Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Тамила РОЗМЕТОВА, «Сарайшық» шаруа қожалығының жетекшісі: «Астанаға арнаған жобамыз алма бағы ғана емес, алып саябаққа айналады»

20190123123248

Жас та болса бас болып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып, жауапты міндет атқарып жүрген «Сарайшық» шаруа қожалығының жетекшісі Тамила Розметова көпке үлгі жастардың бірі. Біз «Үш сауал» айдарының кезекті спикерінен алдағы жоспарлары жайында сұраған болатынбыз.

– Атырау аймағында бұрын жайқалған алма бағы болғанын аға буын жақсы біледі. Астанадан алма өсіру жайындағы бастамаңызды жерлестеріңнің жылы қабылдағаны да сондықтан. Алманың қандай сортын өсірмекшісіз?

– Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы«Жаңғыру жолы»  жастар қанаты Астана қаласынан алма бағын өсіруді жоспарлаған болатынбыз. Заманауи тамшылатып суару жүйесі арқылы алманың нававита, фридом, надзейный және беларустық таңқурай сортты төрт түрі өсірілмек. Алманың бұл сорттары ол жақтың аязы мен жеріне төтеп бере алады. Бұл жобаны Атыраудың ауа-райы жағдайында жүзеге асырып та көрген болатынбыз. Бір гектар жерден 20-25 тонна өнім ала аламыз.  Атырау мен Астана қалаларының ауа-райы өте ұқсас келеді. Естеріңізде болса, бұл бақты 2006 жылы Елбасының өзі ашқан еді, біздің алма ағаштарының қалай жайқалып өсіп жатқанын өз көзімен көрді. Енді осы бақта қолданылған технологияның Астанада да бағын сынап көрмекпіз.

– Сөздің шыны керек, көп күтім мен аса мұқияттылықты қажет ететін алма бағын өсіруге көп адам жүрексіне бермейді. Жоба қашан жүзеге аспақ, оның  ерекшелігі қандай?

– Астанаға алма ағашын отырғызуды осы жылдың көктемінен бастаймыз. Күн қалай жылына бастайды, солай іске кірісеміз. Аталған алма сорттарының 1 гектарынан шамамен 20 тонна өнім алынады. Сондай-ақ, мұндай жеміс ағаштары 2-3-ші жылдан соң алма бере бастайды. Ал, көшеттерді Атыраудан дайындаймыз. Қазіргі кездің өзінде Атырауда 150 гектар жерге алма отырғызылды. Одан 400 тонна өнім алып отырмыз.   

Елімізде алма өсіру соңғы кездері ғана қолға алынып отырған жоқ. Қазақстан – алманың тарихи Отаны. Бұған дейін де алманың түрлі сорттары өсірілді. Махамбет ауданының Сарайшық, Жалғансай, Сарытоғай елді-мекендерінің алма бақтары бір кездері республикаға танымал болған.  Сондықтан, бұл жоба өз нәтижесін береді деген ойдамын.

– Аталған жоба аясында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қабылдауында болдыңыз. Алма бағы үшін елорданың қай тұсынан жер қарастырылуда? Жобаның құны қанша болмақ?

Иә, жастар форумынан соң Астана қаласы әкімінің төрағалығымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңеске қатыстым. Астанаға алманың қандай сорттарын әкелетінімді айтып, баяндама кезінде жоспар-сызбамен таныстырдым. Бақыт Тұрлықанұлы аталмыш мәселенің жоспарға енгізілгенін, көпке созбай алма бағын өсіретін жер берілетінін айтты. Ал, жобаның құны әзірге белгісіз. Ол берілген жер мен тамшылатын суару жүйесіне, көшеттердің санына байланысты болады. Жергілікті бағбандар үйренгенше бастапқыда бақты өзім күтемін. Сондай-ақ, бұл жәй бақ қана емес, арнайы орындықтар қойылған саябақ болады деп жоспарлап отырмыз.

Елбасы үнемі жастардың бастамалары мен идеяларына қолдау білдіретіндіктен, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы»  жастар қанаты бұл жобаны да зор сеніммен жүзеге асырады.

Сұхбаттасқан:   Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button