Шала туған шақалақтар
Бүгінде аймақта сәбилердің шала туу көрсеткіші артты. Өткен жылы 11 айда перинатальдық орталықта 7 730 нәресте дүниеге келсе, оның 550-і – шала туғандар. Бұл жағдай жүкті аналардың саулығына баса мән бермегенінің салдары болса керек. Десек те, облыстық перинатальдық орталықта шала туғандардың толық қалыптасып, өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.
Өткенге зер салсақ, бұрын шала туған нәрестені ата-бабамыз тымаққа салып өсірген. Өйткені, мұндай сәбилерді ұстауға да, бесікке салуға да келмейді. Тымақ жылы, әрі сәбидің тез өсуіне әсерін тигізген. Көпті көрген махамбеттік «Алтын алқалы» ана Клара Сәлдиеваның айтуынша, шала туған сәбидің неше күні кем болса, сонша күн тымақты керегенің әр басына іліп қойған. Күн саны кереге басы арқылы есептеледі. Мәселен, қырық күн кем болса, керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған рәсімі жасала бастайды. Кейбір жағдайда шала туған балалардың тірі қалуы екіталай болған. Ал, бүгінгі медицинаның қарқынды дамуының әсерінен уақытында толық жетілмеген балалар дамып, адам қатарына қосылуда.
Облыстық перинатальдық орталықтың неонатолог дәрігері Айгүл Сүндетованың айтуынша, бүгінде медицинаның дамыған заманында тымақтардың орнын кувездер алмастырды. «Кувездер күнінен бұрын дүние есігін ашқан шараналарға анасының жатырында жатқандай ыңғайлы жағдай туғызады. Мұндай бұйым облыстық перинатальдық орталықта жеткілікті. Қазір орталықта шала туған шақалақтардың бірқатары жансақтау бөлімшесінен өтеді. Мұнда оларға дер кезінде көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Бөлімшеде білікті дәрігерлер мен мейірбикелер сәбидің жағдайының толыққанды жақсарып, анасының құшағында болуы мақсатында нәрестелер екінші кезең күтімі бөлімшесіне ауыстырылады» дейді ол.
Аталған денсаулық сақтау ұйымында мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің денсаулығының жақсаруына неонатологтардан бөлек, невролог, хирург, офтальмолог сынды мамандар мол үлес қосып келеді. Бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесінде сәбилер өсіп жетілуде. Мәселен, жүктіліктің 33 аптасында дүние есігін ашқан Әсия есімді сәбидің жасы екіге таяды. Оның салмағы екі мың грамм, бойы 46 см болған. Қазір Әсия өлең айтып, қазақ тілінен бөлек, орыс, ағылшын тілдеріндегі алфавитті де меңгеріп алыпты. «Жүктілік кезінде маған және сәбиіме қауіп болғандықтан, дәрігерлер мерзімінен бұрын ота арқылы босандырды. Алғашында нәрестем жеті күн жансақтау бөлімінде жатты. Одан кейін тыныс алып, жағдайы бірқалыпты болған соң шала туғандарға арналған арнайы палатаға ауыстырды. Мұнда дәрігерлер Әсияны «алматылық апорт» деп еркелететін. Ақхалаттылар әр балаға ерекше көңіл бөліп, үлкендермен тілдескендей сөйлесіп жатады. Олар нәрестелердің күтімі жайында әрбір анамен ұзақ әңгімелеседі. Мейірбикелер де өз ісін тиянақты жүргізді. Сондықтан, ақхалаттыларға алғысым зор. Болашақта Әсиямнан үлкен үміт күтемін» дейді оның анасы Алтынай Аяпова.
Ал, Мырзашева Сәбира есімді Атырау қаласының тұрғыны осыдан тоғыз жыл бұрын Нұржан, Нұрдос есімді егіз ұлын дәрігерлердің арқасында 30 аптасында дүниеге әкелген. Оның айтуынша, алғашында балалардың салмағы 1000 грамм болды. Ол жоғары қан қысымымен және ауыр сатыдағы қаназдық диагнозымен облыстық перинатальдық орталыққа жеткізіледі. Ақхалаттылар дер кезінде шешім қабылдап, босандырып алады. Нәрестелер ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатты. Ақырында, егіздер толық жетіліп, анасының бауырына берілді. Сол кезде ата-аналарын да, дәрігерлерді де қатты алаңдатқан қос сәби бүгінде мектепте үшінші сыныпта үздік оқып жүр. «Қос құлынымыздың өмірін сақтап, олардың толық жетілуінде ақхалаттылардың еңбегі ерекше. Сала мамандарының әрбір отбасына бақыт сыйлауда атқарып жатқан жұмыстарына береке тілейміз. Ал, мені алғаш ана атандырып, дүниедегі ең бақытты кезді көрсете білген егізімнің саулығы жақсарды. Олардың еліміздің саналы ұрпағы болып қалыптасуына бар күш-жігерімді саламын» дейді Сәбира Мырзашева.
Мамандардың сөзінше, жүктілік кезінде 22 аптадан 36 апта арасында дүниеге келген сәбилер шала туылғандар болып есептеледі. Перинатальдық орталықтағы мұндай сәбилердің салмағы 700 грамнан 2500 грамға жетеді. Салмағы 1000 грамға жетпейтін балаларды медицицинада «экстрималды шала туған нәресте» деп атайды. Ақхалаттылар сәбилердің шала тууына ең басты анасының жүктілік кезінде дұрыс күтінбеуі, ағзаға инфекция түсу, экологиялық ахуал секілді факторлар әсер ететінін айтады. «Бүгінгі жас аналар денсаулығына аса мән бермей жатады. Дүниеге дені сау, толық жетілген ұрпақты әкелу үшін ата-ана өз денсаулығын қалыпқа келтіріп, жүктілікті жоспарлауы маңызды» дейді облыстық перинатальдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаев.
Әлемге танымал болған Уинстон Черчилль, Исаак Ньютон, Фридрих Шиллер, Иоганн Гете, Альберт Эйнштейн, Вольфганг Амадей, Моцарт секілді белгілі тұлғалар кезінде шала туған нәрестелер болған. Олай болса, бүгінде мұндай балаларға тек медициналық қана емес, сондай-ақ, оларға әлеуметтік қолдауды дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Қазіргі шала туған шақалақтар ертеңгі күні бірі өнертапқыш, енді бірі атақты, данышпан болып қалыптасар бәлкім?!
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ