Исатай Балмағамбетов – үздік редактор!

Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов «2016 жылдың үздік редакторы» атанды.

 Мәртебелі марапатты Қазақстан Журналистер Одағының Атырау облыстық филиалының басшысы Қуандық Батыров салтанатты жағдайда тапсырып, үздік редакторға алтыннан алқа тақты. Бұған дейін хабарланғанындай, Қазақстан Журналистер Одағының Атырау облыстық филиалы қаламгер қауым үшін түрлі номинация бойынша конкурс ұйымдастырған болатын.

 Кәсіби мереке қарсаңында қорытындыланған конкурс барысында бәсекелестік деңгейінің жоғары болғандығын айтқан Журналистер Одағының өкілі Қуандық Батыров Исатай Балмағамбетов жетекшілік ететін шығармашылық ұжымның креативтілігімен, жаңашылдығымен ерекшеленетінін атап өтті. «Атырау» газеті шын мәніндегі жаңалықтың жаршысына айналды. Исатай Құндызбайұлы кәсіби шеберлігімен, үздіксіз ізденістерімен қашанда әріптестеріне үлгі болып келеді» деді ол жергілікті «Ақжайық» газетінің ұлттық баспасөз-клубында өткен салтанатты жиында. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов бұған дейін де бірнеше республикалық конкурстардың лауреаты атанған болатын. Салтанатты жиын барысында әріптесіміз, хат және бұқарамен байланыс бөлімінің меңгерушісі Гүлзада Ниетқалиева да Қазақстан Журналистер Одағының дипломымен марапатталды.

  Уақытпен санаспай еңбек етуді талап ететін журналистика саласына өзіндік дара жолын қалыптастырып үлгерген Бас редакторымыз Исатай Құндызбайұлын кезекті жеңісімен және әріптесіміз Гүлзада Рахметқызын мерейлі марапатымен құттықтаймыз.

«Атырау» газетінің ұжымы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз