Депутат ардагерлермен кездесті

whatsapp image 2021 07 07 at 22.38.59 Жаңалықтар

Бүгінгі күні қоршаған орта мәселесі қоғам назарында тұр. Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі ДүйсенбайТұрғанов зиялы ардагерлермен жүздесті.

Кездесуге ел ағалары – Илья Жақанов, Амангелді Селбаев, Қайрат Ищанов және облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов қатысты. Дүйсенбай Нұрбайұлы аға буын өкілдерімен мәжіліс мінберінен көтерген мәселелерімен бөлісті. Әсіресе, өзендердің ластануы мен құрғап қалу проблемалары, арналарда заңсыз құрылыстар салу фактілері, елді мекендерді сумен жабдықтаудың мардымсыз жағдайына маңыз берді.

– Су мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Жайық өзенінің экожүйесін сақтау мақсатында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2024 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ойыл, Жем, Сағыз сияқты шағын өзендердің жағдайы да дабылқағарлық. Сондай-ақ, Орынбор облысында салынуы тиіс бөгет екі елдің де талаптарына сай келмейді. Сондықтан алдымен зерделеніп барып, тиісті шаралар алынғаны жөн. Меніңше, су ресурстары комитетінің жұмысын жүйелеу керек. Су мәселесін бақылауда ұстап, күн тәртібінен түсірмейтін боламын, – деді халық қалаулысы.

Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, Жем, Ойыл және Сағыз өзендеріндегі ағынның аздығына басты себептің бірі – Ақтөбе облысының аумағында өз беттерінше салып алған бөгендер мен бөгеттер. Депутаттың өзі Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандарының аумағын шолып шыққан кезде бұған көз жеткізген. Осыған байланысты Ақтөбе облысының әкімдігіне су көздерін тазалау және барлық заңсыз гидротехникалық құрылыстарды бұзу ұсынылды.

Атырау облысының өзекті мәселелері талқыланған кездесу барысында  ардагерлер қауымы өз ойларын ортаға салды. Халық қалаулысы ел ағаларының ұсыныс-пікірлерін назарға алатынын жеткізді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз