Жарнама
Жаңалықтар

Енді скутерлер мен самокаттарды дұрыс пайдаланбағандарға жауапкершілік қарастырылады

Мемлекет басшысы биыл 29 маусымда жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Аталған заң 30 тамыздан бастап іске асады. Заңда электр скутерлерін және самокаттарды дұрыс пайдаланбағандарға жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы Атырау облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Аманжол Жұмалиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

— Аталған көлік құралдарының нарыққа байланысты қазіргі уақытта халық игілігіне көп жаратылуына орай күннен күнге саны артуда. Яғни, бұл көліктердің халыққа тигізер пайдасы мол болғанымен, оны тиімді әрі дұрыс пайдаланбасақ әкелер зардабы да көп болады. Соған байланысты «Жол қозғалысы туралы» заңға бірқатар түзетулер енгізілді. Электр самокат — екі немесе үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышты пайдалану арқылы бір адамның жүріп-тұруына арналған, орындығы жоқ, ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына жиырма бес километрден аспайтын жеке мобильді көлік құралы. Аталған көлік құралын басқару кезінде кейбір заңнамалық актілерге байланысты өзгерістер енгізілген болатын. Нақты тоқталсам, самокат және мопед құралын бір қолмен басқаруға болмайды. Оған қоса, самокат бір адамға арналғандықтан онымен қосымша жолаушы тасымалдауға тыйым салынады. Сондай-ақ, жүргізуге кедергі келтіретін жүктерді тасымалдауға және мопедпен немесе велосипедпен сүйретіге арналған тіркемелерді жалғауға тыйым салынады. Аталған көлік құралдарын басқару кезінде жүргізушінің басында арнайы шлем болуы міндетті, — деді А.Жұмалиев.

Электр самокат пен мопед жүргізу кезінде жүргізуші арнайы бас киімсіз ұсталған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабының 1-бөлігі бойынша 5 АЕК айыппұл көзделген. Сонымен қатар, жол жүрісі туралы заңда көрсетілген өзге де талаптарды орындамаған жағдайда ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

— Қазіргі уақытта самокат немесе мопедпен автокөліктердің жолымен жүру кезінде жылдамдық 25 километр сағаттан аспауы керек. Ал жаяу жүргіншілер жолымен өту кезінде сағатына 6 километр жылдамдықтан аспауы керек, — деді А.Жұмалиев.

Айта кетейік, самокатты немесе мопедті автокөлік жолымен басқару кезінде басқарушы тұлғаның қолында міндетті түрде жүргізуші куәлігі болуы керек. Аталған көлік құралын кез келген санаттағы жүргізуші куәлігімен басқаруға болады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button