Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...Жаңалықтар

COVID-19: Коронавирус пен пневмония өкпеде дақ қалдыра ма?

Atr.kz/30 қазан, 2020 жыл. Ұлттық кардиохирургия орталығының радиология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан радиологиялық қоғамының вице-президенті Тайырхан Дәуітов коронавирус пандемиясы кезінде қалай жұмыс істегендерін, компьютерлік томографияның қаншалықты тиімді екенін айтып берді.

«Коронавирус инфекциясы анықталған наурыз айында науқастар көп болған жоқ. Нағыз шарықтау шегі – мамыр, маусым, шілде айларында болды. Онда көптеген клиникалар және провизорлық орталықтар екі ауысыммен жұмыс істеп жүрді. Ал қала сыртындағы туберкулезге қарсы фтизиопульмоногиялық орталық тәулік бойы жұмыс істеп тұрды. Мұндай сұраныстың басты себебі – компьютерлік томографияның өкпе ауруларын анықтаудағы тиімділігі деп есептеймін. Себебі коронавирустық инфекцияның алғашқы сатысында рентген ештеңе көрсетпейді.

Халықаралық деңгейде мойындалған әдіс – компьютерлік томография болды. Бір қызық дерек, Қазақстан радиологтар қоғамы – Еуропа қоғамының, Азия және Тынық мұхиты радиологтары қоғамының мүшесі. Солармен форум жасағанда, Азия елдерінің барлығында маусым-шілде айларында КВИ науқастары көбейгенін білдік», — деді дәрігер.

Дәрігер компьютерлік томография мен рентгендік тексерудің айырмашылығын түсіндіріп берді.

«Жоғарыда атап өткенімдей, өкпе ауруларын анықтаудағы халықаралық мойындалған әдіс – компьютерлік томография болды. Оны халықаралық радиологтар қоғамы, МАГАТЭ мойындаған. Ал рентген профилактика үшін қолданылады немесе ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқандарды компьютерлік томографияға апара алмаған жағдайда ғана қолданады. Өкпенің неше пайызға зақымдалғанын рентген емес, компьютерлік томография көрсете алады.

Сосын компьютерлік томографияның дозалық жүктемесі өте төмен. Адамдар радиация деп қашпауы керек. Кез келген адам ұшаққа мінгенде жылына 2-3 миллизиверт алуы мүмкін. Компьютер де сондай доза, тіпті одан да аз болады. Мәселен, онкологиялық науқастар жылына 1-2 рет тексеруден өтеді. Одан ағзаға зақым келмейді. Тиісінше, жылына неше рет түсуге болады деген ұғым жоқ. Дәрігерлер тексеріп, дене қызуы, ентігу және өкпеден сырыл естілсе, компьютерлік томографияға жібереді», — деп түсіндірді Тайырхан Дәуітов.

Сонымен бірге, маман «КВИ, пневмониямен ауырғандардың өкпесінде із қала ма?» деген сұраққа жауап берді.

«Компьютерлік томографиядан көрінуі мүмкін. Бірақ қайта тексеруге келген науқастардың көпшілігінде өкпе 1-2 айдан кейін ізсіз жазылып келеді. Бұл жерде ілеспе аурулар өте көп ықпал етеді. Бронхит, ХОБЛ, қант диабетімен ауыратындарда коронавирус инфекциясынан кейін із қалуы мүмкін. Ал денсаулығы жақсы адамдардың өкпесінен тіпті компьютерлік томографиямен де ешқандай із көрінбейді. Науқасты аман алып қалу да осы ілеспе ауруларға тікелей байланысты. Көп жағдайда иммунитетті түсіретін қант диабеті, онкологиялық ауруы барлар қайтыс болды», — дейді дәрігер.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сәйкес, 100 мың халыққа 1 компьютерлік томография болуы қажет.

«Елордада 1 млн халыққа оншақтысы жетеді деген сөз. Ал бізде Нұр-Сұлтан қаласында жеке клиникаларды қосқанда, 20 компьютерлік томография бар. Қазақстан бойынша 170 компьютерлік томография. Демек, олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқан», — деді Т. Дәуітов.

Сөз соңында дәрігер коронавирус пен пневмониядан қорғану бойынша тұрғындарға кеңес берді.

«Коронавирустың тағы бір толқыны келсе де, жеңіл өтеді деп ойлаймын. Өйткені адамдар көндікті, баяғыдай дүрлікпе жоқ. Маска, дезинфекциялық режим сақталуда. Ең бастысы, имунитет пен психологиялық тұрғыда мықты болу керек. Адамның үрейге берілуі де иммунитетке тікелей әсер етеді. Ілеспе аурулардан сақтану керек.

Сосын қонақ пен тойдан әлі де тартынуымыз керек. Біз тойшыл халықпыз. Карантиннен аман-есен шықтық, жуайық деген әңгімені қою керек. Енді коронавирус келмейді деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Кей елдерде қорғаныс киімдері, маска тағу тұтас мәдениетке айналып кетті ғой. Біз де жеке гигиена мен оқшаулануды ұстансақ, дәрігерлерге көп көмектескен болар едік», — дейді дәрігер.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button