ЕЛБАСЫ ШЫРШАСЫ ЕРЕКШЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Жыл сайын балалардың үлкен дайындықпен, тәтті үмітпен асығып күтетін қуанышы – Жаңа жыл мерекесі. Еліміздің барлық аймақтарында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келетін «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты Президент шыршасы кеше Атырауда да ерекше салтанатпен атап өтілді. Оған облыс орталығы мен аудан мектептерінен ата-ананың аялы алақанына зәру және мектепте үздік оқитын, түрлі жарыстарда көзге түсіп жүрген 200-ге жуық оқушы қатысты.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов, қала әкімі Серік Айдарбеков, сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасының басшылары балаларды құттықтауға келді.

Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев кішкентай қазақстандықтарды келе жатқан жаңа 2014 жылмен бейнетаспа арқылы құттықтап, ақ тілегін жолдады.
– Біздің еліміз жылдан-жылға дамып, қазір бүкіл дүние жүзі Қазақ елін мойындап отыр. Сіздер – осындай елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар. Мемлекетімізде жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр. Барлық өңірлерде жаңа мектептер салынып, интеллектуалдық мектептердің қатары арта түсті. Болашақтарың баянды болсын. Жаңа жыл құтты болсын, айналайындар! – деп Елбасы бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.
Бұдан соң балаларды Жаңа жыл мерекесімен облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, Елбасының атынан балаларға сыйлықтар мен қысқы жылы киімдерді табыс етті.
– Құрметті балалар! Жаңа ғана құлақ аса тыңдадыңыздар, сіздерді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі құттықтап, Қазақ елінің абыройлы, білімді балалары болуларыңызға тілектестік білдірді. Еліміз жылдан-жылға көркейіп келеді, жастарға Елбасы үлкен көңіл бөліп отыр. Облыста бүгінгі күні 127 балабақша, 289 шағын орталық қызмет етеді. Тек келесі жылдың өзінде 3500 баланы балабақшамен қамтымақпыз. Елбасының тікелей тапсырмасымен жаңа мектептер салынуда. Биыл өңірдің барлық мектептерінде 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылды, – дей келе, облыс әкімі еліміздің экономикасы өркендеп, алға басуына бірден-бір негіз болатын осындай үлкен жұмыстар жалғасын табатынын жеткізіп, балаларға мол бақыт, оқуда жетістік пен мықты денсаулық тіледі.
Сондай-ақ, балалардың тәтті тағамды сүйетіндері ескеріліп, бүлдіршіндерге тарту етілген көп қабатты торт та ортаға әкелінді.
Көңілді кештің қызығына қуанып, жүздері бал-бұл жанған балдырғандардың ерекше көңіл-күйлеріне тәнті болдық. №3 тіл мүкістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатының 5-сыныбында оқитын Райымбек Бекжанов бұл шараға Сұлтан бейнесінде келіпті. «Бүгін менің көңіл-күйім өте тамаша. Өткелі отырған жыл мен үшін қуанышқа толы жылдарымның бірі болды. Ал, Жаңа жылда барша қазақстандықтарға жаңа бақыт, жаңа табыс тілеймін. Келе жатқан Жылқы жылында көптеген жетістіктер болып, еліміз даму қарқынынан таймасын», – деген тілегін жеткізді ол. Сол сияқты бұл күннен ұмытылмас әсер алатынын айтқан Аружан Кенжеева да шарадағы ең әдемі Ақшақарлардың бірі болса, Құрманғазы ауданының Қошалақ орта мектебінің оқушысы Бағадат Қошқарбаевтың киген қарақшы костюмі өзіне құйып қойғандай.
Ал, Мақат ауданынан келген Нұрайна Нұрланова: «Бүгін облыс орталығына келіп, осындай үлкен мерекеге қатысып жатқаныма қуаныштымын. Келер жылдан күтер жаңалығым мол. Ең бастысы, жақсы оқып, айналамдағыларды қуантқым келеді», – дейді қуанышы қойнына сыймай.
Исатай ауданының Аққыстау орта мектебінің оқушысы Арсен Аманжолов үшін өткелі отырған жыл ең табысты кезеңнің бірі болыпты. – Еліміздің дамуы үшін Жылан жылы қандай табысты жыл болса, мен үшін де жетістікке толы кезең болды. Математика пәнінен өткен аудандық олимпиадада бас жүлдені иеленіп, облыстық олимпиадаға қатыстым. Мұнда екінші орынды иелендім. Сонымен қатар, талай өнер иелері сынға түскен «Алтын күз» байқауында да жеңіс тұғырынан көріндім. Келер Жылқы жылында да осындай сәтті кездер көп болса деймін, – дейді ол.
Келер жылдан мол жақсылықтар күтетінін айтқан Исатай атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Аида Құрманбаева Елбасының достықты сақтауды, сабақта зерек болуды ұлағаттаған сөзін ешқашан естен шығармауға тырысатынын жеткізді.
Биылғы мерекелік шыршаның бағдарламасы да қызықты болып, балдырғандар ертегі әлеміне саяхат жасады. Балақайлармен бұл жолы Қыс ханшасы, Маша мен Аю, Аяз ата мен Ақшақар бірге думан құрып, шыршаны айнала ән айтып, би биледі. Ертегілер кейіпкерлерінің шеруі де шараның маңызын арттыра түскендей. Сондай-ақ, ортаға Алтын адам, Бейбіт жігіт, Ару-Астана шығып, балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Ортаға Жылан да шығып, көпшілікпен қоштасты. Пәк көңілден шыққан ақ тілектер төгіліп жатты. Ертегі кейіпкерлерін сомдаған әртістер шебер ойындарымен балалардың көңілінен шықты.
Жаңа жылдық Президент шыршасы бүлдіршіндер көңіліне ерекше шаттық сыйлады. Балғындар Мемлекет басшысының өздеріне деген қамқорлығын сезініп, Елбасына, облыс әкіміне үлкен алғыстарын білдірді. Сан алуан әшекейлі киімдері олардың қуанышты жүздерін аңғартып тұрды.
Жаңа үміт пен бақытқа жол ашатын Жаңа жылдан балалар көптеген жаңалық күтетінін жеткізуде. Біз де олардың бар армандары орындалып, көңілдеріне ешқашан қаяу түспесін деп тілейміз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз