Хабиб Нурмагомедов елімізге жасырын келіп игі іс жасады (+ФОТО)
Спортшы халықтың шектен тыс назарын қаламаған болса керек, балалар үйіне баспасөз өкілдерінсіз барыпты. Ресейлік аралас жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов Қарағандыға келді. Спортшы «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездескен. «Иә, қалжың емес. Чемпионның өзі балаларымызға қуаныш сыйлады. Айтқан сөзінде тұрып, бізге келді», — деп балалар үйі оқиғаны растады.
Нурмагомедов Қазақстан туралы талай рет оң пікір айтқан еді. Қазақстандықтардың Мекке мен Медина қалаларына баруға көмектескеніне алғысын білдірген. Хабиб Нурмагомедов — жеңіл салмақ дәрежесінде UFC (Ultimate Fighting Championship — Sputnik Қазақстан) чемпионы. Былтыр қазан айында Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында Хабиб ирландық Конор Макгрегорды жеңді. Жекпе-жек ресейліктің жеңісімен ғана емес, соңында болған жаппай төбелеспен көпшіліктің жадында қалды. UFC президенті Дэйн Уайттың айтуынша, 2019 жылы Хабиб пен Конор қайта күш сынасуы мүмкін.