Не шындық, не өтірік?

img 20220222 wa0146 Жаңалықтар

Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова 9 ақпанда премьер-министр Әлихан Смайыловқа Манғыстау облысындағы білім саласына қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутат сауалындағы бірқатар деректі   тексеріп көрдік.

Депутат мәлімдемесі: “…халықаралық PISA (авт: оқушылардың білімі мен біліктілігін бағалаудың халықаралық бағдарламасы) тестінен аталған аймақтың көрсеткіштері төмен. Математикалық және ғылыми-жаратылыстану сауаттылығынан елімізде 15-орында. Ал қала мен ауыл оқушыларының оқу сауаттылығындағы алшақтық, ең үлкен көрсеткіш 27 балды құрайды”

Үкім: Жартылай шындық

Депутат бұл деректің қай жылғы тестілеуге тиесілі екенін нақтыламаған.  Ал соңғы рет PISA тестілеуі 2018 жылы өткізілді.  Маңғыстау облыстық білім беру басқармасының мамандары  депутат көрсеткен PISA бағдарламасындағы цифр 2018 жылғы мәлімет екенін растады. 

Маңғыстау облыстық білім беру басқармасының дерегіне сәйкес, бүгінгі таңда облыстың математикалық және ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы бойынша 14-орында. Ал, қала мен ауыл оқушыларының оқу сауаттылығындағы алшақтық көрсеткіші шықпағанын айтады.

Депутат мәлімдемесі: “Аталған өнірде білікті педагогикалық кадрлар тапшылығы 2021 жылы 1 мың 563 ұстазды құрады.”

Үкім: Жалған

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, облыста 15 500 мұғалім бар. Облысқа 213 мұғалім жетіспейді.

 Депутат мәлімдемесі:   “Жалпы, педагогикалық контингенттің небәрі 52,2 пайызы ғана біліктілік санатына ие. Сапалы кадр мәселесін шешпейінше білім сапасын арттыру мүмкін емес екендігін атап өткіміз келеді”

Үкім: Жалған

 Маңғыстау облыстық білім беру басқармасы дерегінде педагогтердің 58,7 пайызы біліктілік санатына ие екендігі айтылады. 

 Депутат мәлімдемесі:  “Манғыстау облысындағы 143 мемлекеттік мектептің 97-сі ауылдық мектеп. Оларға кешенді жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстары соңғы он жылда жасалмағандығын да атап өтеміз.”

Үкім: Манипуляция  

 Облыстық білім беру басқармасы дерегінше,  облыста 97 ауылдық мектепке қоса   6 кешкі мектеп бар, ол мектептер ауыл мектебі санатына жатады. Сонда ауылда барлығы 103 мектеп бар. 

  Білім беру басқармасының мәліметі бойынша, 5 жылға құрылған жоспарға сәйкес, 2021 жылы 22 мектеп жаңғыртылған. Ал 2022 жылы – 21, 2023 жылы – 20, 2024 жылы – 20, 2025 жылы – 20 мектеп жаңғырту жоспарланып отыр. Депутаттың  «Оларға кешенді жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстары соңғы он жылда жасалмағандығын да атап өтеміз» деуі шындыққа жанаспайды. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз