кірпияздықпен қарағанын айтып өттім. Жалпы, Кеңес кезеңін сөз еткенде, ол сөзің  кешегіні даттай беруге, бүгінгіні далбақтап мақтай беруге арналмауы керек. Кем-кетіксіз қоғам болмайды. Қазір социалистік қоғам принциптерінің баршасын жоққа шығарып, теңдікті теңгермешілдік деп кекететіндер де бар. Сөйтіп, «социализм келмеске кетті» деп қолды сыбай салтаң бір сілтеп қояды. Біз оның тек шапанының шетіне ғана қол тигізіп үлгердік. Социализм асығыс жасалды. Сталин 1929 жылы социализмге енуді бастаймыз десе, 1936 жылы социализмді орнаттық деп жариялап та жіберді. Бұл үстірт, диктаторлық шешім еді. Сосын Отан соғысы басталды, одан соң қираған елді қалпына келтіру… Енді-енді тәй басып, көксегеніміз көз алдымызда көріне жаздап, көңіліміз жаңа-жаңа байыз таба бастап еді, тағы да быт-шыт болды. Бірақ, бұл жолы қазақ халқы рухани жағынан жапа шекті деуге болмас, ең бастысы – тәуелсіздік туы қолымызда.

Ал, енді асын ішіп, айранын жалап, артынан дастарханын тілгілеп кететіндерді, «заманы түлкі болса, тазы болып шалатындарды» адам түгілі Алла да кешірмес. Әйтпесе, 1920 жылы СССР-да тұңғыш домна пеші іске қосылғанда, АҚШ-та сол кездің өзінде осындай екі жүз пеш болған. Олар 1945 жылы атом бомбасына ие болды. АҚШ-тың жүз атом бомбасы СССР-дің жүз қаласына (ішінде Алматы мен Қарағанды да бар) бағытталып тұрды. Осындай жағдайда СССР қорғаныс қамын ойлауы керек пе еді, жоқ па еді? Әрине, адамдар күндіз-түні еңбек етті, оның үстіне, тұрмыс та тез арада түзеле қоймады. Бірақ, құлдықтан кедейшілік әлдеқайда артық! Сөйтіп, бар күшін сарп ету арқылы СССР аз ғана уақытта алып та қуатты елге айналды. Сталиннің Курчатовтан атом бомбасын жасауға қанша қаржы кететінін сұрайтыны бар ғой. Сонда Курчатов:

– Бүкіл Отан соғысына кеткен шығынмен бірдей қаржы керек, — деп жауап береді. Біз соның игілігін де, күйгілігін де көрдік. Ол – тарихтың заңы. Қазір демократия деп іштегі желдің бәрін шығардық, бірақ, сөз тамақ болмайды. Шетелдік инвесторларды ішке енгізгенде көз алдымызда жұмыссыз жүрген жастар, зейнетақысын, айлығын ала алмай жүрген адамдар тұруы керек.

– Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз. Кетерде сұрайтын сондай бір сұрағым бар ғой…

– Жұбайым Надля Нәжімеденқызы Шыманова – орыс тілі әдістемесінің маманы, профессор. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілінің оқулығын бірнеше қайтара шығарған. Үлкен ұлым Сәлім – биология ғылымдарының кандидаты, Лениндік сыйлықтың лауреаты, атақты Мұрат  Айтқожиннің шәкірті. Қазір шетелдік «Баир» фирмасында жұмыс жасайды. Қызым Зайра–кардиолог-дәрігер. Швейцарияның «Лярош» фирмасында қызмет етеді. Қазір бір конгреске қатысу үшін шет елге кетті. Марқұм Нұрлан деген ұлымның қызы  Нәзия осында ағылшын тілін жетік меңгеруден өткізілген конкурстан жеңіп шығып, Американың Миссури штатында оқып жүр. Мектепте оқитын Нариман, Тайыр, мына жүрген Әсия деген немерелерім бар.

Балаларын, немерелерін айтқанда, жаңа ғана сәл күңгірт тартқан Камал Сейітжанұлы жүзі жайнап, жанданып қоя берді.

Мыс та – алтын,

жез де – алтын,

алтын да–алтын,

Адамда сыр болмайды айтылмайтын, — деуші еді бір әнде. Сондай-ақ, саған бүгін бар сырымды ағыттым, алтыны болса аларсың, — деді Камал Сейітжанұлы.

Әңгімелескен: Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button