АЛҒАШҚЫ КӨМЕК КЕРУЕНІ

Атыраудан Қарағандыға аттанды

Қарағанды облысындағы көктемгі су тасқынынан орын алған апатты жағдай кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Арқадағы ағайынның басына түскен қиындықты бөлісіп, көмек қолын созуға ниет білдіргендердің қатарында атыраулықтардың да барын айтқанымыз ләзім. Табиғат қиындығынан зардап шеккендерге қолұшын беріп, жәрдемдесу мақсатында біздің облысымыздан алғашқы қайырымдылық көмек керуені ұйымдастырылып, жексенбі күні ертеңгісін Атыраудан Қарағандыға аттанып кетті.

 

Осы ізгілікті шараның басы-қасында жүрген аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, бұл күні бірінші кезекте қажетті азық-түлік және тұрмыстық тауарлар, төсек-орын мен киім-кешек, төсеніш, т.б. заттар жіберілген. Соның ішінде, астық, шай, қант, май, макарон өнімдері, күріш тәрізді тағам түрлерін көбірек жіберуге (жалпы салмағы 70 тоннаға жуық) көңіл бөлінген.

Облыс әкімдігі мен шаһар басшылығының Қарағанды жұртына қолұшын беру жөніндегі бастамасына үн қосып, белсенді атсалысқандардың санатында қаламыздағы «Дина», «Мұрагер», «Насиха», «Көктем» базарлары, «Атаба», «Идеал», «Лидер» супермаркеттері, өзге де көптеген сауда орындары  мен кәсіпкерлік нысандары аталды. Игі іске үлес қосуға ынталылардың қатарында жекелеген тұрғындар мен еріктілер тобының бары мәлімделді. Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің ұсынысын құптаған атыраулықтардың алдағы уақытта қарағандылықтарға материалдық қолдау көрсету мақсатында бір күндік еңбекақыларын аударуды ұйғарғандығынан да хабардар болдық.

Аманшылық болса, Атыраудан Арқа өңіріне аттанған алғашқы көмек керуені (жетекшісі «Арнаулы көлік базасы» КМК директоры Мұратбек Маханов) ертең, сәрсенбінің сәтінде мақсатты жеріне жетпек.

Дәулетқали  АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз