Суицидтің алдын алуға бағытталған ұлттық бағдарлама дайындалды

suicide 25 650 121114100116 Жаңалықтар

Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге сүйенер болсақ, дүниежүзінде өз-өзіне қол жұмсау деректері азаймай отыр. Соңы қайғылы оқиғаларға ұласатын жайттар елімізде де, соның ішінде біздің өңірде де кездеседі. Оған не себеп және қалай алдын алуға болады?

suicide 25 650 121114100116

Міне, осы сауалдар төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Bilim foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры Алмас Нұрбақытов, аталмыш қордың медиа жаттықтырушысы Нұрбек Матжани журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

Мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда жылына 250-ден астам суицид оқиғасы орын алса, әлемдік деңгейде 800-ден астамы тіркелген. Осыған байланысты, биылғы оқу жылынан бастап жасөспірімдер мен балалардың арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алуға арналған ұлттық бағдарлама дайындалды. Оның негізінде Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жұмыстарын бастады.

«Мамандар суицид оқиғасының жиiлеуiне әртүрлi себептердi алға тартады. Соның ішінде әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгi сынып балаларының намысына тиетiн әрекеттер жасауы сияқты жағдайлар – негізгі факторлар болып табылады. Өз өмірін қиюға бағытталған ерікті түрдегі саналы әрекет қазіргі таңда жаһандық, қоғамдық мәселеге айналып отыр. Атап айтқанда, ересектер тарапынан баланың саналы деген талап-тілек, мұқтаждықтарын өнегелі тұрғыдан ескермеу, олардың жас мөлшері мен балалық психологиясына көңіл бөлмеу сияқты кемшіліктерден болып жатады»,-дейді «Bilim foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры А.Нұрбақытов.

Балалар өз мәселесін ашылып ешкімге айтпайды. Біреуге айтса, елдің бәріне жария болып кете ме деп қорқады. Сонымен, өзіне-өзі қол салу өмірде кездесетін дағдарыстан, қиындықпен күресуге қабілетсіздік, қиыншылыққа төзе алмаудан туындайды. Алдын ала өзін өлімге ақырын бейімдеп жүреді де, кейін сәл ғана нәрсе түрткі болады.

Бүгінде 15-25 жас аралығындағы жастар арасында өзіне-өзі қол салушылар көбеюде. Зерттеулер нәтижесі бойынша, әрбір бесінші жас осындай қатерлі «дертке» ұшырайды екен. Олар ешкімге айта алмаған сырын қоршаған адамдарға, соның ішінде, жақын досына немесе туысына білдіреді.

Сонымен қатар, бұл ретте, тілшілер қауымына да ұсыныс-тілектер айтылды. Мәселен, жастардың психикасы әлі қалыптаса қоймағандықтан, өмірлік тәжірибелері де жеткіліксіз. Сондықтан олардың болашағына да алаңдаушылық білдіріп, мақала дайындауда белгілі бір шектеуші талаптар қойылғаны жөн. Жан түршігерлік жағдайдан «сенсация» жасап, басылымдардың бірінші бетіне беруге, оқиғаның болған жерін нақты айтуға, суицид құрбандарының аты-жөнін толық және суреті мен видеосын жариялауға болмайды.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз