Жалған ақпараттың жазасы қандай?

111 Жаңалықтар

Бүгінгі уақыт – ақпараттық технологиялардың дамыған кезі. Барлық жаңалық бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек әлеуметтік желі арқылы әп сәтте-ақ тарап үлгереді. Алайда, тұрғындар желі арқылы келетін хабарламаның анық-қанығына көбіне күмәнмен қарайтын болды. Себебі, соңғы кезде «WhatsApp» арқылы «жар салып» келген жаңалықтардың дені жалған болып шығуда. Халықты әбігерге салып, мәселені ушықтыратындар кімдер? Айтпағанды «айтты», болмаған нәрсені «болды», тіпті, тірі адамды «қаза тапты» деп хабарлайтындарға қатысты жаза қандай болмақ?

111

«Спам» сөзі санамызға сіңіп үлгерместен, халықты адастырушы үлкен күшке айналып отыр. Себебі, соңғы кездері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді жалған ақпарат жайлап алған. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айының басында «WhatsApp» арқылы педофилді іздестіру туралы ескі ақпарат қайталанып, желілерді біраз шулатқан еді. Суреті арқылы таныс қылмыскердің ұсқынын қайталап көрген тұрғындар балалары, жақын-жуықтары үшін алаңдай бастады. Алайда, көп кешікпей облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі аталған ақпараттың шындыққа сай келмейтінін, сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, кейбір әлеуметтік желілер мен «WhatsApp» арқылы тараған «ҚР Парламенті 2016 жылдың бірінші қарашасынан бастап ҚР тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына орай елдің әр азаматына 25 мың теңге сыйақы төлеуге қатысты заң жобасын бекітті» деген ақпарат та шындыққа сай келмеді.

Жалған ақпарат мұнымен ғана шектеліп қалмады. Жыл басында азаматтарды уақытша тіркеу жөніндегі өзекті мәселеге байланысты «WhatsApp» арқылы жалған ақпарат тарады. Онда ресми тұлғаның азаматтардың тіркелуін тексеруге келгендерге, тіпті, арнайы қызметтік форма киген адамдарға да есік ашпау туралы өкімі шыққандығы туралы жазылған. Сондай-ақ, қылмыскерлердің осы жағдайды пайдалануы әбден мүмкін екені және мұны отбасы мүшелерінің барлығына мықтап ескерту туралы айтылады. Мұны жазған адамның «сақтықта қорлық жоқ» есебімен немесе заңның жүзеге асуына қарсылық әрекетінен деп ұғындық. Себебі, облыстық және қалалық әкімдіктердің баспасөз қызметі мұндай хабар берілмегені туралы мәлімдеген болатын.

Өкінішітісі сол, бұл жыл басынан бері «WhatsApp» арқылы тараған алғашқы жалған жаңалық емес. Жылдың бірінші аптасында кішкентай баланың зорлықтан қайтыс болғаны туралы хабарлама ел-жұрттың жағасын ұстатқан еді. Әсіресе, баласының қауіпсіздігіне алаңдап жүретін ата-аналардың зәре-құты қалмады. Тұрғындар хабарды бір-біріне жіберіп, баланы «Аллаға тапсырып», аса сақтық қажеттігі туралы айтып жатты. Сол күні мыңдаған ата-ананың көңіліне қаяу түскені былай тұрсын, сол баланың анасы қандай күй кешті десеңізші?! Ал, бұл хабардың шындығы тіптен басқа болып шықты. Бала тірі, ауылдағы қаңғыбас иттер талап, қатты зардап шеккен. Осы ақпарат мәселені тіптен күрделендіріп жіберді.

Аталған оқиғаны құқық қорғау орган өкілдері бей-жай қалдырмай, ресми тексерулер заң күшіне енгеннен кейін бір айдан соң басталатынын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне хабарлаған болатын. Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Әлібек Қайыров: «Тергеу жұмыстары жүргізілуде, кінәлі тұлғалар көрінеу жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады» деп мәлімдеген еді.

Орын алған жағдайлар қоғамда ақпараттық мәдениеттің әлі де қалыптасып үлгермегенін айқындай түскендей. Анығына көзің жетпей тұрып, естігенің арқылы немесе әдейілеп хабар тарату, сол ісімен адамға моральдық, материалдық зиянын тигізу – қылмыстық іс. Сондықтан, жалған ақпарат таратпас бұрын қылмыстық жауапкершілік туралы ойланған абзал болар…

P.S.: Мәселе қарымқатынаста, ақпараттықкоммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде қоғамда ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. Олай болса, ақпараттық мәдениетті қалыптастыруалдымызда тұрған басты міндет.

 

Сіз не дейсіз?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ,

«Түркітілдес журналистер қоры»

ҚҚ президенті:

– Ақпараттық қоғам мен мәдениеттің дамуына қатысты мәселе көп. Соның бірі – әлеуметтік желі қолданушылары мен блогерлердің және ақпарат таратушы кей журналистердің салаға қатысты заңдылықтарды білмеуі. Кәсіби біліктіліктерінің төмендігі. Соның ішінде көшіріп басуға оңтайлы тәсіл саналатын біздің тілмен айтқанда «google журналистиканың» кең етек алуы. Бұл бір ғана біздің елге емес, бүкіл әлемге тән кемшілік болып отыр. Мәселен,  журналистердің кәсіби шеберліктерін шыңдауға, жаңа медианы тәжірибе жүзінде жетік меңгеруге ықпал ететін семинар-тренингтер көптеп ұйымдастырылса да, оған қатысуды сала мамандарының көпшілігі аса қажет санамайды. Мұның өзі – кері кетушілік. Яғни, жалған ақпаратты тарату мәдени ортаның дамуына қайшы әрекеттер деп білемін.

 

Әділжан ТҰРАПИ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университеті

әлеуметтікгуманитарлық пәндер

кафедрасының оқытушысымәдениеттанушы:

– Кез келген дерек көзін дұрыс пайдалана білудің өзі ақпараттық мәдениетке жатады. Хабарды талғамды түрде қабылдау, алынған мәліметті ой елегінен өткізіп, талдай білу, өзгелердің еркіндігіне әсер ететін жағдайларда өз еркіндігіңді шектей білуді де мәдениеттілік деп атаймыз. Ал, ақпараттық технологияға мәліметті жинау, сақтау, өңдеу және тарату тәсілдері мен құралдардың динамикалық түрде өзгеріске ұшырап, қоғамның инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталуын жатқызамыз.

Ақпараттық қоғамға көшу процесінде ақпараттың құндылығы өзгеріп, уақыт, кеңістік және қашықтық ұғымдары туралы түсінігіміз кеңейіп, осылардың барлығы жаңа мәдениеттің, яғни ақпараттық мәдениеттің тууына себепші болып отыр.

Әріптестер әзілі

Ал, жуырда жергілікті басылымның сайты жариялаған қазақстандық Ақылбек Көпжасаров әлемдегі ең қиын есептің бірін шығарды деген хабар да лезде сайттарға тарап үлгерді. Алайда, сәуірдің бірі күні пайда болған бұл хабардың жалған екеніне тек «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі ғана көз жеткізген. Аталған ресурстың сауалына орай еуропалық математикалық қоғам президенті Павел Экснер «Филдсов сыйлығы комитетінің атынан шығып тұрған жоқпын. Бірақ, кез келген жұмыс стандартты сараптамалық шолудан өтуі тиіс. Бұл адам өтірікші ме, әлде әзілдеді ме, білмеймін. Егер кімде-кім нәтижені Еуропалық математикалық қоғам растады десе – бұл жалған» деп мәлімдеме жасаған.

 

ҚР ҚКнің 274-бабыКөрінеу жалған ақпарат тарату»)

  1. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратубір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Мынадай:

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;

3) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол ісәрекетбес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

  1. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан ісәрекеттержеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  2. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде

1) қылмыстық топ жасаған;

2) төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария ісшаралар өткізу кезінде жасалған ісәрекеттербес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Айнур Куаныщ

    Бұл бүгінгі көзге көрінбейтін, бірақ көкейкесті мəселе. Жалған екендігін білместен осы хабарларды тарату арқылы қаншама адам бірін-бірі алдады. Сондықтан, мəселеге қатысты заңды күшейту керек деп санаймын. Өзгелерге сабақ болуы үшін де ақпараттың қайдан шыққанын анықтап, сол адамды жауапкершілікке тарту əлде қайда əділ болар еді.

  2. Альфия

    Мен көпбалалы анамын. Whats App арқылы тараған 25 жылдыққа 25 мың сыйақы туралы хабарламаны мен де оқыдым. Алайда, құжаттарымды рəсімдейін деп халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласқанымда ғана мұның жалған екенін бір білдім. Ақпараттың анығына көз жеткізбей тұрып сенуге болмайды екен. Бұл жағдайдан соң əлеуметтік желілердегі жаңалықтарға мүлде сенбейтін болдым.

  3. Сабыр

    Жалған ақпарат таратқандар қатаң жазалануы қажет. Елді дүрліктіру -ақылға қонымсыз!

  4. Тимур Қабесов

    Әлеуметтік желілерде жазылғанның барлығын шынайы ақпарат деп қабылдауға әсте болмайды. Дегенмен, жастар ақпаратты тексермей, бір-біріне, одан қалса, оны үйдегі ата-анасына жеткізеді. Осының нәтижесінде ел ішіне неше түрлі араздастыратын, бұқараны билікпен шағыстыратын жалған ақпараттар таралады. Оның ішінде, діни мазмұндағы мәліметтерге сақ болған жөн.

  5. Нұрасхат Аманғали

    Программист маман ретінде айтарым, халық Фактчекинг дегеннің барын біле бермейді.Ол әлеуметтік желіде кез-келген ақпаратты қалың оқырманға таратпас бұрын бірінші тексеруді талап етеді. Яғни, сараптап, талдап, интернеттегі сілтемелерін нақтылап, ақпараттың шыққан түпнұсқасын анықтау.