«Барлық бала бақыт үшін жаралған…»

Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ,

«Атырау.  Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі,

«Алтын жүрек – 2015» жалпы ұлттық сыйлығының лауреаты:

«Алтын жүректі адам». Саналы ғұмырын ізгілікке арнаған Ерлан Күмісқалиевті Атырау ғана емес, күллі қазақстандықтар осылай атайды. Себебі, Ерлан – үміт оты үзілген балалардың жүрегіне сенім ұялата білген адам. Оны әсіресе, ДЦП, дауна, аутизм сынды ерекше диагнозбен туылған балалардың аналары жақсы біледі. Өйткені, Ерланның күнделікті өмірі «осы балаларды оңалтсам, емдеп, жазсам» деген күреспен өтіп жатыр.

«Көпшілік мені түсіне бермейді. «Нәтиже беру-бермеуі екіталай дүние-ге осыншама жанкештілікпен ұмтылатыныңыз не?» деп сөгетіндер де бар. Бірақ, бұл жолға түсуіме мені тағдырдың өзі итермеледі. Себебі, кезінде өзім де ауыр дертке шалдығып, жан-ұшыра аласұрған едім. Алладан денсаулық сұрадым. Және сауыққан жағдайда міндетті түрде аурулы жандарға көмектесетінімді айттым. Сол дұғам қабыл болды» деген Ерлан сырқат сәбилерге қолдау көрсетуді ең негізгі міндеті санайтынын жеткізді.

Ерлан тумысынан жүйке ауруына шалдыққан сәбилерге қолдау көрсететін орталыққа жетекшілік етеді. Орталық 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Осы орталыққа келіп жүрген екі жүзге жуық сәби өмір атаулы алып теңізге екінші мәрте жолдама алғандай. Себебі, сауықтыру терапиясынан өткен бүлдіршіндердің біразы бүгінде балабақша, мектепке бара алатын болды.

«Бізге келетін балалардың 80 пайызы – өздерінің аяқ-қолы барын мүлде сезбейтіндер, 70 пайызы жалғызбасты аналардың сәбилері. Орталық ашылғалы  біз балаларымыздың аналарына да қолдау көрсетіп келеміз. Себебі, сәбидің денсаулығы, болашағы көп жағдайда анасының писхологиялық жағдайына тікелей байланысты. Сол себепті де, аналарымыз орталықта би, фитнес клубы, сұлулық салондарына барып тұрады» дейді Ерланның өзі. Осылайша, сөнген үміттерді қайта  жалғап жүрген бұл орталық сәбилерге де, олардың аналарына да тегін қызмет көрсетеді.

Айта кеткен жөн, Ерлан – канистерапия, яғни ит терапиясын Атырауға бірінші  болып әкелген адам. «Иттерді алғаш Ресейде өзім жатқан ауруханадан көрдім. Төрт аяқты жануардың аурухана төсегіне таңылғандардың арасында не істеп жүргендігін бастапқыда түсінбедім. Бірақ, уақыт өте келе канистерапияның адамға зор пайда әкелетініне көзім жетті. Сол иттер пайда болғалы мен жатқан бөлімшенің өміріне үлкен өзгерістер енді. Адамдардың бойынан сенімді, қуаныш лебін көрдім. Олар иттердің келуін күтетін. Аптадан аптаға дейін деген бір сенім, үміт пайда болды. Сол жағдайдан кейін канистерапияны Атырауға енгізу туралы идея туындады» деген ол бастапқыда ғаламтор арқылы ақпарат жинап, кейін тақырыптық семинарларға, конференцияларға қатысқанын, осы мәселе бойынша Ресейдің Мәскеу, Самара, Саратов, Кіші Новгород сынды біраз қалаларын аралағанын, осылайша кешенді дайындықтан кейін ғана ит терапиясын енгізуді қолға алғанын  айтты.

Ерланды қазір мазалайтын екі мәселе бар. Бірі – орталықтың жағдайы. Қызмет тегін көрсетілетіндіктен, орталықтың бар қажеттілігін өтеу, салаға машықтанған мамандарға жалақы тауып беру жанды қинайды.  «Біреудің алдына барып алақан жаюдан арланамын. Бірақ, неврологиялық аурудың ерекшелігі сол, бастаған емді үзуге немесе уақытынан бұрын тоқтатуға болмайды. Әр аурудың артында баланың алдағы өмірі, тағдыры тұр. Менің машықтанған мамандарымның да отбасы, балалары бар. Мен олардың өмірін толықтай қайырымдылық мақсатқа байлап қоя алмаймын», – дейді Ерлан.

 Толғандыратын тағы бір мәселе – сөз етіп отырған қауіпті аурулардың көбейіп кетуі. «80-90 жылдары мұндай мүлде байқалған да жоқ. Ғалымдар 2025 жылға қарай әр туылған екінші баланың аутизмге шалдығып өмірге келетінін айтуда. Зерттеулер баланың ана жатырында жатып-ақ ауа тарлығынан немесе оның мүлде жетіспеушілігінен қиналып, нәтижесінде сәби миының зақымдануға ұшырайтындығын көрсетіп отыр. Бұл жерде зерттеуді қажет ететін дүние көп. Бастысы, болашақ аналар өз денсаулығына күтіммен қараса екен», – дейді ол.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.


 

P.S.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Ерлан сияқты ізгі жандар көбейе түссе және аналарымыз өз саулығына күтіммен қараса, жүйкесі зақымданған сәбилердің проблемасы дәл бүгінгі күндей өткір тұрмас та еді…


 

Алмагүл Есенғалиева, Әлисұлтанның анасы:

«Ағайыннан  артық  болып  кетті»

Ерлан туралы өзім секілді бір анадан естідім. Сөйтіп, Ерланмен байланысқа түстім. Және оның көмегімен Америкадан білікті невропотолог маман шақыртып, балама дұрыс ем берудің сәті түсті. Бұрын Әлисұлтан тырыспа ауруынан (судорога) көз ашпайтын. Шетелдік маман ұсынған диетадан кейін, тырыспадан құтылдық.

Ерлан бізге ағайыннан да жақын болып кетті. Оған шын көңілден зор рақметімді жеткізгім келеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз