
«Есірткісіз болашақ»: Атырауда ерекше көрме өтті
Болашақтың жарқын не көмескі болмағы – бүгінгі ұрпақтың таңдауы мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Бұл тұрғыда жас жеткіншектерді жаман әдеттерден аластап, ізгілік пен өнерге баулудың маңызы орасан. Осы бір өмірлік ұстаным Атырауда өткен іс-шарада анық көрініс тапты.

Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде жас қылқалам шеберлерінің қатысуымен «Есірткісіз болашақ» атты облыстық байқау-көрме ұйымдастырылды. Өмірдің өзекті мәселесін өнер арқылы өрнектеген бұл көрме – қоғамды жайлаған нашақорлық індетіне қарсы үнсіз айқай, бейнелі ескерту іспетті болды.
Иә, нашақорлық – адамзат баласының рухын тұншықтырып, ерік-жігерін езіп-жаншитын ауыр әрі аса қауіпті кесел. Оның салдары тек жеке адамды ғана емес, тұтас ұлттың келешегін тәлкекке салады. Әсіресе, жүйке жүйесі әлі толық қалыптаспаған жасөспірімдер үшін бұл – орны толмас трагедияға апарар жол. Осындай қауіптің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған көрме – рухани тәрбиенің, салауатты өмір салтының және шығармашылықтың үйлесімді ұштасқан көрінісі болды.
Іс-шараның шымылдығын музей басшысы Төлеген Орынбасарұлы салтанатты түрде ашып, жас ұрпақты жаман әдеттің шырмауына ілікпей, саналы да салауатты өмір сүруге үндеді.
– Бүгінгі ұрпақтың бойында тек білім мен тәрбиені ғана емес, сонымен бірге рухани иммунитетті де күшейту – қоғам алдындағы ортақ міндет. Көрменің басты мақсаты да осы. Жасөспірімдерге зиянды әдеттердің, оның ішінде есірткі мен психотропты заттардың қандай қатер әкелетінін түсіндіру ғана емес, сонымен қатар олардың бойындағы өнерге деген құштарлықты оятып, отансүйгіштік пен рухани байлыққа деген көзқарасты бекемдеу. Әрбір сурет – бала қиялының, балғын жүректің ішкі үнін бейнелеген сырлы әлем, — деді Т.Орынбасарұлы.
Байқауға облыс бойынша 159 жұмыс ұсынылды. Әрбір сурет – баланың жан дауысы, өмірге деген үміті мен өзіндік ұстанымы. Бұл жұмыстарды қазылар алқасы әділ бағалады. Қазылар құрамында – Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі Айса Отаралиев, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің оқытушысы, педагог-сарапшы Дәулет Сәлимов, музей маманы Аслан Дүйсенғалиев секілді тәжірибелі мамандар болды.
Көрменің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Атырау облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі, капитан Есенжан Арысов жас суретшілерге шығармашылық табыс тілеп, қоғамда есірткіге орын болмауы керектігін атап өтті.

Жиын барысында 50 қатысушы Алғыс хатпен және ынталандыру сыйлығы ретінде планшетпен марапатталды. Ал негізгі жүлде иегерлері былайша анықталды. І орын М.Мөңкеұлы атындағы орта мектептің VI сынып оқушысы Назым Нұрланқызына бұйырды. Оған дипломмен қатар ұялы телефон табысталды. ІІ орынға Индер ауданындағы Елтай ауылының VII сынып оқушысы Аяна Памина мен Ломоносов атындағы мектептің V сынып оқушысы Кәусар Тілекқабыл ие болды. Екеуіне де ұялы телефон сыйға берілді. ІІІ орын Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 мектебінен Мөлдір Сисенбай, Ғ.Мұратбаев мектебінен Әділхан Мұхтасар және №37 мектептен Ақнұр Қуаныш марапатталды. Оларға смарт-сағаттар табысталды.
Оқушылардың жетекшілері де елеусіз қалмай, еңбектері үшін Алғыс хатпен марапатталды. Солардың қатарында Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы Қ.Ахмедияров атындағы мектептің бейнелеу пәнінің мұғалімі Альфия Оразғалиева да болды. Өнерге жаны жақын ұстаз шәкірттерін байқауға арнайы дайындапты. Шарада шығармашылық жетекшіден байқау туралы пікірін сұраған едік.
– Ауданнан шәкірттеріммен бірге осы байқауға арнайы келдік. Біз мектепте бейнелеу сабағынан бөлек, шығармашылық үйірме жұмысын тұрақты түрде өткіземіз. Үйірмеде оқушылар сурет салудың түрлі техникасын меңгеріп қана қоймай, қолөнерге де бейімделеді. Шәкірттерім өз ойын бояу арқылы жеткізуге ұмтылады. Бұл – оларды жаман әдеттерден аулақ болуға, өз-өзін тануға жетелейтін өнер. Осындай мазмұнды көрмелер балалардың ішкі дүниесін ашып, оларға сенім сыйлайды. Шәкірттерімнің еңбегі еленіп, ынталандыру марапатына ие болғанына шын жүректен қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік, — дейді оқушыларға бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаз.
Көрмеге оқушылар, ата-аналар, ұстаздар және шығармашылық жетекшілер қатысып, балалардың бейнелеу өнері арқылы жеткізген үнін жүрекпен қабылдады. Бұл – өнердің тәрбие құралына айналған сәті, үміттің бояумен безеніп, өмірге деген шынайы көзқарастың қағаз бетіне түскен тұсы болды.
«Есірткісіз болашақ» көрмесі – балалардың ғана емес, бүкіл қоғамның ар-намысына айналған ұлы тақырыпты өнер тілімен ұлықтаған тағылымды шара ретінде есте қалды.
Майра ЕРҒАЛИ