Жарнама
Жаңалықтар

ИПОТЕКАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАРЫЗДАРЫ

 

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 11 ақпанындағы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде берілген Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 16 наурыздағы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқарма Төрағасының  бұйрығымен ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ведомоствоаралық  жұмыс тобы құрылған. Содан бері үш мәрте өз мәжілісін өткізген жұмыс тобы барлық ескертулер мен талап-тілектерді қаперге ала отырып, осы бағдарламаның жобасын дайындады. Ұлттық банкі Директорлар кеңесінің 2015 жылдың 10  сәуіріндегі қаулысымен ол толығымен мақұлданып, қабылданды. Бүгіндері осы құжатта белгіленген міндеттер мен іс-шараларды жүзеге асырудың алғышарттары алынуда. Министрлер кабинетінің ұйытқы болуымен қолға алынған өзекті мәселе төңірегінде ҚР Президенті жанынан құрылған экономикалық саясат жөніндегі кеңестің және ел экономикасын қайта жаңғырту мәселелеріне жауапты мемлекеттік комиссияның отырыстарында да қаралып, пысықталған.

 Аталған бағдарлама негізінен төмендегідей мақсаттарды көздейді: біріншіден, ипотекалық несиелеу жолымен қаржыландырылған жеке тұлғалардың қарыздарын қайтару мерзімін қайта қарап, қойылатын талаптарды мейлінше жеңілдету; екіншіден, проблемалық кредиттердің деңгейін төмендету; үшіншіден, экономиканың долларлану көрсеткішін азайту.

Бағдарламада белгіленген негізгі өлшемдерге сай, қарыз алушының және оның жұбайының (зайыбының) жалғыз баспанасы кепілге салынған, 2004 жылдың 1 қаңтары мен 2009 жылдың 31 желтоқсаны аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздары қайта қаржыландыруға жатады. Және ол қарыздар мынадай талаптармен қайта қаржыландырылатын болады: жылдық сыйақы мөлшері үш пайыздан аспайды, валютамен берілген несиелерді теңгеге конвертациялау (алмастыру) мүмкіндігі беріледі, қарызды қайтару мерзімі 20 жылға дейін ұзартылады.

Дәл осы бағдарлама банктердің қайта қаржыландыру үрдісін жүзеге асыруы кезінде алынған қарыз бойынша негізгі борыш (берешек) қалдығының есептен шығарып тасталуына немесе сондай жүйенің енгізілуіне кепілдік береді. Мұндай жеңілдіктер бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін, ипотекалық несиені ұлттық және шетел валютасымен, сондай-ақ  мерзімі өткен берешегі бар (уақытымен қайтарылмаған) қарыз алушы азаматтарға қолдау көрсетуді көздейді, яғни соған бағытталады. Бұдан бөлек, заңды күшіне енген сот актілері бар ипотекалық тұрғын үй қарыздары да қайта қаржыландырылады.

Бағдарлама аясында республика бойынша 20 мыңнан астам қарыз алушының, оның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына кіретін бес мыңнан аса азаматтың қарызы қайта қаржыландыруға жататындығы болжанған. Солардың арасында бір ғана Атырау облысының өзінде 400-дей несие алушының қарыздарын жеңілдікпен қайтару мүмкіндіктері бар екені баяндалды. Нақтырақ айтсақ, бағдарламада қамтылған кезеңде, яғни 2004-2009 жылдары банктерден 15 жыл мерзімге 18 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен несие алып, түрлі себептермен қарыздарын толықтай өтей алмаған немесе белгілі бір бөлігімен ғана есептескен клиенттердің ендігі жерде үш пайыздық қайтарыммен 20 жыл мерзімге қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан шығатын қорытынды, егер бұған дейін банктен 10 млн. теңге көлемінде несие алған жеке  тұлғаның жылына кері төлеуге тиісті қарызының сомасы 600 мың теңгені құраса, қайта қаржыландыру бағдарламасына енуімен байланысты (үш пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесі қолданылып, қайтару мерзімі ұзартылған жағдайда) бұл сома 120 мың теңгеге дейін төмендейді.

Жалпы алғанда, бағдарлама ауқымында жоғарыда аталған санаттарға жататын қарыз алушылардың проблемаларын шешіп, қайта қаржыландыру жобасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк құрамындағы «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ арқылы 130 млрд. теңге көлемінде үстеме қаржы бөлу жөнінде шешім шығарылған. Бағдарламаға қатысып, берілгелі отырған мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді пайдалану үшін екінші деңгейлі банктерге немесе Ұлттық банктің филиалына келіп жолығып, белгіленген үлгідегі өтінішті толтырып, тізілімде көрсетілген құжаттарды жинақтап, тапсыру тиіс. Құжаттар қабылданғаннан кейінгі 15 күн ішінде қарыз алушының бағдарламаға қатысу құқығы бар екені немесе одан бас тартылғандығы туралы хабарлама жіберіледі.

Бұның бәрі баспасөз мәслихатында егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ұлттық банк филиалы директорының айтқандарын қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Асланбек Қабесов толықтырып, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарды.

Дәулетқали АРУЕВ.          

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button