Жарнама
Жаңалықтар

«Еңбегі жанған арулар» зор марапатқа бөленді

Әйел – ана, әйел – еңбеккер, әйел – қоғам қайраткері. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін оларға қандай құрмет те артық болмайды. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Н.Балғымбаев орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының 25 жылдығына арналған «Еңбегі жанған арулар» атты облыстық форум өтті. 

 Форумды ашып, құттықтау сөз сөйлеген Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Бақытгүл Хаменова бүгінде жолы жіңішке әйел затының ел экономикасының барлық саласында өзіндік қолтаңбасы бар екенін әңгімелей келе: 

    – Қай қоғамды да әйелдерсіз, олардың жанды жұмысынсыз елестету мүмкін емес. Әйелдер қауымы білім беру, денсаулық сақтау салалары мен кәсіпкерлікте, басқа да ауыр жұмыстарда өз белсенділіктерін көрсетіп келеді. Әсіресе, 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңі саналатын аса қиын жылдарда олар білек сыбана ортаға шығып, отбасы мен бала-шағасын асырау қамына кірісті. Білімді, іскер, саяси сауатты қыздар мен келіншектер, әйел-аналар қашаннан өзгелерге үлгі бола білуде. Облысымыздың басшысы Махамбет Досмұхамбетов сіздерді әрқашан қолдап, құрмет көрсетеді. Бүгін де мен осы залда отырған баршаңызға аймақ басшысының сәлемі мен құттықтауын жолдаймын! — деп, облысымыздағы отбасылық-гендерлік саясатты жүзеге асырып, еңбек нарығында әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өзіндік үлес қосып жүрген бір топ әйел азаматшаны Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

6222f7f2 3e53 4849 b64c 9a9260c30273

Бұл шынымен аспаннан марапат жауған күн болды. Форумға қатысушыларды құттықтап, өздерінің жүрекжарды тілектерімен бөліскен қоғам қайраткері Рәшила Мүрсәлиева әйел затына тән емес ауыр жұмыста ысылған бір топ еңбеккер әйелді, ал облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Фатима Төлеева облыстың қоғамдық-саяси, әдеби-танымдық, мәдени-көпшілік шараларына белсене араласып, түрлі қайырымдылық істің ұйтқысы болып жүрген тағы бір топ нәзік жанды республикалық Іскер әйелдер қауымдастығы президентінің Алғыс хатымен марапаттады. 

    Форумда іскер әйелдер қауымдастығын ұзақ жыл басқарған Нұрлы Әйтиева өзіне дейінгі облыстық қауымдастықты басқарған Айгүл Соловьева, Раиса Көшековалардың жұмыстарына тоқталып, бірлесе жұмыс атқарған Рәшила Мүрсәлиеваға, Мария Қаражігітоваға, Айгүл Әжіғалиеваларға ыстық ықыласын жеткізді.

fc86d501 c1f9 4bde b537 06d098b76f49

Ал өз кезегінде қоғам қайраткері Рәшила Қабиқызы осы күнге жете алмай кеткен іскер құрбыларды, кәсіпкер Әлия Бекқожиеваны тебірене еске алды. Мұнан әрі «Іскер әйелдер қауымдастығы – әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың үлгісі» атты сессия жұмысы басталып, түрлі кәсіп иелері – Айгүл Әмірғалиева, Айнұр Төрежанова, Ирина Горбаченко және басқалары өздерінің жұмыстары жайында әсерлі әңгімелерімен бөлісті.

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button