АТЫРАУДА ОҚУШЫЛАР СЫРТ КИІММЕН САБАҚ ОҚУДА

154581747715c2336f7121228.60140225 Жаңалықтар

ИСАТАЙ АУДАНЫНЫҢ ЗИНЕДЕН АУЫЛЫНДАҒЫ Ю.ГАГАРИН АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ СЫНЫПТА СЫРТ КИІММЕН ОТЫРУҒА МӘЖБҮР. ОҒАН БҮГІНДЕ МЕКЕМЕ ҒИМАРАТЫНДА ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ЖҮРІП ЖАТҚАНДЫҒЫ СЕБЕП БОЛҒАН. ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІН СОЛ КҮЙІ БАЯНДАП, ТІЛШІЛЕРІМІЗГЕ ЖҮГІНГЕН АТА-АНАЛАР БАЛАЛАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАУЛЫ

– Балалар қазір қиын жағдайда білім алып жатыр. Мектепте жылу жүйесі қосылғанымен, құбырлар жарылған. Сыныптар да өте суық, сабақ кезінде оқушылар сырт киіммен отырады, осы себепті бірінен соң бірі ауырады. Балаларымызға дұрыс жағдай жасалмағанына қарағанда, бюджет қаржысының толық игерілгеніне күмәніміз бар, – деп жазылған Зинеден ауылы тұрғындарының хатында.

Жолданған бейнежазбаға қарасақ, мердігер мекеме мектеп аумағын қоршап қойған. Бірақ, темір қоршаулар қазірдің өзінде сынып жатыр. Сонымен қатар, бейнежазба авторының айтуынша, оқушыларға мектеп ішіндегі әжетханаға кіруге тыйым салынған. Ал балалар даладағы құлап жатқан әжетханаға баруға мәжбүр. Тұрғындар жөндеу жұмыстарының сапасына да көңілдері толмайтынын айтты.

– Мектепке сапасыз линолеум төселген. Оны біздің шағымымыздан кейін ғана ауыстырды. Жөндеу мәселесі бойынша өткен жиында мектеп директоры ашынған ата-аналарға балаларын алып, ауылдан 6 шақырым жердегі көрші Исатай ауылындағы мектепке орналастыруға кеңес берді, – дейді ауыл тұрғындары.

Бір айтқан соң, бәрін айтайық деді ме, ата-аналар мектептегі балаларды тасымалдайтын автокөлікке қатысты да назын жасырмады. «ГАЗельдің» жүргенінен тұрғаны көп. Көлігі бар ата-аналар балаларын өздері тасиды. Ал, машинасы жоқтар, кезектесіп мотоциклмен апарады» деп өкпесі қара қазандай болған халық қазірдің өзінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке хат жазып қойыпты және мәселенің жақын арада оң шешім табатынынан үмітті. Аталған мәселеге қатысты мән-жайды білмек болып Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директоры Айсұлу Сәтқалиеваға хабарластық.

– Мектеп 2005 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмеген ғимаратқа 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жөндеу жұмыстары тамыз ай[1]ында басталды. Ол негізі жылдың наурыз айына жоспарланған болатын. Осыған байланысты мұнда оқытуға мүмкіндік болмаған соң балалар I және II тоқсанда балабақшаның ескі ғимаратында білім алды. Біртіндеп сыныптардағы жөндеу жұмыстары біте бастаған соң, оқушылар мектепке ауыстырылды. Иә, жылыту мәселе сі болғаны рас. Бірақ, балалар тоңды дегенге келісе алмаймын. Олардың сыныптары жылытылмағандықтан, оқушыларды екінші қабаттағы басқа кабинеттерге ауыстырдық. Ал, әлеуметтік желіде тарап жатқан бейнежазбалар, менің ойымша, шаруасы жоқ адамдардың ісі секілді. Олардың ішінде ата-аналар да жоқ. Мектептің жөндеу жұмыстары – ауыл әкімі мен аудандағы басқа да жауапты қызметкерлердің ерекше бақылауында, – дейді мектеп директоры.

Бұл деректі Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсұтов та растады.

«Жылу мәселесінде қиындықтардың болғаны рас. Бірақ, жылу жүйесіндегі ақаулық қазірдің өзінде қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары тамыз айында басталып, күні бүгінде жалғасуда. Алғашында балалар басқа ғимаратта оқыды. Мектептің бір бөлігі жөндеуден өткеннен кейін олар қайтадан мектепке ауыстырылды» деді ол.

Аталған мәселеге қатысты облыстық білім беру басқармасының басшылығы түсінік берді.

«Ю.Гагарин атындағы орта мектепте төбе жабындысының, спорт залының қабырға сылақтарының, кәріз жүйесінің, есік-терезелердің әбден тозуына байланысты күрделі жөндеу жұмыстарына техникалық сараптама жасақталып, 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Жөндеу жұмыстарына 2021 жылдың көктемгі бюджет нақтылауында республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Былтырғы тамыз айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде» делінген басқарма жолдаған хабарламада.

Басқарма басшылығының айтуынша, жылу беру маусымына дейін мектеп ғимаратының шатыры ауыстырылып, ішкі жұмыстары жасалыпты. Жылу жүйелері жаңартылып, пайдалануға берілген. Жөндеу жұмыстары барысында анықталған жылу жүйесіндегі ақаулықтар да реттелген. «Қазіргі уақытта оқу бөлмелерінің температурасы 20 градус жылылықта. Мектептің ішінде 1, 3 қабаттарда ұлдарға және қыздарға арналған үш нүктеден 6 әжетхана жұмыс жасап тұр. Әлеуметтік желіде жарияланған сырттағы әжетхана мердігер мекеме жұмысшылары үшін уақытша салынған.

2021 жылға жоспарланған жұмыстардың жыл аяғында толық аяқталмауына байланысты 10,5 пайыз қаржысы қалдырылды. Бөлінген қаржысы 197 977,0 теңге. Құрылысқа рұқсат талоны 2022 жылдың 4-ші наурызына дейінгі мерзімге жұмыстарын жүргізуге берілген. Сырттағы кәріз жүйесінің лас су жинау қазандығы, сыртқы темір қоршаулары мен тас төсемдерінің қалған бөлігі және шағын аяқдоп алаңының төсемдері, спортзалдың еденінің жұмыстары әзірге бітпеген» дейді басқарма басшылығы

СОНДАЙ-АҚ БАСҚАРМА ХАБАРЛАМАСЫНАН КЕЛІСІМШАРТҚА СӘЙКЕС, 2021 ЖЫЛДЫҢ ТАМЫЗ АЙЫНДА БАСТАЛҒАН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ 9 ЖЕЛТОҚСАНҒА ДЕЙІН АЯҚТАЛМАҒАНДЫҚТАН, ШАРТТЫҢ КҮШІ ЖОЙЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ АУДАНАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОТЫНА ТАЛАП АРЫЗ ЖОЛДАНҒАНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз