БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ ОЗАДЫ

«Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың негізгі факторы - еліміздің бірлігі. Ал, озық отыздықтың легіне ілігу – біздің басты мақсатымыз, барлық отандастарымыздың ортақ тағдыры» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында қуатты Қазақстанды құрудағы ұлтаралық бірлік пен келісімді, азаматтық қоғамды нығайтудың жоғарғы ролі туралы ерекше атап өткен болатын. Көп ұлтты халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің нәтижесінде экономикамызды күшейтіп, азаматтарымыздың ертеңіне деген сенімділігін қамтамасыз еттік» деп атап өтті облыс әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық хатшылығының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік концерт барысында.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылған шара барысында облыс басшысы келер жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағандығын, осыған орай ұлттық іс-шаралар аясында елімізді мекендейтін барлық диаспора өкілдерінің дәстүрін, мәдениетін жаңғырту бағытында нақты қадамдардың болатынын айтты. «Бірінші наурыздан бастап Ассамблеяның жиырма жылдығына арналған «Бірлік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы қолға алынды. Осыған орай еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғарғы оқу орындарында түрлі бағыттағы жастар форумы өтеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңіріміздегі ірі кәсіпорындарда қоғамдық келісім кеңестері құрылды. Аталған кеңестер ел бірлігін сақтауда келелі жұмыстар атқаруда» деп атап өткен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Одан әрі шара түрлі этно-мәдени бірлестік өкілдері дайындаған мерекелік концертке ұласты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз