НИДЕРЛАНДЫ АТЫРАУДА ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛДЫҚ АШҚЫСЫ КЕЛЕДІ

img 20210709 wa0204 Жаңалықтар

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Нидерланды корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андре Карстенсті қабылдады»,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастық пен инвестиция тарту мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атыраудың сыртқы экономикалық байланыстарындағы негізгі әріптестерінің бірі Нидерланды екенін атап өтті. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар – мамыр айларында Атырау облысының Нидерландымен сауда айналымы 1,28 млрд АҚШ долларын құраған. Аталған елдің компаниялары өңірде мұнай-газ өндіруді техникалық қолдау, инженерлік құрылғылар құрылысы, құбыр арқылы тасымалдау, жүк тасымалын көліктік қолдау, тағы басқа салаларда белсенді қызмет етуде.
Өңір басшысы атырау экономикасы нидерландылық инвестицияларды тартуға, бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі екенін, жергілікті билік инвесторларға қолайлы жағдай жасап отырғанын айтты. Әсіресе, Нидерландыда өнеркәсіп, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы жоғары дамығанын баса айтып, осы салаларда екі жақты қарым-қатынасты күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ, Атырау экономикасының мол мүмкіндігімен, соның ішінде «Ұлттық индустриалдық мұнайхимия технопаркі» еркін экономикалық аймағының инвестициялық әлеуетімен таныстырып, нидерландылық инвесторларды бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.
Өз кезегінде Төтенше және Өкілетті елші Андре Карстенс Атырау қаласында Құрметті консулдық ашу мәселесін көтерді. Облыс әкімі М.Досмұхамбетов екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға серпін беретін бұндай ұсынысқа жан-жақты қолдау болатынын айтты.
Айта кетейік, бүгінгі күнге облыс аумағында нидерландылық капиталдың қатысы бар 12 кәсіпорын тіркелген.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз