Исатайлықтар неге алаңдады?
Бүгінде әлеуметтік желілерде «Махамбет ауданы каналдарды Исатай
ауданы бағытына қарай ашып жатыр. Исатайлықтар біз де топан судың
астында қалуымыз мүмкін» деген тәрізді мәліметтер таралды. Біз
мәселенің мәнісіне үңіліп, анық-қанығын білу үшін алдымен Исатай ауданына хабарластық.
Исатай ауданы әкімінің орынбасары, аудандық төтенше жағдайларды жою жөніндегі штабтың басшысы Рашид
Мұқановтың айтуынша, өңірдегі Нарын каналы Махамбет ауданының Ақтоғай
ауылынан, Бақсай каналы Жалғансай ауылынан бастау алады. Бұл каналдардың
насостары бар. Қазір ол өшірулі күйде. Егер Жайық суы белгілі бір деңгейге
жеткенде жырадан су кетуі ықтимал. «Қазір тұрғындар жұмылып, бөгет тұрғызу
жұмыстарына белсене кірісті. Аудандағы жедел штаб құрамында өңірдің
белсенді азаматтары бар. Біз күн сайын соларға ахуалды баяндап отырмыз. Әр
сәрсенбі, сенбі күндері брифингтер ұйымдастырылуда. Ал, исатайлықтар осы
мәселеге қатысты дүрбелең туғызыпты, митинг өткізіпті деген алып-қашпа
әңгімелер шындыққа жанаспайды»,-деп нақтылады Рашид Мұқанов.
Айбөпе САБЫРОВА
Исатай ауданы