Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Дертке дәру, жүрекке жылу сыйлаған

«Басты байлық – денсаулық» дейтін халқымыз он екі мүшесінің қадір-қасиетін жақсы түсінген. Дертке дауа, көңілге дем берген шипагер жандарды да ерекше қадірлеген. Бүгінде облыста медицинаны дамыту мақсатында бірқатар істер қолға алынды. Осы саланың әлеуетін арттыру үшін алдымен білікті мамандар қатарын көбейту қажеттілігі туындады.

Мамандарға – миллион теңге Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір аймақта 207 дәрігер жетіспейді. Әсіре се, акушер-гинеколог, ане стизио — лог-ре аниматолог мамандардың тапшылығы байқалуда. Педиатрия және босандыру саласында да білікті кадрлар аз. Мәселен, облыстың сәбилер өлім-жітімі бойынша көрсеткіші әлі жоғары.

– Салада кадр тапшылығын жою үшін кешенді шаралар жасақталып жатыр. Соның бірі – облыс әкімінің еліміздің медициналық жоғары оқу орындарына бөлетін білім гранттары. Бұл кадр жетіспеушілігін болдырмау, жастарды ынталандыру, оларды болашақта елге қызмет ететін маман ретінде дайындау және жоғары медициналық оқу орындары түлектерін білікті дәрігер ретінде білімін одан әрі резидентурада жалғастыруларына жағдай жасау бағытындағы бірден-бір маңызды іс. Бұл орайда 2017 жылы 35, 2018 жылы 54, 2019 жылы 108 грант берілсе, өткен жылы 71 грант (оның ішінде мектеп түлектері үшін 26, ал резидентураға 45 грант) бөлінді, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Былтыр 41 жасқа бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 10 маманға қызметтік пәтер табысталған. 6 медицина қызметкерінің пәтерақысы төленіп, біреуіне несиеге тұрғын үй алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетілген. 2019, 2020 жылдары дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында облыстық мәслихат ауылға баратын жас мамандарға 1 млн. теңге әлеуметтік көмек беру туралы шешім қабылдаған еді. Мұндай әлеуметтік қолдау шаралары биыл да жалғасады.

Алыстан арбаламас едік…

 Жергілікті жерде медицина мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарының жоқтығы саладағы кадр тапшылығына себепші болып отыр. Көрші Ақтөбе қаласына барып оқуға түсіп жатқандар аз емес. Алайда медицина маманы болғысы келетін түлектердің арманы көп жағдайда жүзеге аспай қалып жатады. Оқу жылының ұзақтығын айтпағанда, грантқа қол жеткізе алмағандардың оқу ақысын бірнеше жыл қатарынан төлеуіне мүмкіндігі келмейтіндігі шындық. Жастардың ұмтылысына кедергі келтірер жағдайды осылай тізбелей беруге болады. Дегенмен наурыз айындағы Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Гүлназ Таңатарова мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуовтың Атырауға сапары «дәрігер боламын» деген жерлестердің кеудесіне үміт отын жаққандай. Себебі кездесуде кадр тапшылығын жою мақсатында, облыстан аталған жоғары оқу орнының филиалын ашу мәселесі қарастырылған. Бұл б а с т а ма ж ү з е ге а с а т ы н б о л с а жас түлектердің алысқа сабылмайақ Атыраудан білім алуына, дәрігер атануына мүмкіндік туар еді. Иә, бұл алдағы күннің ісі, ол жүзеге асқан жағдайда жастар «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанның» артықтығын сезініп, денсаулық сақтау саласының маманы атануға ден қояр ма, бәлкім? Қалай десек те, саладағы бұл мәселелердің шешімін табуы әзірге уақыт еншісінде қалды.

Біліктілікті арттыру – бірінші мәселе

Дәрігерлердің біліктілігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Заманауи құрылғылардың тілін білу, коронавирус секілді күтпеген жерден пайда болатын пандемияларға қарсы тұру үшін де уақыт ағымына сай білім қажет. Аймақтағы медицина мамандарының біліктілігін арттыру жұмыстары эпидемиологиялық ахуалға байланысты бүгінде онлайн форматта өтіп жатыр. Былтыр 161 дәрігер, 508 орта буын медицина қызметкері біліктілігін арттырған. Ал жыл басынан бері білікті, тәжірибелі дәрігерлердің қатысуымен бірнеше семинар-тренингтер, шеберлік сыныптары ұйымдастырылыпты. Соның бірі – 5-6 ақпан күндері «Атырау облысының аритмологиялық қызметін дамыту» тақырыбында өткен шеберлік сыныбы. Бұл іс-шара облыстық кардиологиялық орталық базасында жүрек ырғағы бұзылған науқастарды диагностикалау мен емдеуді жақсарту, сондайақ жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен терапевт, кардиологтардың аритмология және электрофизиология бойынша білім деңгейін арттыру мақсатында қолға алынған. Онда 25 маман тәжірибе жүзінде біліктіліктерін арттырған болатын.

Жұмылған істің жемісі

Қатерлі індет халыққа қауіп төндірген кезде дәрігерлер уақытпен санаспай, тер төкті. Бірнеше айлап, отбасынан оқшауланып жүрген олардың жанқиярлық істері қандай құрметке де лайық. COVID-19 пандемиясы пайда болғалы елдегі денсаулық сақтау саласын сынаушылардың қатары көбейді. Алғашында беймәлім дерттің сырын білмегендіктен олқылықтардың орын алғаны рас.

Десек те ақ халаттылар аз уақыт аралығында етек-жеңдерін жинап, пандемиямен күреске белсене кірісіп кетті. Елдің әр өңірінен инфекциялық мобильді ауруханалар салынып, қажетті құрал-жабдықтар мен дәрідәрмектердің қоры жасақталды. Бүгінгі күні өңірде ашылған осындай 2 098 төсектік инфекциялық стационарда 335 науқас емделіп жатыр. Облыста резервтік 750 орындық инфекциялық стационар әзірленген, оның 57-сі – реанимациялық төсек-орын. Сондай-ақ, 508 орындық карантиндік стационар жұмыс істеуде (бүгінгі күні карантиндік орындар бос).

– Барлық медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдары және дәрілік заттардың 2 айлық қоры жасақталған. Аймақта 4 МРТ, 13 компьютерлік томография аппараты, 41 рентген аппараты, 669 оттегі концентраты, 1514 пульсоксиметр, 272 ИВЛ аппараты, 8 оттегі стансасы, 113 жедел медициналық жәрдем көлігі, 7 жылжымалы медициналық кешен бар, — дейді басқарма өкілдері.

Аймақта дәрілік заттардың тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында «Атырау» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Іңкәр» ЖШС-не 500 млн. теңге бөлінген. Облыстың жекеменшік 168 дәріханасын қамтамасыз ету үшін дәрідәрмектің 42 атауы сатып алынған. Қазір облыста тәулігіне 14 мыңнан аса зерттеу жүргізу мүмкіндігі бар 14 ПТР зертхана жұмыс істейді. Ал, жалпы індет басталғалы бері 1 млн. 180 мың ПТР-зерттеу жүргізілген.

Екпе салу – қауіптің алдын алу Қауіпті дерттерге қарсы екпе егу жұмыстары әлемдік тәжірибеге енген іс. Індеттің ілмегінен құтылудың жалғыз жолы да вакцина екені анық. Ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейту үшін сала мамандары жекелеген еңбек ұжымдарына барып, олардың қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырды. Басқарма басшысы Асхан Байдуәлиев жергілікті халықты екпе алуға шақырып, оның тиімділігін айтып жүр. Алайда алып-қашпа әңгімеге сенетіндер әлі де аз емес. Екпе алудың өзінің денсаулығына ғана емес, Отанының болашағына қатысы барын әрбір саналы азамат ұғынуы тиіс. Ел болып екпе салдырмайынша, біз бұл вирусты жеңе алмайтынымыз белгілі болды. Облысқа ақпан айының басынан бері 104 200 доза вакцина жеткізілсе, оның 92 700 дозасы – «Спутник-V», 2000 доза –«QazCovid-in», 9500 доза – «Hayat-Vax» вакцинасы. Қазіргі күні вакциналау жұмыстарын жүргізу үшін облыс бойынша 41 екпе кабинеті ашылған. Олардың екеуі Теңіз кен орнында болса, «Тамаша», «Көктем», «Атырау», «Байзар» және «Дина» сауда және ойынсауық орталықтарында бір-бір бекеттен орналасқан. Халыққа қызмет көрсету орталығында – 1, қала мен аудандық емханаларда – 23, сонымен қатар жылжымалы 10 екпе салу пункті бар.

Түйін: Уақытпен санаспай, бар білім-білігін сырқат адамды аяғына тұрғызуға арнайтын, айтып келмейтін ажалдан да арашалап қаламын деп маңдай терін төгетін дәрігерлердің еңбегі орасан. Оны жоғары бағалайтынымыз да сондықтан. Иә, дәрігер болуға кез-келген адам тәуекел ете алмайды. Ол үшін үлкен жүректі, мейірім мен батылдықты, тәжірибе мен тапқырлықты қатар алып жүре алатын мықты рух қажет. Әр науқаспен бірге қиналып, адам өмірден өткен әр сәт сайын жаны жабырқайтын олардың әр күні адам тағдыры үшін таласпен өтеді. Сондықтан антына адал дәрігерлерге деген қоғамның құрметі жоғары. Себебі, олар – дертке дәру, жүрекке жылу сыйлатын жандар.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button