Болашаққа үмітті оятты
Сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндер тегін ем қабылдайды
Атырауда сал және басқа да нейроортопедтік ауруларға шалдыққан 260 балаға уақытылы және сапалы реабилитациялық көмек көрсету мақсатында жұмыс жасайтын «Дені сау балалар» жобасы жөнінде баспасөз-конференциясы өтті.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қоғамдық мекемелерге арналған қайырымдылық, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мақсатында байқау жариялады. «Болашақ К» қоғамдық қоры сол байқауда жеңімпаз атанып, «Дені сау балалар» атты жобаны Атырау облысы бойынша басқару және жүзеге асыруды қаржыландыруға ие болды.
Жобаның мақсаты – церебральды сал ауруы – жүйке, тірек-қимыл қозғалыстарында ақаулары бар 260 балаға сапалы, кешенді, оңалту көмектерін көрсету.
— Атырау облысында 800-ден астам бала церебральды сал ауруына шалдыққан. Аталған дерт нәрестенің миы ауыр зақымдалып, ақыл-ойы және қимыл-қозғалыстары бұзылатын күрделі аурулардың бірі болып саналады. Осы ауруға ұшыраған науқастардың аяғына тұрып кетіп, қалыпты өмір сүруі үшін ұзақ, жүйелі оңалту жұмыстарын жүргізу қажет, — дейді «Болашақ К» қоғамдық қорының директоры Жібек Бисенова.
Бүгінгі күні елімізде республика мен өңірлер деңгейінде бірнеше оңалту-сауықтыру орталықтары бар. Бірақ, балаларға оларға барып емделуге жылына тек қана бір рет мүмкіндік беріледі және онда да кезек күтуге мәжбүр. Осы мақсатта «Болашақ К» қоғамдық қоры жүзеге асырып отырған жоба церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға сапалы көмек беруге арналып отыр.
21 күндік оңалту курстары жүргізіледі. Әрбір курстың құрамына мультидисциплинарлық команданың кеңесі өткізіледі. Аталған команданың құрамында дәрігер-реабилитолог, дәрігер-невропатолог, логопед, эрготерапевт, дефектолог, психолог мамандар бар. Олар кеңес беріп, зерттеу өткізіп, коррекциялық-түзеу сабақтарын, емдік дене-шынықтыру, сылап-сипау, физиоемдік әдістерін жүргізеді. Тамыз және қыркүйек айларында оңалтудың екі курсынан 49 науқас кешенді медициналық, педагогикалық, психологиялық сауықтырудан өтті. Айта кетсек, соның ішінде 27-сі – Лесхоз шағынауданындағы ақыл-ойы кем балалар интернатының тәрбиеленушілері. Жүргізілген ем-домдар нәтижесінде науқас балалардың қимыл-қозғалыстары, бұлшық еттерінің физиологиялық жағдайдағы күш-қуаты дұрысталып, тырыспа буындарының сіресуі азайып, қозғалу көлемдері ұлғайған.
Абай Абылайұлы