Ірі кәсіпорындарда отандық мердігер компаниялардың үлесі артады (ФОТО)
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің өңірлік отырысында жергілікті кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорын басшылары мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Оған арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қордаланған проблемалардың шешілуіне өзінің және әріптестерінің тарапынан ықпал ететінін жеткізді.
Өңір басшысы Елбасы тапсырмасында көрсетілгендей, 2050 жылға дейін еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 50 пайызға дейінгі түсімдерін шағын және орта бизнес құрауы қажеттігін ескертті. Қазақстанда, соның ішінде, мұнайлы өңірде ірі мұнай-газ жобаларына қызмет көрсететін мердігер мекемелер жетерлік. Бүгінде ел экономикасының даму тетігі болып табылатын отандық компанияларды тарту – маңызды мәселе. Себебі, кен орындарында қызмет ететін мекемелер қазақстандық жұмыс күшін еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, жиында «North Caspian Operating Company N.V.» (NCOC) және «Теңізшевройл» компанияларының басшылары Бруно Жарден мен Тед Этчисон қазақстандық үлес бойынша алға қойылған мақсат-міндеттердің орындалу барысын баяндап, жергілікті қамту үлесін жүзеге асыратын отандық бизнесті қолдайтындарын білдірді. Әлеуеті жоғары мекеме отандық үлес талаптары мен техникалық мінездемеге сай таңдалады.
«Бұл жиынның маңызы жоғары. Қазақстандық бизнес иелері ірі компаниялардың тендеріне қатысуға дайын. Ал, табиғат пайдаланушылардың айтуынша, қызмет көрсетуші мекемелер олардың талаптарынан шықпайды. Қазір осы мәселе өткір тұр. Отандық компаниялар талапқа сай болуы керек. Енді әлеуетті отандық компаниялар туралы ақпарат беретін «Алаш» базасы құрылды. Кәсіпорындарда біздің кәсіпкерлер оқытылып жатыр»,-дейді өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева.
Ал, «ТШО» компаниясы директорының айтуынша, 1993 жылдан бері алпауыт кәсіпорынның қазақстандық тауар мен қызметке бөлген қаржысы 22,9 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Қазір 20 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылған. Әйтсе де, шетелдіктердің үлесі бар мұнай компанияларының қоятын талабы – сатып алу кезіндегі ұзақ рәсімдеулер, сондай-ақ, кейбір қазақстандық компаниялардың тәжірибесіздігі бүгінде бизнеске қолбайлау болып отыр.
«Менің ойымша, мұнай-газ секторындағы ең маңызды мәселенің бірі – кадр дайындау. Ол үшін көп жұмыс орнын белгілеу қажет. Екіншіден, шетел нарығына, яғни, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан және Каспий маңы елдеріне ортақ ұлттық компания дайындау керек. Қазір тәжірибелі компанияларға сұраныс өте жоғары. Үшіншіден, қаржылай қолдау маңызды. Қосалқы және бас мердігер мекемелер қолдау танытып, бай тәжірибелерімен бөліскені жөн. Егер біз халықаралық компаниямен бірлескен кәсіпорын құрсақ, өте тиімді болар еді. Есесіне, өзара тәжірибе алмасамыз»,-дейді «Logic Services Centrasia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
Жиын соңында бірнеше мекеме басшыларына мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазэнерджи» қауымдастығының медалі табысталды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ