«ДАУАСЫ» ЕЛ-ЖҰРТЫНА ДӘРУ БОЛҒАН…

Атырауда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Фариза ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ шығармашылығына арналған шаралар өтті

Ақын бақыты – жан сырын ақтарған кітаптарының қолдан-қолға тимей, оқырман ықыласына ие болуы. «Өлең, мен сені аялап өтем» деген қағидасына берік халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова – бақытты ақын. Ол өлеңді аяласа, елі оны аялауда. Ақыным деп әспеттеп, құрметке бөлеуде. Бүгінде елімізде оқырманы ең көп бір қаламгер болса, ол – Фариза. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының биылғы таңдауы Ф.Оңғарсынқызының «Дауа» кітабына түсуі де – осының айғағы.
Осы аптада Атырауда «Фариза күндері» тойланды. Аталған акция аясында облыстық әкімдік пен «ҚазТрансОйл» АҚ бірлесіп ұйымдастырған шаралар легі ақынның жерлестеріне рухани нәр сыйлады.

«ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕНІҢ ТІЛІМ» БАЙҚАУЫ

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері арасында «Қазақ тілі – менің тілім» атты байқау өтті. Ұжым қызметкерлері үшін бұл байқау мемлекеттік тілді білу дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін шығармашылық мереке іспетті. Компанияның әр аймақтағы құрылымдық бөлімшелері арасында өткен бұл байқауға қатысушылар өздерінің қазақ тілін қаншалықты меңгергендерін көрсетіп қана қоймай, Фариза Оңғарсынова шығармашылығына деген алабөтен көзқарастарын да аңғартты. Өзге ұлт өкілдерінің ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқығанын, түрлі қойылымдарға арқау еткенін көріп, сүйінбеу мүмкін емес.
«ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Қайыргелді Қабылдин құттықтау сөзбен ашқан шарада облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан да сахна төріне көтеріліп, мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылатуға бағытталған шараның маңызын, қазақ әдебиетінің алыптар шоғырында берік қолтаңбасы бар Фариза Оңғарсынованың ақындық әлемін атап өтті.
Сәлемдесуден басталып, бірнеше кезеңдерді құраған байқау қорытындысында компанияның шығыс бөлімшесі атынан қатысқан «Шаңырақ» командасы бірінші орынды жеңіп алды.

«МЕН АҚЫНМЫН, ӘЙЕЛМІН ӘЛЕМДІ ОЙЛАР»

Биыл жетінші жыл өткізіліп отырған «Бір ел – бір кітап» акциясы әдеби құндылықтарды насихаттауда зор маңызға ие. Ел болып бір жыл бойы бір кітапты оқып, оны отбасында, қызметте, кітапханаларда, қоғамдық орындарда талқылауды ынталандыру мақсаты болып табылатын бұл акцияның ұйымдастыру алқасы 2013 жылдың кітабы етіп Фариза Оңғарсынованың «Дауа» жинағын белгіледі. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен «Мен ақынмын, әйелмін, әлемді ойлар» атты конференцияға да облыстық әкімдік пен «ҚазТрансОйл» АҚ ұйытқы болғанын айта кеткен жөн.
«Парасат тұнған поэзия» тақырыбындағы кітап көрмесін таныстырудан басталған шара конференциямен жалғасты. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жүргізген ғылыми-тәжірибелік конференция барысында «Фариза Оңғарсынованың қазақ әдебиетіндегі орны» тақырыбында филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп баяндама жасады. ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, өлкетанушы-журналист Өтепберген Әлімгереев ақынның публицистік қызметі туралы баяндаса, филология ғылымдарының кандидаты Алтыншаш Тәжіғалиева Ф.Оңғарсынова поэзиясының көркемдік ерекшеліктері жөніндегі ғылыми байламын оқырмандар назарына ұсынды.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының орынбасары Ғалия Исаханова «Кітапхана: қоғам және оқу мәселесі» тақырыбында баяндама жасап қана қоймай, «Бір ел – бір кітап» акциясының маңызына ерекше тоқталды. Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Рахымжан Отарбаевтың ақын апасы туралы жүрекжарды тебіренісі өте әсерлі шықты.
Туған жерінде өтіп жатқан бұл шараларға денсаулығына байланысты қатыса алмағанымен, халқы поэзия падишасы деп төбесіне көтерген ақын Фариза Оңғарсынова ұйымдастырушылар мен көпшілікке айтар сөзін бейнетаспаға түсіріп жіберіпті. Екі шарада да ақын сөзі экран арқылы көрерменге ұсынылды. Ал кеше кешкісін Махамбет атындағы драма театрында Фариза Оңғарсынова шығармашылығына арналған әсерлі кеш өтті.
(Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың құрметіне арналған шаралар туралы толық мәліметті газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).

Бақытгүл БАБАШ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз