fb img 1582190247475

Электронды қызметтер қатары артады

Жаңалықтар Саясат

Atr.kz/25 ақпан, 2020 жыл. Мемлекеттік қызмет басқармасында өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Шолпан Қайненова брифинг барысында айтып өтті.

Баспасөз жиынында былтыр облыс бойынша 132 мемлекеттік қызметші ішкі конкурс нәтижесімен жоғары лауазымға тағайындалғанын мәлімдеді. Ал, жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардағы бос лауазымдар саны – тұрақты 145 орын, уақытша 96 орынды құрайды.

«Сондай-ақ, былтыр бастау алған Президенттік жастар кадр резервіне дарынды, креативті жастарды қамту үшін көптеген жұмыс атқарылды. Біздің облыстан тестілеу кезеңінен 11 үміткер өтіп, оның ішінде 5 үміткер оң нәтижемен резервке қабылданды»,-деді ол.

Өз кезегінде департаменттің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Данияр Алтыбай  да «жергілікті атқарушы органдармен көрсетілген мемлекеттік қызметтің 12 пайызы қағаз түрінде көрсетілсе, 1,6 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы, ал қалған 86,3 пайызы электронды түрде көрсетілген» деп мәлімдеді.

Ескере кететін жағдай –  мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетуді арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілген. Бүгінгі күні  мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету арқылы қызмет алушылар мен қызмет берушілердің арасындағы тікелей байланыс үзілді. Сондықтан да сыбайлас жемқорлық тәуекелі де болмайды, әрі азаматтарға да қолайлы жағдай жасалды.

Жалпы, есепті мерзімде мемлекеттік қызмет саласындағы 232 заңнаманы бұзушылық анықталса, ал 39 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы департаменттің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Динара Курумбаева мәлімдеді.

Президент өзінің Жолдауында «Мемлекеттік қызметшілер мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндірілетіндігі туралы» атап өткен болатын. Осыған сәйкес департамент өкілдері қоғаммен кері байланысты нығайтатын механизмнің тетігін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған