Ортақ мүдде – өркендеудің кепілі

Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал және Ақтөбе епархиясының архиепископы Антонийді қабылдады. Өзара түсіністік жағдайындағы жылы жүзді кездесу барысында «мемлекеттік құрылымдардың, діни бірлестіктердің және жалпы жұртшылықтың  күш-жігерін біріктіре отырып, қазіргі ғасыр індеттері – діни экстремизм мен терроризмге тойтарыс беріп, адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуіміз қажет» деген ортақ тұжырым жасалды.

Атырау облысындағы Қазақстанның Православ шіркеуінің мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы жақсы. Православие дінін ұстанатын 33,7 мыңдай тұрғынның тоқсан пайызы облыс орталығында тұрып жатыр. Шіркеуге барып ғибадат жасайтын тұрақты діндарлар саны үш жүз шамалы,  басым бөлігі славян халықтарының өкілдері екен.

– Православие шіркеуінің өкілдері де дін саласындағы мемлекеттік саясатты қол­дауға және қоғамдағы конфес­сияаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясат жүргізуде. Біз өз та­рапымыздан атқарушы биліктің дін­­ара­лық ынтымақты нығайтуға бағыт­талған әр ісін, әр қадамын қолдауға әзірміз. Өз басым Қазақстандағы тату­лықты, ын­тымақты мақтан тұтамын, – де­ген Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний аймақ басшысының жаңа қызметіне табыстар тілеп, ескерткіш сыйлығын ұсынды. Кездесуге Атырау қаласындағы Успен соборының протоиерейі Михаил әкей қатысты.                                                

Бақытжан  ХАМИТҰЛЫ.

Суретті  түсірген: Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз