Ерлікпен қаза тапқан полицей Шалқарға арналған сынып ашылды
Атырау қаласындағы Береке орта мектебінде бейбіт күннің батыры, ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев атындағы «Жас сақшы» сыныбы ашылды.
Полицейдің түлеп ұшқан мектебінен ашылған сыныптың ашылу салтанатына облыстық полиция департаменті, білім беру басқармасының қызметкерлері, анасы — Ләззат Мұқанова қатысты.
2019 жылдың 21 наурызында кешкі сағат 21:35-те 102-пультіне белгісіз біреу хабарласып, орталық көпірден Жайық өзеніне адам секіріп кеткені туралы хабарлаған. Оқиға орнына дереу полиция сержанты Ш.Ақымғалиев бірінші жетіп, ойланбастан суға секірген. Кейін көмекке полиция кіші лейтенанты Р.Сүндетов келіп, ол өзімен бірге бөрене алған. Суға батып бара жатқан әйел адамды құтқарғанымен, полиция сержанты Ш.Ақымғалиев су ағысына қарсыласа алмай батып кеткен. Полиция сержанты Шалқар Көшкінбайұлы қаза болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Оның есімі облыстық Полиция департаментінде қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің құрметін орнатылған мемориалдық ескерткішке енгізілген.
Жаңарған сыныпта Шалқар Көшкінбайұлының көзі тірісінде алған Алғыс хаты, мадақтама, сертификат, куәлік, төсбелгілерімен қатар, қолданылған заттары да қойылған.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ