Атырауда жаңа балабақша пайдалануға берілді

a kak vygliadit krasivo2 Жаңалықтар

ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДА АТЫРАУДАҒЫ «КӨКТЕМ» ТҰРҒЫН ҮЙ АЛАБЫНДА ЗАМАНАУИ ЖАБДЫҚТАРМЕН ҚАМТЫЛҒАН БАЛАБАҚША ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ.

– Балабақша – əлеуметтік нысандардың ішіндегі ең маңыздысы, бөбектердің үлкен өмірге жасайтын алғашқы баспалдағы. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. «Шағала» балабақшасынан білімді, тəрбиелі, елінің дамуы үшін аянбай еңбек ететін ұрпақ тəрбиеленеді деген үлкен сеніміміз бар,-деді балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан облыс əкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев. «Игілік» бағдарламасы арқылы игі істерге мұрындық болып жүрген «Теңізшевройл» компаниясының өкілі бұл нысанның Балалар жылы аяқталар тұста бүлдіршіндерге ерекше тарту болғанын атап өтті.

-Біз өзіміз өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан қоғамға осындай пайдалы әлеуметтік жобалар арқылы қолдау көрсететінімізді мақтан тұтамыз. Алдағы уақытта да ел экономикасына, Атырау облысының тұрғындарына пайда әкелетін жауапты әрі сенімді жұмысты жалғастырамыз, – деді ТШО компаниясының стратегиялық жоспарлау бөлімінің бас менеджері Қалибек Мұханов.

Жаңа балабақшаның құрылысы 2021 жылы желтоқсан айында басталып, биылғы қараша айында аяқталды. Ауданы 1749,62 шаршы метр болатын ғимарат бөлмелері балалардың жас ерекшелігіне қарай жабдықталған.

– Бүгінде қала бойынша 109 балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 46 мемлекеттік балабақшада 12 148 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, қаладағы 63 жекеменшік балабақшада 5933 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл жаңа балабақшада 50-ге жуық адам еңбек етпекші. Ал, балалардың кезекте тұру базасы қаңтар айының ортасында ашылады. Жолдама алған ата-аналар балабақша меңгерушісіне келіп тіркелуі керек. Тізім 15 жұмыс күні ішінде қаралады, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шаңгереева.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалада 22 мыңға жуық сәби балабақша кезегінде тұр. Оның ішінде балабақшамен қамтылған, алайда үйіне жақын маңдағы бөбекжайға ауысу мақсатында қайталама кезекке тіркелген 5 мың бүлдіршін де бар.

«Жаңа балабақша 3-6 жас аралығындағы 160 бүлдіршінді қабылдай алады. Екі қабатты ғимаратта түрлі жас санатындағы жеті топтың дамуына қажет құралжабдық бар. Гимнастика және музыка сабақтарына арналған әмбебап зал, спорт жабдықтары мен музыка аспаптарын сақтауға арналған қойма, дене шынықтыру бөлмесі, әмбебап үйірме бөлмелері, оқшаулау бөлімі бар медициналық блок, процедуралық кабинет, физиотерапия кабинеті және басқа да көптеген функционалдық бөлме қарастырылған» деді балабақша меңгерушісі Гүлмира Жанжолова. Жаңа балабақшаның ашылуын көптен күткен «көктемдіктер» де заман талабын асай жабдықталған нысанды аралап, ризашылықтарын білдірді.

– Бес баланың анасымын. Осы шағын ауданнан бір балабақша салынуын ұзақ уақыт күттік. Бүгін қуанышымызда шек жоқ. Ішін аралап көрдік. Қатты ұнады. Бөлмелер заманауи үлгіде жабдықталған. Балалардың қызығушылығын арттырып, танымын кеңейтетін дүниелер де баршылық, – деді көпбалалы ана Ақтолқын Мұқышева.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз