
Ел шебін күзеткен ерлер — марапат биігінде
Атырауда Шекарашылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. «Жұмыскер» мәдениет үйінде ұйымдастырылған бұл кешке Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы А.Қиқабаев, шекара қызметінің ардагерлері, шекарашы жеке құрам қатысты.

Басқосу барысында патриоттық әндер шырқалып, ұлттық нақыштағы мың бұралған билер орындалды. Жиналғандар жас өнерпаздардың өнерін тамашалап, мерекелік көңіл күйге бөленді. Сонымен қатар қызмет барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шекарашы жеке құрам Шекара қызметі директорынң, облыс әкімінің және ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаменті бастығының атынан құрмет грамоталарымен марапатталды.

Айта кету керек, биыл шекара қызметінің құрылғанына 33 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында айбынды шекарашылар ел шебін берік күзетіп, мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау міндетін абыроймен атқарып келеді. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан қуатты құрылым бүгінде мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тіректерінің біріне айналды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН