«Көгілдір отын» құны қымбаттады

«Көгілдір отын» құны қымбаттады Жаңалықтар

Сонымен, биылғы күздің алғашқы айы табиғи газ тұтынушылар үшін көңілге ұялаған  күптілікпен басталды. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы «көгілдір отын» құнын көтерді. Мұны монополия мекеме 2016-2020 жылдарға арналған газ тарататын құбырларды қайта қалпына келтіру және Атырау өндірістік филиалының әрекет етуші активтерін қолдау жөніндегі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырумен түсіндіреді.

%d0%ba%d3%a9%d0%b3%d1%96%d0%bb%d0%b4%d1%96%d1%80-%d0%be%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d2%9b%d2%b1%d0%bd%d1%8b-%d2%9b%d1%8b%d0%bc%d0%b1%d0%b0%d1%82%d1%82%d0%b0%d0%b4%d1%8b

Жалпы, жасыратыны жоқ, бұрынғы «ОблТрансГаз» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны таратылып, оның орнын «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Атырау филиалы басқалы өңірде «көгілдір отынға» қатысты түсініксіз жағдай қалыптасты. Жұртшылық жете ұғынбай ма, әлде жаңа мекеме түсіндіре алмай ма – әйтеуір тұтынушылардың көңілі күпті.

 

Алдымен, жеке үйлердің сыртына орнатылған есептеу құралдарына қосымша салық салынды. Яғни, қыс кезінде мұндай жабдықтардың көрсеткіші  жұмсалған газды нақты көрсете алмайды-мыс. Тұтынушылар тарапынан туындаған реніш әсер етті ме, кейін бұл талап алынып тасталды. Егер, расында да, заңды болса, неге соңына дейін жүзеге асырылмады? Әлде түбінде шикілік бар ма?

Енді, міне, тариф бірнеше есе көтерілгелі отыр. Мұндай әңгіме бұрын да біртіндеп айтылып келе жатқан. Ақыры, сол қауесет шындыққа ұласты. Монополист мекеме 1,1 млрд. теңгелік инвестициялық бағдарламасын мәреге жеткізу үшін тарифті әр жылы сатылап көтеруге қол жеткізді. Бұл жерде қарапайым халық түсіне бермейтін, тек мамандарға ғана ұғынықты жәй бар. Мәселен, газ тасымалдау тарифі мен оны түпкілікті тұтынушыға жеткізу бағасын шатастыруға болмайды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы бұған дейін алдыңғысын 39 пайызға көтеріп, әр мың текше метріне 1 769,42 теңге етіп алған-ды. Бұл, сайып келгенде, соңғысының құнының да көтерілуіне соқтырды. Қазір, қолымыздағы құжаттарға қарағанда, тұтынушылар енді биылғы қыркүйектен бастап әр  мың текше метр газ үшін 6404,90 теңге төлемекші. Заңды тұлғалар үшін тариф 17 683 теңге болып бекітілді. Ал, тұрғындар үшін жылу энергиясын шығарушы мекемелердің тарифі енді 7 642,88 теңге. Соңғысының халыққа қыс кезінде қаншалықты қосымша салмақ екенін сәл кейінірек айтамыз.

Сонымен, «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ-ы қазіргі тарифін сатылап көтеріп, барлығы 4,5 есе өсіргелі отыр. Енді, оның себебі не, салдары қандай? Себебін жоғарыда айтып та өттік. Газ таратушылар жаңа инвестициялық бағдарлама қабылдап, қазіргі қолданыстағы құбырларды жаңартпақ. Құп делік. Расында да, коммуналдық қызметтің сапасын көтеру үшін оларды ара-тұра жөндеп тұру да қажет. Ал,  инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырудың бір жолы – тарифке өзгеріс енгізу. Яғни, тұрғындардан қаражат жинау. Түбі осы бағдарламаның игілігін халық көретін болғандықтан, олар да аса қарсы болмас.

Бірақ, салдары салмақты болғалы тұр. Алдымен, әлемдік нарықта «қара алтын» құны құлдырап, төл теңгеміздің бағамы әлсіреп, бюджетке түсім кеміп, өндіріс қарқыны төмендеп тұрған қазіргі өлара шақта кез келген қымбатшылық халыққа қолайлы емес. Сайып келгенде, сатылап  тауар мен көрсетілер қызмет бағасының сәл ғана көтерілуі аймақта инфляция деңгейінің өсуіне соқтырады. «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі осы ахуалды ескеруі керек еді.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аймақтық филиалының жетекшісі Асылбек Жәкиев айтқанындай, газ бағасының көтерілуі өзге де коммуналдық қызмет құнының артуына соқтырады. Ертең кәсіпкерлер сатар тауарлары мен көрсетер қызметтерін қымбаттатады. Өйткені, шығындарының орнын жабу керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ салады.

Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, жылу энергиясын шығаратын кәсіпорынға да дербес газ тарифі бекітілуі алдағы қыста тұтынушылардың коммуналдық қызметтің осы түріне де көтеріңкі ақы төлеуіне соқтырады. Мұны Атырау жылу-электр орталығының басшысы Айбар Рахманов та ашық айтып отыр. Өйткені, мұндағы барлық өндірістік шығынның 60 пайызы отынға жұмсалады. Ал, кәсіпорын бұрынғыша мазут жақпай, экологиялық таза табиғи газға көшкендіктен, әр жылы тұтынар 712 млн. текше метр «көгілдір отынның» бағасын енді жоғары тарифпен төлеуге мәжбүр. О баста жоспарланбаған бұл шығынды кім өтемек? Әрине, тұтынушы.

Оның үстіне, қазір белгілі болып отырғанындай, 23 жыл бойы Атырау жылу-электр орталығы ілеспе газды «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тікелей сатып алып келіпті. Мұның тиімділігі сол – жергілікті атқарушы билік меморандумға қол қою арқылы бұл сауданы реттеп отырғандығы. ТШО компаниясы да әлеуметтік жауапкершілік аясында аймақ үшін «көгілдір отын» бағасын аса шарықтатпай, қалыпты ұстаған. Енді оның өнімін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы сатып алып, жылу-электр орталығына қайта сатпақ. Әрине, үстіне өз бағасын қосып ұсынады. Сонда бұл делдалдық болғаны ма? Елбасы өндірілген өнімнің тұтынушыға тура жетуін тапсырып, арадағы алыпсатарлықты жоюды жүктеген жоқ па еді? Ендеше, мұны қалай түсінуге болады? Тағы бір сорақысы – «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының торапты желілердегі газ тасымалдау құнын 14 есе көтеру жөнінде қауесет тарауы. Егер ол жүзеге асырылса, бүгінгі күнімізге жылап көрісетін шығармыз.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ   республикада табиғи газды таратушы бірден-бір құрылым болғандықтан  барлық облыста да тең баға ұстауға ұмтылатын тәрізді. Үкіметтегілер де біраздан бері аймақтардағы «көгілдір отын» құнының әртүрлі екендігін жиі айтатын болды. Яғни, Алматымен салыстырғанда Атырау мен Оралда, Ақтау мен Ақтөбеде газ бағасының арзандығы кейбір министрлердің ұйқысын қашырғандай. Осы орайда сол газды тасымалдау шығыны да әрқилы екендігі ескерілуі керек-ті. Мәселен, республиканың батыс өңірінде бұл табиғи байлық іргеден табылып жатыр, оны тұтынушыға жеткізу үшін мыңдаған шақырым тұрба тартып керек емес. Яғни, тасымалдауға көп қаражат жұмсалмайды. Демек, өзіндік құны арзан болуы тиіс. Соны орталықта отырғандардың ұқпауы қалай?

Ғаламтор желісін пайдаланған мамандардың айтуынша, «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі – қаржылық қиындық шегіп отырған емес, қаражаты мол кәсіпорын. Ендеше, қазіргі күрделі кезде әлеуметтік ахуалды ушықтырмай, инвестициялық бағдарлама шығынын өзі көтере алмағаны ма?  Мүмкін кейін жағдай оңалғанда қайтарып алар? Қайткенде де, екіжақты тиімді шешім алғаны абзал еді. Оның үстіне, бәрібір монополия мекеме сұраған қаржысының жартысына ғана қол жеткізбек.

Өйткені, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы қолға алып отырған инвестициялық бағдарламаның жалпы құны о баста 4,8 млрд. теңге болған  екен. Соның 2,5 млрд. теңгесін жергілікті бюджет өз мойнына алыпты. Бұл қаражат жаңа газ желісін тартуға жұмсалады. Осы орайда алыстағы Азғырды газдандыру өзекті мәселе екендігін айтқымыз келеді. Оның үстіне, талқылау барысында газшылардың өздері де кейбір жұмыстарды қысқартуға келісіпті. Демек, монополия мекеменің ішкі мүмкіндіктері де болғаны ғой.

P.S. Міне, «көгілдір отынға» қатысты аймақта осындай ахуал қалыптасты. Бұл тақырып әлі талай талқылауға түсер. Құрманғазы  ауданының Асан, Балқұдық, Сүйіндік, Қошалақ, Үштаған, т.б. ауылдарын табиғи газбен қамтуға байланысты атқарылар шаруа да бастан асады. Сайып келгенде, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы мамандарының айтуынша, қазіргі қолға алынған инвестициялық бағдарламаның бір бағыты да аймақты газдандыруға арналыпты. Мұны да құп көрдік. Бірақ, халықтың төлем қабілеті әлсірейтіні сөзсіз. Сонымен, алдағы жылу беру науқаны күтпеген қиындықтарға  кезіккелі тұр.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Ғұмар  ДҮЙСЕМБАЕВ,

Атырау  облысы  әкімінің

бірінші  орынбасары:

– Шекті тариф тек газ таратушыларға ғана емес, жылу-электр энергияларын өндірушілерге де, ауыз су тасымалдаушыларға да қатысты. Ол барлық жерде бекітіліп, бес жыл ішінде реттеліп отырады. Егер монополист мекеме инвестициялық бағдарламасын орындамаса, төмендетілген коэффициент қолданылады. Яғни, біз арқылы тапқан табысы айыппұлымен қоса өндіріледі. Сондықтан, оны назарда ұстаймыз.

 

Айбар  РАХМАНОВ,

«Атырау  жылу-электр

орталығы»  АҚ-ның  президенті:

–  Газ бағасы қымбаттаса, кәсіпорын шығынын қайта қарауға тура келеді. Біз де коммуналдық қызмет құнын өсіруге мәжбүр боламыз. Тіпті, жылу энергиясы 1,5, ал электр энергиясы екі есе қымбаттауы ықтимал. Бұл күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түлікке де тура әсер етеді. Мұның бәрі, сайып келгенде, халықтың төлем қабілетінің төмендеуіне соқтырады.

 

Асылбек  Жәкиев,

«Атамекен»  кәсіпкерлік  палатасы

облыстық  филиалының  директоры:

– «Көгілдір отын» құнының қымбаттауы барлық саланы қамтиды. Енді сервистік қызмет көрсету орындары, өзге де кәсіпкерлік нысандары бағаны көтеруі мүмкін. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан жобаларға да қатысты болуы ықтимал. Нарық заңы осындай.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Сағынтай Шамарұлы

    Газдың тарифі көтерілмеуі тиіс деп ойлаймын. Оның себептері мақалада егжей-тегжейлі баяндалған екен. Шынымен де, коммуналдық бағыттағы төлемдер осылай жыл сайын қымбаттай беретін болса, қарапайым халықтың тұрмысы не болмақ? Қазтрансгазаймақ деген мекеме біршама пайда түсіріп отыр. Соның есебінен де ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыруға болады ғой? Ойда-жоқта газ құбыры жарылса немесе тағы да басқа жағдайлар орын алып қалса, оның бәріне тұтынушы жауап беруі дұрыс емес. Тұрғындар уақытында ақысын төлеп отырса да жеткілікті.

  2. Әшет Теміров

    Қазір тауардың да, қызметтің бағасы аспандап кетті. Мұны немен байланыстыруға болады? Егер күнделікті тұтынып отырған көгілдір отынымыз да қымбат тұратын болса, онда халықтың жалақысын көбейтсін. Әйтпесе, тырнақтай жалақы немесе зейнетақы есебіне күн көру мүмкін болмай жатыр? Осы мәселені неге көп болып шешпеске? Аймақ айнасы саналатын Атырау газетіне осындай мазмұндағы түйткілді сараптамалық мақалалар жиі жарияланып тұрса екен деген тілегім де жоқ емес.