Бас редакторлар бас қосты (+ФОТО)

img 20200904 wa0125 Жаңалықтар

Atr.kz/4 қыркүйек, 2020 жыл. Дендертаудың атын әйгілеген қос тұлға – Мөңкенің Мұраты мен Табылды Досымовтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухына тәу еткен бас редакторлар бір үстелдің басында пікір алмасты. Бұл бірінші рет емес, бұған дейін Қиғаш бойындағы Құрманғазы ауылында бас қосып, «Бас редакторлар клубы» құрылған еді.

Бұл ұйымда «Атырау-Ақпарат» ЖШС-іне қарасты екі облыстық және жеті аудандық газеттің жетекшілері шығармашылық және газет таралымына қатысты мәселелер жөнінде кеңесіп отырады, толыққанды шешім қабылдау үшін ұсыныстар айтылады. Осы жолы да келелі кеңес жасалды.

Республика Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жан-жақты насихаттау үшін негізгі тетіктер болғаны жөн. Ол үшін басымдықтарға назар аударылып, қадау-қадау мәселелер бұқараның көкейтесті тақырыбы ретінде газет бетінде жарық көруі тиіс. Ол үшін медиа-жоспар әзірленіп, арнайы спикерлер жасақталғаны артық емес. Бұл жөнінде серіктестік директорының кеңесшісі И.Балмағамбетов өз ойын ортаға салды.

Ал, жаңа форматтағы газеттердің мазмұны мен замана талабына сай өзгерістер оқырманға байқалып тұруы заңдылық. Сонда ғана газет тауар ретінде тұтынушыға қызықты әрі өтімді болады. Ол үшін журналист өзінің кәсіби біліктілігі, шапшаңдығы мен ақпаратты беру қабілетіне ден қоюы шарт. Әсіресе, аудандық газеттердегі толғақты мәселе – журналистер тапшылығы, мамандардың біліктілігі жөнінде тоқталған ЖШС-нің аудандық газеттер бойынша аға үйлестірушісі Л.Нұрбаева келешекте назар аударылуы тиіс кейбір бағыттарды атап көрсетті.

Газеттің басты мәселесі – таралымын көбейту. Қазір бұл жұмысты бұрынғы тәсілмен атқару орынсыз. Сондықтан, баламалы таралым туралы Индер аудандық «Дендер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ж.Амантурлин сөз алып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Басқосуда өңірдегі баспасөздің шығармашылық ахуалы, БАҚ арасындағы салиқалы бәсекелестік, мақала дайындауда жанрлық ерекшеліктерге мән беру, басқа мәселелер жөнінде Бас редакторлар клубының төрағасы Т.Дәрелов, Қазақстанның Құрметті журналисі, республикалық «Сахара» газетінің бас редакторы Қ.Батыров, Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Б.Сүйеуовалар пікір білдірді.

Сондай-ақ, мәжілісте «Дендер» газетінің бас редакторы Ж.Амантурлин серіктестіктің Бас редакторлар клубының төрағасы және «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің аймақтық өкілдігінің жетекшілігіне сайланды.

Мәжіліске қатысқан «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ы.Егембердиев қазір БАҚ-қа ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап көрсетіп, бұқараның мұң-мұқтажын айтуда, атқарушы органдардың қызметін насихаттауда негізгі роль атқаратын жергілікті газеттердің маңызына тоқталды.

– Дейтұрғанмен, мемлекет саясатын қабылдай білетін, өз еліне, туған өлкесіне жаны ашитын әр азамат жергілікті басылымды тұрақты оқып отыруы тиіс. Ол үшін газеттер жаттанды тәсілден гөрі жаңашылдыққа бет бұрғаны жөн. Шынында, қазір сын айтқанды ешкім ұнатпайды. Ал, жұмыстың нәтижесін халық күнбе-күн көріп отыр. Сол себепті газет бетінде орынды сын айтып, оған тиісті тараптың түсіністікпен жауап беруін тәжірибеге енгізуді қолға алатын уақыт жетті. Газеттің сапасы мен таралымын жақсартуға мұның да әсері бар, – деді ол.

Жиында клуб мәжілісі әр тоқсан сайын көшпелі тәсілмен өткізілетін болып келісілді.

img 20200904 wa0126
img 20200904 wa0127
img 20200904 wa0130
img 20200904 wa0128
img 20200904 wa0129
img 20200904 wa0124

Өз тілшіміз

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Жанна

    Керемет бас қосу. Əрдайым халық игілігі үшін жұмыстана беріңіздер. Еңбектеріңіз елене берсін