Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Исламдағы мергендік 40 хадис» кітабы жарыққа шықты

Атырауда «Исламдағы мергендік 40 хадис» атты жаңа кітап жарыққа шықты. Жуырда «Белуга» қонақ үйінде салтанатты жағдайда туындының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Кітап авторы дінтанушы Ізбасар Салимов пен аудармашы Рамазан Мұхамедов жиналған жұртшылыққа өз туындыларын таныстырды. Мұнда садақ атуға қатысты хадистердің аудармасы жазылып, олардың түсініктемелері Ислам көзқарасына сәйкес жан-жақты баяндалған.

– Екі жыл бұрын алғашқы дәстүрлі садақ атуға қызығушылық таныта бастаған сәттен мергендікке байланысты аят пен хадистерді жинақтаумен және араб, түрік тілдеріндегі қолжазбаларды зерттеумен айналыса бастадық. Дінтанушы маман және аталған өнердегі спортшы ретінде исламдағы мергендік өнердің қаншалықты маңызды екенін түсіне бастағаннан кейін, оны спортпен айналысып жүрген азаматтарға және садақ атуға қызығушыларға бүгінге дейін жарық көрмеген мәтіндерді аударып, түсініктеме беруге ұмтылдық. Еңбекте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жеке садақтары, аталған спортқа қатысты қалдырған өсиеттері мен сүйінші хабарлары туралы да ақпараттар бар. Хадистердің негізгі мәтіндерін келтіріп, оларға ғалымдар тарапынан берілген түсініктемелер баяндалады, — деді І.Салимов.

264eec6d 2022 49fa b416 c86a023c2851

Аудармашы Рамазан Мұхамедовтің айтуынша, садақ атуға қатысты қырық хадис мәтіндері өте сирек кездесетін құнды мағлұматтар. Себебі, көптеген хадис жинақтарындағы аталған тақырыпқа қатысты мәліметтер ұқсас болып келеді. 

– Біз еңбегімізде мағынасы жағынан бір-бірінің сөздерін қайталамайтын Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хабарларды қамтып, оқырманға түсінікті тілде жеткізуге ұмтылдық. Тақырыпқа сәйкес өмірде тәжірибелік тұрғыда қолданып, әрі жемісін берген нұсқаулықтар мен тұжырымдар да қамтылды, — деді ол.

Жиын барысында облыстық «Batu han zhebesi» дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Марат Бексұлтанұлы, Тараз қаласынан арнайы келген «Sügir mergen» дәстүрлі садақ ату орталығының жетекшісі Индира Жәнібек, Астанадағы «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Бауыржан Ақтаев секілді азаматтар сөз сөйлеп, дәстүрлі садақ атудың құндылығы туралы және авторлар жайында ой-пікірлерімен бөлісті.

Айта кеткен жөн, Ізбасар Салимов – дінтанушы, жас ғалым. Батыс Қазақстан облысында туып-өскен. Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетін тәмамдаған соң, Түркиядағы жоғары оқу орнында білім алған. Сондай-ақ, облыстық  дене шынықтықтыру және спорт басқармасының шешімімен дәстүрлі садақ атудан «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» атағы және садақ атудан «Спорт төрешісі» біліктілік санаты берілген. Түркияның «Keskin» дәстүрлі садақ маркасының Орта Азия бойынша сенімді өкілі.

Ал, Өзбекстанның Хожелі қаласында дүниеге келген қандасымыз Рамазан Мұхамедов Малайзия мемлекетінің «Asian Pacific University»,  Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеттерінің «Исламтану» мамандығының үздік түлегі. Бүгінде  Атырау қаласында дінтанушы, ұстаз болып қызмет етуде.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button