Нұрбек СЪЕЗХАН, оралман: «Құлдыраңдап келген құлынмын»

ЕАС 757 Жаңалықтар

Моңғолиядан келген қазақтардың алғашқы көші 1991-1994 жылдары басталды.  1994 жылы осы елдің Қазақстандағы елшілігі жүргізген мәлімет бойынша 12 мыңға жуық отбасы, алпыс мың адам көшіп келген. Алайда, егемендік алған қысылтаяң тұста оларға мемлекет тарапынан қолдау жағы кемшін болды. Соңғы 10-15 жылдың төңірегінде ғана оралман ағайындарға квота беріліп, жеңілдіктер қарастырылды. Бірақ, елді аңсап жүрген қазаққа қай жыл, қандай мезгіл маңызды емес. Ең бастысы – ата-баба мекеніне оралу.

ЕАС 757

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Моңғолиядан Қазақстанға алты жасында келген  Нұрбек Съезхан.  Қазір Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі. Бала болса да оның көз алдында сол кезеңдегі оқиғалар мен қазақ жеріне келгендегі алғашқы сәті жатталып қалыпты.

Нұрбек, Қазақстанға алғаш келген сәтті тағы бір еске түсіріңізші. Жолда қандай қиындықтар болды? Әкешешеңіз қазақы ортамен бірден араласып кетті ме?

– Әкем Съезхан Хайдарұлы Моңғолияда айтыскер ақын ретінде танылған. Анам Бәтима Семей бала тәрбиесімен ғана отырды. Әкемнің айтуынша, Моңғолия жерінде қазақтар жаман тұрған жоқ. Қиыншылық көрсе де моңғолдармен бірге көрді. 1940 жылы Баян-Өлгей қазақ аймағы құрылды. Қазақтардың еншісіне тиген жердің де ырыздығы мол болды. Бір аймаққа топтасқан қазақтар өздерінің ұлттық тілін, салт-санасын сол күйінде сақтай алды. Әдебиеті, театры, жергілікті баспасөз құралдары – бәрі де ертеректе қалыптасты. Моңғолдар қазақтарға өздерімен бірдей жағдай жасады. Біз алғашында Баян-нұр деген жерде, кейін Хэнти атты елді мекенде тұрдық. Үйде алты баламыз. Әкеміз Съезхан тәртіптің адамы болды. Рухани бай еді. Қолына түскен қазақша журналдар мен кітаптардың бірде-біреуін жібермей оқитын. Әкеміздің бұйрығымен үйде, көрші-көлеммен де қазақша сөйлесеміз. Орталықтағы моңғол мектебінде оқитын екі ағам үйге келіп моңғолша сөйлессе, әкемнен сөгіс алатын. Бізді бала кезімізден «сендердің Отаның – Қазақстан, тілің – қазақ, ата-бабаң  Қазақстанда туған» деп тәрбиеледі.

Қазақстанға қазақтар еркін келе бастаған шақта біздің әкеміз бірінші болып, сол көштің қатарына ілікті. Төрт-бес күндікте қазақ жеріне көшетініміз туралы хабар келгенде ата-анам үйдегі төрт түлік малды сол жақтағы қазақ ағайындарға түгелдей таратып берді.

Иркутск қаласын айналып пойызбен келдік. Пойызда орыс баласының менің балмұздағыма жармасып, сегіз жасар ағам екеуміздің онымен төбелескеніміз есімде. Әкем орысша түк түсінбейді. Орыс баланың әкесіне қолын бір сілтеді де бізді алып кетті. Сөйтіп, әсіресе, ата-анама қатты арман болған қазақ жеріне де келдік.

Біз бала едік. Құлдыраңдап келген құлын болатынбыз.  Ол кезде ата-баба мекені дегенге мән бермейміз. Талдықорғанның Көктөбе елді мекеніндегі пансионатқа келіп түсіп, айға жуық жаттық. Бізбен Моңғолиядан біршама қазақ келді. Кейін әкемді, екі ағамды қызметке алып кетті. Екі-үш күннен кейін апаммен қалған кішкентай балаларды түн ішінде тау маңындағы киіз үйге апарды. Ертесіне Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Екпінді совхозының Шілікті деген бөлімшесінде мал бағуға кірісіп кеткен әкеміз бен ағамыздың қасына бардық.

Көктем шыға Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бейбітшілік совхозына кеттік. Ол жерде де совхоздың малын бақтық. Үкімет тарапынан бізге берген көмегі мал бағу жұмысын тауып бергені еді. Бейбітшілік совхозына келгенде «ағайын келді» деп,  Мырзалы деген ақсақалдың бізге екі сиыр мен екі ешкі әкеліп беріп, ерулік жасағаны есімде. Көпшілігі бізді моңғол дейтін. Қазақ қатарына қоспады. Оның үстіне мал бағудан көзіміз ашылмады. Осы жерден 1 сыныпқа бардым.

– Сонда сіздерге өз жерімізде  қырын  қараған  адамдар да болды ма?

– Иә. Әкем қазақ жеріне келгенде жағдайымыз одан әрі оңалады деген үмітте еді. Керісінше, айтысты да, өлең шығаруын да тастап, таза тұрмыстың қамына кірісті. Бізді асырау үшін мал бақты, шөп шапты, егіншілікке де араласты. Он бес жастағы Дүйсенбек ағам да ерте еңбекке араласты. Оларға шөп шабуға көмектесетінмін.

Сол  жердегі  бауырластарға өкпелеген әкем: «Жүрек назы» өлеңін шығарды. Оқып берейін:

«Ағайын аңсап келгенде, тәттілігін сағындым,

Тәлкегіне тағдырдың мұнша неге бағындым?

Егеменді ел болған бірлігіңді сағындым,

Сыйламасаң ағайын, қаттылығыңа бағындым.

Сый-сияпат, дүние дәметіп мұнда келгем жоқ,

Өмір бұлай болар деп, еш уақытта сенгем жоқ.

Жазылды ма маңдайға «моңғолский» деген сөз,

Көріп жүрсің амал не шықпаған соң екі көз» деп налиды. Әрі қарай:

«…Ортаңа келді осылай Абақ керей түлегі,

Ақ ордаңа шаншылсын уығымның біреуі» деген жолдары бар.

Бұл өлеңі 1994 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді.

– Ата-бабаларыңыз Моңғолияға қай жылдары ауып кеткен? Бабаларыңыз туралы әкеңіз айтушы ма еді?

–Әкем марқұм 2011 жылы дүниеден өтті. Ол соңғы демінде ұрпағын қазақ жеріне әкелгеніне риза болып кетті. Атамыз Хайдар Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында молда болған. Көзін көрген кісілер сөзге шешен, ақын деседі.

Тарихқа көз жүгіртсек, XVIII ғасыр қазақ үшін тағдыры таразыға түскен кезең болды. Қазақ жерін үш отаршыл держава қыспаққа алды. Шығысында Қытай дендеп еніп, қазаққа тиісті біраз аймақтарға ие бола бастады. Солтүстіктен Ресейдің отарлаушы отрядтары сұғынды. Ал, оңтүстік-шығыстағы Жоңғария көшпелі империясы Қазақ хандығын тікелей отарлауға көшті. Қазақ жерінің шығысы, оңтүстігі жоңғар шапқыншыларының қожалығында қалды. Міне, осы кезеңде қазақ халқының әлемнің этникалық картасынан мүлдем жоқ болып кету қаупі нақты байқалды. «Бол, немесе бордай тоз!» деген сын сағат туды. Осындай сын сағатта еліне батырлар мен билер ғана қорған болды. Соның бірі  –  Ер Жәнібек. 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдағанда Ер Жәнібек өзіне қарасты Керей елін бастап, Сыр бойынан көшіп, Қалба тауына қоныстанды. Одан әрі Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіндегі қазақ жұртының байырғы мекеніне көш түзейді. Қазақ халқының ажырамас бөлігі болып табылатын Абақ-Керей жұрты осы жерді мекендеп, өніп-өсті. Біздің арғы тегіміз осы Абақ-Керейден басталады. Сондықтан, қазіргі Қытай мен Моңғолияда тұрақтап қалған қазақтардың көбі сол Ер Жәнібек бастап барған жұрттың ұрпағы дер едім.

Батырдың ұрпағы болғасын ба, әкеміздің ұлтына деген сезімі бөлек еді. Тіпті, Ерейментауда жүргенде де басқа ұлттың баласымен араластырмады. Қазір, міне, орысшаға шорқақпыз.

– Ағайындарыңыздың бәрі қазақ жерінде тұрып жатыр ма?

–Бір апам Нұршаш – колледжде оқытушы. Үлкен апам кезінде сауыншы болып жүріп, тұрмысқа шықты. Қазір бәрінің өз отбасы бар, бақытты өмір сүріп жатыр. Анамыз қазір Ақмола облысының, Ерейментау ауданындағы Новомарковка ауылында ағамның қолында тұрады. Үйлерін салып алды, жағдайлары ел қатарлы. Қалған балалары да Ақмола облысында. Олардан жырақта жүрген өзім ғана.

–  Ауыл баласы қалай актер атанды?

– Әкем жетеледі. Өзі өнерді, өнер адамын құрметтейтін. Бірақ, мен мектепте тентектеу болдым. Тоғыз бітіріп, музыка колледжіне оқуға түсіп, одан шығып кеттім. Әкем қайта мектепке апарып, ақыры он бірді тәмамдап шықтым. Айыбым болғандықтан, оқымай үйде жүрдім. Бір күні әкем Астанаға барып келіп, «Бала, жинал, ертең Астанаға кетеміз. Оқуға түсесің» деді. Ойда дым жоқ, қалаға келгенде «актерлікке емтихан тапсырасың» деді. Актер дегенді естіп көрмеген мен үшін атауының өзі таңсық еді. Содан емтихан қабылдайтын ағай-апайлардың айтқанын орындап беруім керек екен. Ақыры кілең жоғары бағамен оқуға түсетін болдым. Сөйтіп, өзгелерге еліктеп, бір жылдан кейін әртістікті жақсы көріп кеттім.

– Ал, Атырауға қалай келдіңіз?

–Менің қай істе де идеалым – әкем. Оқу бітіргенде «жолдамамен Атырауға кетесің» дегенде анамнан бастап бәрі қарсы болды. Әкем ғана шақырып алып: «Өзің жақсы болсаң, жаман ел, жаман жер болмайды. Мен де әке-шешемнен жырақта жүрдім. Сенің де болашағың жарқын болатынына сенемін»  деп Атырауға батасын беріп, шығарып салды. Айтқаны келді, облыстағы театрдың белді актері атандым, еңбегім еленіп, баспаналы болдым. Атыраудың Анар есімді қызымен бас қостым. Қазір ұл-қыздарым өсіп келеді. Бүгініме шүкір деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз