АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

оның біздегі ахуалы қандай дәрежеде?

Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі туралы мәселе соңғы кездері мінберлерден жиі көтерілетін болды. Онымыз орынды да. Әйтпесе, тұтас мемлекеттің, ұлттың болашағы тікелей байланысты осы бір салада ұтқанымыздан, ұтылғанымыз көбейіп тұр. 

 

Қазақстандық үлес – алты пайыз

«Ақпарат – идеялар ағыны. Ал, біздің елге жат пиғылдағы идеяларға тек иммунитетті идеямен ғана тойтарыс беруге болады. Және ол бір күннің шаруасы емес. Бір ақпаратты теріске шығару үшін кейде ондаған жылдар қажет болады. Мысалы, «Қазақстанда шекара болмаған» деген ақпаратты жоққа шығару үшін том-том кітап жазып, кино түсіріп, талай мақала жазылуы керек шығар» депті белгілі саясаттанушы Айдос Сарым журналистерге берген сұхбатының бірінде.

Орынды сөз. Бірақ, сол иммунитетті идеяны тарататын отандық ақпарат құралдарының Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі үлесі жеткілікті деңгейде ме екен? Айтуға ұят. Бірақ, осы кеңістіктегі қазақстандық ақпараттың үлесі алты пайызды ғана құрайды. Ақпараттың 94 пайызы сырттан келіп отыр. Бір ғана Ресейдің 5862 баспа өнімдері біздің елімізде емін-еркін  тарап жатыр. Қазақстаннан шығатын газеттің саны 1619-ды ғана құрайды. Ойына келгенді жазып, улы идеологияларын кейде ашық, кейде астыртын насихаттап жатқан шетелдік ақпарат нөпірін қазақстандық алты пайыз үлеспен жеңіп шығуға болады дегенге сену қиын. Ал, қазақстандық ақпарат құралдарының ішкі идеясы, мазмұны қаншалықты бір мүддеге тоғысады, ол өз алдына бөлек әңгіме.

Тілдік орта маңызды

Осы мәселелерді Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылға қойғанымызда, жанайқайға толы жауап алдық. «Қазақстанды» қоспағанда, «Хабар», «КТК», «СТВ», «31 арна», «Астана Тв», «7 арна» сынды телеарналар аптасына 700 сағат басқа тілде хабар таратады. Жағдай осылай болып тұрғанда, ұлттық мәдениет, салт-дәстүрімізді қалай халыққа насихаттай аламыз?» дейді депутат.  Қазақтың саны 70 пайызға жеткенін атап өткен пікірлесіміз алпыс та қырық саясатын ұстанып, қазақ тілінде ақпарат таратуға басымдық беретін уақыт келгенін айтты. «Елбасының жарасымдылық қалыптастыру туралы бастамасын қазір біз алаулатып, жалаң ұранға айналдырып алып отырмыз. Шын мәнісінде, қоғамдағы үйлесімділік пен жарасымдылыққа ортақ тіл арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан, қазақ тілінің үлесін экономикада, әлеуметтік салада, саясатта бірте-бірте ұлғайта түсуіміз керек. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік үлесті арттыруымыз қажет. Сұйылып бара жатқан ұлттық қасиеттерімізді алдымен ақпараттық кеңістіктегі тілдік үлес арқылы қайтарып алуға кіріспесек, ұлт болашағында ұтылуымыз мүмкін» дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл. 

Шекарадағылар  неге шет қалады?

Осы жерде оқырман назарын мына бір мәселеге аударғымыз келіп отыр. 2009 жылдың желтоқсанында Сенат депутаттары Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне байланысты парламенттік тыңдау өткізу туралы мәселе көтерді. Сенатор Қуаныш Айтаханов оңтүстіктегі Өзбекстанмен шекара маңында қоныстанған 700 мың халықтың отандық ақпаратпен қамтамасыз етілмей отырғанын сөз еткен болатын. Депутат Светлана Жалмағамбетова да «Солтүстік облыстағы бірқатар аудандарда спутник арқылы таралатын арналардың бірінде Қазақстан туралы теріс ақпараттар таралып, тіпті лаңкестік әрекеттер туралы да айтылатын көрінеді» деп, өзекті мәселенің шетін шығарған еді.

Шекара маңындағы өңірлердің идеологиялық мәселеден алшақ, өз елінде болып жатқан оқиғалардан бейхабар  өмір сүруі – сайып келгенде, үлкен қауіп. Бұл – тәуелсіздік жылдарында шетелдік идеологияға ерушілердің еріктілер легінің алғашқы толқыны қалыптасып үлгерді деген сөз. Өкінішке орай, сыздауыққа айналған осы бір мәселе 2009 жылдан бері талай су ақса да, толыққанды шешімін таппай келеді.

Б. Атайманқызы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз