Жарнама
Жаңалықтар

Біз білмейтін Шонаев

Оңай Нұрымбайұлы Шонаев 1912 жылдың 15-ші наурызында Бақсай (қазіргі Махамбет) ауданының Сорочинко селосында (бүгінгі Аққайың ауылы) дүниеге келген.

Қаламы мен қайратын елге арнаған

 Ол 1919-1926 жылдары осы ауылдағы 7 жылдық орыс-қазақ мектебінде оқып, оны бітіргеннен кейін, жанұя жағдайына байланысты жергілікті кәсіпкердің шаруашылығында кіші жұмысшы, кейін Сорочинко балық қабылдау пунктінде жұмысшы болып еңбек еткен. Гурьев қаласындағы педагогикалық техникумды оқып бітіріп, Гурьев аудандық оқу бөлімінде нұсқаушы, Гурьев аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, қызыл армия қатарында взвод командирінің көмекшісі, командирі қызметтерін атқарады. Гурьев ауданының Таңдай селосында орналасқан №8 «Гурьев» қаракөл совхозы саяси бөлімінде көп таралымды «Социалистік қой шаруашылығы» газетінің редакторы (10.1937-06.1938) болады. Бұл газетте ол әдеби қызметкер, кейін Ұлы Отан соғысында атқыштар батальонын басқарған Басар Иманалиевпен иықтасып қызмет жасайды.    

Осы жерде айта кететін жәйт – 1938-дің қаңтарында Батыс Қазақстан облысынан Гурьев округі өз алдына бөлек шығып, облыс болып құрылады. 1928-1930 жылдардағы Жаманқала ауданы – Бақсай ауданы болып қайта өмірге келгенде, оның аудандық газеті осы совхоздың Мәскеудегі КСР халық комиссариатынан алдырған баспаханасында 1945 жылға дейін басылған. Оның баспасөзге деген сүйіспеншілік ынтасы артты. Жоғарғы билік өкілдерінің тапсырмасына сәйкес, ауданның саяси-әлеуметтік дамуына бел шеше кіріскен білімді жігіт уақытпен санаспай осы салаға да басшылық жасайды. Сөйтіп газеттің бетінде жарияланған материалдардың идеясы жоғары, емле жағынан өте сауатты, сыртқы-ішкі көркемділігі көз тартарлықтай әдемі басылып шығуын қамтамасыз етті. ҚК(б)П Бақсай аудандық комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүріп, О.Шонаевтың қазіргі Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің іргетасын қалаушы, яғни осы газетті алғаш ұйымдастырушы екендігін бөле айтамын.

Майданға мұнай,  халыққа рух берген шақ

Ол кезде халықаралық жағдай ушығып тұрған еді. Ел соғыс жағдайында өмір сүрді, сондықтан бұқара арасындағы саяси-үгітке айрықша мән берілді. О.Шонаев газетпен бірге бұқара арасында саяси үгітті жан-жақты жүргізуде жергілікті радиохабарлар ұйымдастыруға да көп көңіл бөлді. Радио ол кезде байланыс құралының ғана емес, саяси хабардың, бұқараны тәрбиелеудің де құралы болды.

Ұлы Отан соғысы басталысымен Бақсай ауданының еңбекшілері барлық күшті жауды жеңуге жұмылдырды. Бүкіл халық ел қорғау жұмысына кірісті. Тылда да үлкен майдан жүріп жатты.

Соғыс жүріп жатқанда халықтың сол кездегі адамзаттың қас жауы саналған сұм фашистерге деген өшпенділігі арта түсті. Осы тұста қалың бұқара арасындағы үгітті күшейте түсуді уақыттың өзі талап етті. Күллі үгіттің бәрі бірдей тылды нығайту ісіне, жауды талқандауға, қалың бұқараны жұмылдыруға бағытталды.

Сұрапыл соғыс кезінде майданға мотормен жүретін техникалар үшін мұнайды көптеп өндіру міндеті тұрды. Сол кездегі мұнайлы аймақ – Кавказ соғыстың зардабынан өнім бере алмай қалды. Осылайша Қазақстан мұнай мен оқ жасаудың берік тылына айналды. Осы міндет биігінен жоғары сенім көрсетіліп, жоғарғы партия ұйымдары О.Шонаевтың қызметін облыстың мұнайлы аймағына ауыстырады. Гурьев облыстық партия комитетінің 1941 жылы 11 қыркүйектегі шешімімен ол ҚК(б)П Мақат аудандық комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады.

Журналистен – жауынгерге

Мақат ауданында да О.Шонаев бар күш-жігерін қалың бұқара арасындағы саяси жұмысқа арнайды. Майданға қажетті мұнайды көптеп өндіру үшін мұнайшыларды қанатты сөздермен жігерлендірді.

Бірнеше рет өз еркімен майданға сұрануымен ақыры 1941 жылдың 5-желтоқсанында жұмысшы-шаруа қызыл армиясы қатарына алынып, Ақтөбе қаласында жасақталған 101 Қазақ дербес атқыштар бригадасының 1-дербес атқыштар батальонының комиссарына политрук (аға лейтенант) шенімен тағайындалады. Содан 1942 жылғы қазан айының басында Мәскеу маңындағы Ржев қаласы үшін шайқасқа кіреді. Оның алдында аға политрук (капитан) шені беріліп, осы бригада штабының комиссарына жоғарылатылған болатын.

1943 жылдың наурызында Мәскеуден Ташкентке көшірілген М.Фрунзе атындағы әскери академияны 30 айдың орнына 10 айда мерзімінен бұрын 1944 жылдың ақпанында майор шенімен бітіреді. Наурыз айының басында майданға кетіп бара жатып, Ташкенттен Жаманқала селосындағы жанұясына 10 күн аялдайды.

Бүгінде Алматы қаласында тұратын, ара-тұра телефон арқылы хабарласатын жалғыз ұлы Аманқос Оңайұлының айтуынша, офицер әкесі – әскери академияны үздік бітірген алғашқы 5 қазақтың бірі.

Әңгіме кейіпкері 1944-тің наурыз айында 3-Прибалтика майданы құрамындағы 86-атқыштар дивизиясы (командирі генерал-майор Сергей Демидов, штаб бастығы полковник Николай Тутуров) штабы бастығының орынбасарлығына тағайындалып, соғысқа қайта кіреді.

Тарту түбіндегі тағдырлы ерлік

Майор Шонаев мамыр айынан бастап әлденеше рет дивизия басшылығына өзін атқыштар батальоны командиріне тағайындап, алғы шепке жіберуді өтінгенімен, олар академия бітірген офицерден айрылғылары келмейді. Тағдырдың басқа салғанына лаж бар ма? 1944-тің сәуірінде Эстония аумағын неміс-фашистерінен азат ету жолындағы алапат ұрыстарда дивизия көптеген жауынгерлері мен офицерлерінен айырылуға мәжбүр болды.   

13-тамызда дивизияның 330-полкі (командирі гвардиялық подполковник Михаил Поскряков) штабының бастығы, капитан Василий Муквичый ерлікпен қаза табады. Дәл сол күні дивизия басшылығы майор Оңай Шонаевты оның орнына тағайындайды. Жерлес аға офицер бар болғаны екі апта ғана бұл қызметті білікті атқарып, ол да қаза болады.

25-тамызда кешке таман 330-атқыштар полкі дивизияның алғы шебінде шабуылдаумен Эстонияның Тарту қаласының жартысын басып алады. Полк штабы сол қала ішінде полк командирінің басқару пунктінен 1,5 шақырымдағы екі қабатты үйге орналасып, өз міндетін атқарып жатқан сәтте фашистердің 15-ке тарта барлаушы  автоматшысы полк штабының координатын анықтап, оны басып алып қана қоймай, оның ресми туын иеленбекші болады (туынан айрылған полк таратылады). Сол кезде майор Шонаев аз ғана жауынгер-офицерлерімен қорғанысты өзі ұйымдастырып, алға шығады. Абырой болғанда, неміс автоматшылары түгелімен жойылып, Ту мен штаб аман қалады. Бірақ, өкініштісі, штаб бастығы жаудың бес оғынан ауыр жараланады. Оны дивизияның 14 дербес медициналық-санитарлық батальонының госпиталіне полк комсомол комитетінің секретары, кіші лейтенант Валентин Одиноков жеткізуді ұйымдастырады. 

Госпитальда оны дәрігер-ординатор медицина қызметінің капитаны Анатолий Викторов (1916) қабылдап алады. Ауыр операцияны медициналық батальон командирінің өзі – медицина қызметінің майоры Николай Бордиков (1917), госпиталь взводының командирі, медицина қызметінің майоры Белла Фукс (1898), операция взводының командирі, медицина қызметінің майоры Василий Демин (1903) жасаған.

Гитлершілдерден Тартуды тартып алған күннің ертесіне, 26-тамызда денесіне өткен бес оқтың екеуі алынбағаннан полк штабының бастығы, майор Оңай Шонаев мәңгіге көз жұмған. Ол 27-ші тамызда қала шетіндегі Раади паркіне құрметпен жерленеді. Бұл рәсімге 330-полктегі қазақтың қарулас үш офицері – семейлік, 3-ші атқыштар батальонының партиялық ұйымдастарушысы, кіші лейтенант Түсіп Құлмағамбетов, қостанайлық, пулемет взводының командирі, кіші лейтенант Қайшыбай Нұрғалиев, біздің Бақсай ауданынан жерлесі, зеңбірек взводының командирі, лейтенант Балқаш Әбілев қатысқан.

Қаралы митингте Құлмағамбетов егіліп тұрып, жүрекжарды жалынды сөздерін айтқан. Сол күннің кешіндегі кезекті шайқаста Құлмағамбетов ауыр жараланып, эвакуацияланған. Пулемет взводының командирі Қ.Нұрғалиев жоғарыда айтылған Шығыс Пруссияның Эльбинск қаласына Б.Әбілевпен бірге шабуылдауда – 1945 жылдың 5-ақпанында самайына мина жарықшағы қадалып, ұрыс алаңында қаза тапқан.

Қанмен жазылған естелік

Бұған дейін осы полкте Бақсай ауданынан қатардағы жауынгерлер Жанқұл Дощанов (1895 жылы 12-ауылда туған), Қази Бермағамбетов (1907, Талқайраң селосы), гурьевтік қатардағы жауынгер Асанғали Әкімов (1901) өздері бір төбедей көрініп еш қаймықпастан жаумен шайқасқан. Ленинград блокадасын бұзып, фашистерді келген жақтары – батысқа шегіндіруде бұл үш жауынгер Псков ауданы аумағында түгелімен оққа ұшқан. Алдымен 11-ші наурызда Бермағамбетов, араға ай салмай, 8-ші сәуірде Оленино деревнясы үшін шайқаста Әкімов пен Дощанов бақилық болған.

Соғыс аяқталып, әскерден оралғасын Балхаш Еділұлы Гурьев қаласының Тухачевский көшесіндегі №-32 үйде тұратын марқұм Асанғали ағасының анасы Сағима шешейге аяқтай барып, көңіл айтқан. Кейінірек Қостанайдағы Қайшыбайдың бауыры Ағайшамен кездесіп, екі жыл бойғы полктес ержүрек офицермен оның өмірі таусылғанша бірге жүргендері, қалай жерленгені жайында айтып берген.

1960 жылдардың ортасында майдангер, партия қызметкері Түсіпқали Мұхамбетов өзінің ауылдасы, майор Оңай Шонаевтың қабіріне екінші мәрте тағзым ету үшін Эстонияның Тарту қаласына барады. Бұл – соғыстан кейін 20 жылдан соң жасалған тағзым болатын. Екі батыр да Батыс Қазақстандағы Бақсай ауданына қарасты Сорочинка ауылында дүниеге келген.

Майор Оңай Шонаевтың майдандағы ерлігі мен қызметі марапат бетшесінде 1944 жылдың 7 қазанында 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталғаны анық жазылған.

Ерлік пен парасаттың үлгісі

Оңай Шонаевтың жары Қадиша Ермұханова – Гурьев педагогикалық техникумының түлегі. Болашақ жұбайымен бірге осы оқу орнын тәмамдап, Жаманқала орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарған. 1939 жылдың 24 желтоқсанында өткен алғашқы еңбекшілер депутаттары сайлауында Қадиша Ермұханова Бақсай ауданының №13 Микоян сайлау округінен, ал аудандық атқару комитетінің төрағасы Тымықбай Шырдабаев №16 Сталин сайлау округінен облыстық кеңестің алғашқы депутаттары атанды. Кейін Қадиша Ермұханова Бақсай аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарған.

Оңай Шонаев пен Қадиша Ермұхановадан Қоңырша, Үміт, Роза, Бағыт есімді төрт қыз бен Аманқос атты бір ұл дүниеге келген. Қоңырша мен Үміт ана жолын жалғастырып, мектепте ұстаздық еткен. Үміт белгілі жазушы Мағзом Сүндетовпен тұрмыс құрған. Роза жастайынан қайтыс болған. Бағыт – білікті дәрігер-хирург. Аманқос – Рига азаматтық авиация институтын үздік бітіріп, Алматыдағы зауытта бас инженер, кейін жоғары оқу орнында проректор қызметін атқарған.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұсыныс ретінде айтарым: Тарту қаласын азат ету жолында ерлікпен қаза тапқан 330-атқыштар полкінің штаб бастығы, майор Оңай Шонаевтың есімі 1966 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) ашылған 330-атқыштар полкі атындағы демалыс паркіне жазылуға лайық. Бұл бастаманы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Ресейдегі Бас консульдігі деңгейінде ұйымдастыру орынды болар еді.

Айта кету керек, осы полкте сол кезде қатардағы жауынгер болған Ресей Федерациясының қазіргі президенті Владимир Путиннің әкесі Владимир Спиридонович Путин де қызмет атқарған. Ол 330-атқыштар полкінің туын қорғаушылардың бірі болған.

Жұмабай ДОСПАНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button