Енді ауыл әкімдерін тұрғындар дауыс беру арқылы таңдайды
Atr.kz/24 мамыр, 2019 жыл. Сайлау туралы жаңа заң жобасына сай, енді елді-мекендердің басшысын жергілікті халық жасырын дауыс беру арқылы сайлайды.
КТК арнасының хабарлауынша, үміткерді саяси партия ұсынуы тиіс.
Бір қызығы, үміткердің партия мүшесі болуы міндетті емес. Яғни, ауыл әкімі болғыңыз келсе, белгілі бір партияға барып, сайлауға қатысуға ниет білдіресіз. Егер саяси ұйым сіздің кандидатураңызды құптап, қолдаса, додаға қосады. Сайлауда жұрт жасырын дауыс беру арқылы таңдау жасайды.
Жеңіске жеткен азамат елді-мекенді 4 жыл басқарады. Қазір шағын қала, ауыл басшысын аудан әкімі мәслихат депутаттарымен ақылдасып тағайындайды. Сондай-ақ, бұдан былай мәслихат депутатына үміткерді де партия ұсынады. Бірақ, бұл жерде алдымен партияның өзі сынақтан өтуі тиіс. Саяси ұйым сайлаушылардың кем дегенде 7 пайыздық дауысын жинағанда ғана мәслихат сайлауына кандидат қоса алады. Мәжілісмендер жаңа құжатты бірден екі оқылымда қарап, мақұлдады.