Біздің мақсат – жаңашыл қоғам құру

456d5098 a2d4 412c 8663 ffdebb1bb425 Қоғам

 «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы» тақырыбымен Қазақстанның X Азаматтық форумы өтті. Онда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиевалар болды. Бұл форум бұрынғы форумдардан өзгерек. Себебі, X Азаматтық форум жұмысына тұңғыш рет Қазақстанның ЕҚЫҰ, БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, Фридрих Эберт қоры, ЮНЕСКО, ЮСАИД сияқты халықаралық серіктестері қатысты. 

Шараны облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев және үкіметтік емес ұйым мүшелері онлайн форматта тамашалады.

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың X Азаматтық форумына арналған құттықтауын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқыды.

   Төрт күнге созылған жиын барысында азаматтық қоғамды дамыту саласында қомақты тәжірибе жинақтаған кәсіби сарапшы, қоғам белсенділері баяндама жасады.

e7fd7c19 51f3 469a a7f6 26c770faf049

    Жинақталған ортақ мәселелерді талқылап, шешілу жолдарын қарастырумен қатар, ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға арналған тиімді жобалар жайында да сөз болды. Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осы жиын азаматтық қоғам дамуының бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Форум екі жыл сайын өткенімен, бұл алаңдағы талқыланған, шешім тапқан мәселелер елімізде азаматтық қоғамның дамуына серпіліс беріп келеді.

      – Форумның іс-шаралары демократиялық процестерді дамыту, Қазақстанда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселелеріне, сондай-ақ социумның, мемлекет пен бизнестің оларға қол жеткізудегі негізгі міндеттеріне арналады. Азаматтық форум – қолданбалы идеялар мен бастамалар туындайтын, министрлер мен әкімдер азаматтық белсенділермен тең дәрежеде бірлескен іс-қимыл жоспарын жүзеге асыратын, жекелеген әлеуметтік проблемаларды шешуге мемлекет үкіметтік емес ұйымдарды тартатын нақты жұмыс процесі, – деді министр Аида Балаева.

  Форумның пленарлық отырысында «Қатонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының директоры Серік Жүнісов ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту туралы ойларын айтты. «Бұл еліміздегі азаматтық бастамаларды қолдаудың жаңа кезеңі», деген министр, отырыс модераторы А.Балаева халқының 47%-ы ауылда өмір сүретін мемлекет үшін бұл бастаманың стратегиялық маңызы зор екендігін атап өтті.

74faa7c7 a626 46b8 8c2c 075c34ce8716

 Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесі де бүгінгі шарада айтылмай қалмады. Балалар мен аналардың, қарттардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың, құл саудасы құрбандарының құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ азаматтардың саяси және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері турасында «Сана-Сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының жетекшісі Шахноз Хасанова баяндады.  Баяндамашының ойын жалғаған министр Мемлекет басшысының «Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарына» қол қойғанын айтты.  

  Пленарлық отырыста әрі қарай халықаралық ынтымақтастық, азаматтық қоғам, экология және инклюзия мәселелері қаралды. Бұл бағытта  Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығының атқарушы директоры Жәмилә Асанова халықаралық миссиялардың азаматтық бастамаларды дамытуға қосқан үлесі барысын әңгімеледі. Одан соң Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахмановтың арнайы құттықтау хаты да оқылса, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының кеңесшісі Мирьяна Сполярич Эггердің Форум делегаттарына арналған бейне-құттықтауында форум жұмысына сәттілік тіледі.

   Инклюзия тақырыбы қоғамдағы өткір және көптеген сұрақтарға жауабын таба алмай жүрген проблемалардың бірі. Себеп – қоғам дайын емес, біз дайын емеспіз. Біз қанша жерден ашық және тең қоғамда өмір сүреміз десек те мүмкіндігі шектеулі адамды көргенде өн-бойымыздың басқа сезімде болатыны жасырын емес. Бүгінгі жиында аталған инклюзия тақырыбын тарқатқан  «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» қоғам бірлестігінің басшысы Ләззат Қалтаева «ешқандай бөгетсіз азаматтық қоғам құру қажет» деді.  Сонымен қатар, «ЭКО Маңғыстау» басшысы Кирилл Осин баяндамасында қоршаған ортаны қорғау мен экологияның маңызды мәселелерді  көтерсе, азаматтық қоғамның қазіргі жағдайы, жетістіктері мен одан әрі даму перспективалары туралы Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева айтып берді.

35647aba ac27 40e9 af5f f9e9ac3e553b

    Пленарлық отырыс соңынан дәстүрлі «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлығы» салтанатты түрде табыс етілді. Және алғаш рет 15 номинация бойынша 10 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар үкіметтік емес ұйымдар арасында «Таңдау» сыйлығы өз иелеріне тапсырылды.  

  Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар қатарында біздің өңірден «Атырау облыстық бухгалтерлер мен аудиторлардың  «Есепші» қоғамдық бірлестігі»,  «Академик Зейнолла Қабдолов атындағы» жекеменшік қор», «Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігі мен «BatiK Kami» мәдени қоры да бар. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықтың  Атырау облысы бойынша жеңімпаздарына дипломды облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев табыстады.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз