Енді пошта дронмен жеткізіледі

почта Жаңалықтар

Жуырда «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошташылардың төл мерекесі аталып өтті. Адамзатпен бірге пайда болған ақпарат беру, хабар алмасу, сәлемдеме, хат тасымалдау секілді қызмет түрінің тамыры тереңде жатыр.

почта

Бүгінгі күні поштаның сипаты да, бағыты да өзгерген. Технологиялық мүмкіндіктер саланы едәуір алға жылжытты. Кәсіби мерекелеріне орай «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан Сапаргелдіұлы Өтепбаевпен әңгімелескен едік.

поштаны

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕЙМІЗ, НЕСИЕНІ ӨТЕЙМІЗ

– Бауыржан Сапаргелдіұлы, бәрімізге белгілі, қазіргі кезде пошта қызметінің басым бөлігін электрондық технология атқаратын болды. Бұл қаншалықты тиімді? Пошташылардың бүгінгі қызметтеріне тоқталып өтсеңіз.

– Қазіргі күні «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалында алты жүзге жуық адам жұмыс істейді, оның тең жартысы – пошта тасушылар мен операторлар. Біздің қызметкерлер «Қазпоштаның» тұрғындарға көрсететін қызметтерінің барлығын өз деңгейінде атқарып келе жатыр деуге болады. Қазір пошта жай жазбаша хат-хабарлар, басқа да пошталық жөнелтілімдер тасымалдау, ақша аудару, жазылым бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын тарату,  «EMS Kazpost» секілді қызметтерді көрсетеді.

Мемлекеттік бюджеттен және жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлем мен әлеуметтік жәрдемақыны жеткізу, трансфер-агенттік қызмет, депозит қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың банктік шотын ашу және жүргізу, еңбекақы,  стипендия және басқа ақшалай төлемдердің аударым операцияларын жүргізеді, сонымен бірге екінші деңгейлі банктердің несиесін өтеуді қабылдайды. Осы қызметтер  ішінде соңғы жылдары ашылған «EMS Kazpost» қызметі – пошта жөнелтімдерін жедел түрде Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізу, трансфер-агенттік қызмет – құнды қағаздармен жұмыс істей отырып, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға көмек көрсетеді.

«Қазпошта» – ұлттық оператор. Ол – «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншісінде пошталық және қаржылық қызмет беретін бірден-бір мекеме. Жағдайымыз жылдан-жылға жақсарып келеді. Күні кеше бес терминал мен бес банкомат алдық. Оларды халық көп шоғырланған бөлімшелерге орналастыру жұмыстарына кірістік.

– Осы ретте айтыңызшы, шалғай ауданның тұрғындары пошта қызметін қалай пайдаланып жүр?  Оларға газет-журналдар мен сәлемдемелер уақытылы жетіп тұра ма?

– Қазіргі кезде дрон ұшқыш аппараты арқылы шалғай аудандармен байланысуды  көздеп отырмыз. Бүгінгі күні еліміз бойынша жалғыз Қарағанды облысы ғана бұл қондырғыны жүзеге асырып келеді. Біз әлі жетілдіріп, жан-жақты талқылаудан өткізудеміз. Әзірге әр аудан бойынша шалғай елді мекендерге аптасына бес рет автокөліктер қызмет етеді. Қыстағы боранда, жазғы аптап ыстықтарда, жаңбырлы күндері дронның пайдасы өте зор. Ескеру керек, бұл қондырғыны екі елді мекеннің арақашықтығы 100 шақырым болғанда пайдаланамыз. Бұл ретте біздер Қызылқоға ауданының кейбір шалғай ауылдарын қамтуды жоспарлаудамыз.

ХАТ ЖАЗУ АЗАЙҒАН ЖОҚ

– Поштаның қызметі – пошташылар мен операторлардың таңнан қара кешке дейінгі тынымсыз еңбегімен өлшенеді. Мереке қарсаңында, осы салада аянбай еңбек етіп келе жатқан құрметті маман иелерін  атап өтсеңіз…

– Техника дамыған кезеңде де олардың қызметтері мәртебелі болып қала береді. Бүкіләлемдік пошта күніне орай  қазан айының 21-інде Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында салтанатты шара өткіземіз. Онда бізбен бірге байланыс жасайтын сала мамандары мен пошташылар марапатқа ие болады.

Кейбіреуіне тоқталып өтсем, Махамбет аудандық пошта байланысы торабының пошта жөнелтімдерін өңдеу және жеткізу учаскесінің басшысы Бибінұр Аруева, №5 Атырау қалалық пошта байланысы бөлімшесінің басшысы Сара Сүндетова,  №4 Атырау қалалық пошта байланысы бөлімшесінің басшысы Айжан Қалиева, Балықшы пошта байланысы бөлімшесінің басшысы Наталья Калмыкова, Жылыой аудандық  пошта байланысы бөлімшесінің есепшісі Шынар Ізбергенованы айтуға болады.  Сондай-ақ, Құрманғазы ауданындағы поштада қырық жылға жуық басылымдарға жазылу қызметі бойынша жұмыс істеп келе жатқан Әлжібек Маханова, Жылыой аудандық поштасында отыз жылдан бері оператор – Гүлмира Ізекенова, пошташы Орынша Бейімбетованы да ерекше айтамын. Мекемеміздің есепшісі Руслана Мұқанәлиева, экономист Қарлығаш Қасымжанова, поштаға келген сәлемдеме мен газет-журналдарды сұрыптайтын бөлімнің басшысы Тамара Көшекенова тағы басқасы бар.

– Облыстық филиалдың аудандарда қанша бөлімшелері бар?  Олардың материалдық-техникалық базасы қандай?

–  «Қазпошта» АҚ-ның желілері ауқымды. 106 бөлімшеміз бар. Оның 62-сі тораптық және 7 аудандық пошта, қала бойынша және қаладағы елді мекендерде 28  бөлімше болып бөлінеді.

Жылдың соңына дейін бұл тұрғыда көптеген жаңалықтар болады. Қазір Құрманғазы, Исатай аудандарындағы бес бөлімшеміздің және Атырау қаласындағы №6 пошта бөлімшесіндегі негізгі жөндеу жұмысы аяқталып тұр, енді құрал-жабдықтармен қамтуымыз қалды.  Жылыой ауданы мен Қызылқоға ауданында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айдың соңына дейін аяқталады. Жаңадан көліктер де келуде.

– Қазір конвертпен хат жазудан әлдеқайда жеңіл, әлдеқайда тез баратын «электронды пошта», «скайп», «мобильді агент», «факс», «ұялы телефон» секілді бірнеше байланыс түрлері бар ғой. Тұрғындар арасында хат жазу азайған шығар?

– Бұрынғыдай көп болмағанымен, соншалықты азайды деп айта алмаймын. Адамның сезімін жеткізуде қай заманда болмасын, хаттар бірінші орында тұратын секілді. Қалай болғанда да, хат-хабарды сұрыптау бөліміндегі қызметкерлеріміздің қолдары тимейді. Бұрынғыдай қағазбен хаттар келеді. Бірақ, оның келесі бөлімшеге жетуі электронды түрде атқарылады. Мәселен, бір ауданнан келесісіне хаттар екі-үш сағаттың ішінде жетеді.

ҚАЗАҚ ТІЛДІ БАСЫЛЫМҒА СҰРАНЫС АРТТЫ

– Қазір газет-журналға жазылу науқаны жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары жазылушылар саны қалай? Өсіп отыр ма, әлде?

– Иә, қыркүйек айынан бастап келесі жылға газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Негізгі жоспарды орындап отырмыз. Басылымдар жазылушының тікелей үйіне, жұмысына немесе оқу орнына жеткізіледі. Қазір тұрғындардан қазақ тіліндегі басылымдарға жазылатындар көбейіп отыр. Онлайн ақпарат болса да, газетке деген сұраныс ешқашан төмендемейді. Өйткені, қолмен ұстап, қағаздан оқу дегеніміз – бір ғанибет қой. Шетелде де газет ешқашан жойылған емес. Сондықтан, басылымдардың ғұмыры әлі де ұзақ болады деп айта аламын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз