
Индерде жаңа деңгейдегі жанар-жағармай кешені ашылды
Атырау облысы Индер ауданының дамуында жаңа белес басталды. Бүгін республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолының бойында «PromGaz» компаниясының заманауи жанар-жағармай кешені ресми түрде іске қосылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ашылу салтанатында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Үмітқалиева сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының аймақтарды дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмалары аясында осындай маңызды нысанды іске қосып отырған кәсіпкерге алғыс айтты.

Кешеннің басты ерекшелігі — мұнда тәулік бойы қызмет көрсетіледі: газ, дизельдік отын, АИ-92 және АИ-95 маркалы жанармайды бір мезгілде 12 автокөлікке құюға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ 60 орынға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін асхана жасақталған. Автокөлікке қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлік сататын супермаркет те жұмыс істейді.

16 адамға арналған заманауи қонақ үй де салынған.
-Кешеннің ашылуы жергілікті тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік болды. Жаңа нысан 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осындай заманауи кешендердің іске қосылуы өңірдегі инфрақұрылымды жетілдіріп, аудан экономикасына серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосуда. Ал бұл кешен тек Индер ауданындағы ғана емес, өңірдегі ең үздік сервистің біріне айналатыны сөзсіз, — дейді ауданның баспасөз қызметінің өкілі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА