Атырау облысында ауылшаруашылығын суару жаңа мөлшерлемемен субсидияланатын болды

IMG 1867 17 05 17 10 34 Жаңалықтар

Кеше, жұмыс сапарымен мұнайлы мекенге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев келіп, жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті.

IMG_1867-17-05-17-10-34

Жиын барысында көтерілген мәселелердің бірі егіс алқабын суару үшін берілетін субсидия көлемі болды. Шаруагерлер аймақ климатының ерекшелігін ескере отырып, бір текше метр судың бүгінге мемлекет тарапынан субсидияланатын 50 пайыз мөлшері жеткіліксіз деп есептейді. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап айтты.

– Елбасының экономиканы әртараптандыру бағытында жүктеген міндеттерін орындай отырып, біз ауылдағы кәсіпкерлікті табысты, жайлы әрі барынша қолжетімді ету мақсатында бар күшімізді салудамыз. Жасыратыны жоқ, суаруға жұмсалатын әр текше метр судың құны өзге өңірлерге қарағанда қымбат. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министріне Атырау облысын субсидиялау шарттарын қайта қарауға ұсыныс жасадық. Министр бізді қолдап, келесі жылы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге субсидиялау көлемін 85 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр, – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде Тимур Құлыбаев әр облыстың өзіне тән ерекшілігіне тоқталып, ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты  жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, бизнеске жайлы орта қалыптастыру екендігін атап айтты.

IMG_1866-17-05-17-10-34

Биыл Атырау облысында егіс алқабын 8327 гектарға дейін арттыру жоспарланды. Оның ішінде 2300 гектарға тамшылатып суару әдісі қолданылмақ.

Өсімдік шаруашылығын өркендету бағытында аймақта төрт бағдарлама бойынша субсидиямен қолдау жүзеге аспақ. Ол үшін жергілікті бюджеттен 208,2 млн. теңге қаралмақ. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығына дән алу үшін облыс бюджетінен 20 млн.теңге бөлінді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз